Ұлттық инженерлік академияның бірінші көшпелі отырысының Қызылжар өңірінде өтуі көпшіліктің есінде маңызды оқиға ретінде қалды. Ұлттық ғылым академиясының төрағасы Мұрат Жұрынов, Нәдір Нәдіров, Әбдіразақ Жомартов, Тілектес Есполов, Рахымжан Елешов секілді есімі шетелдерге танымал академиктерді, төралқа мүшелерін Ұлттық инженерлік академияның вице-президенті, техника ғылымдарының докторы, академик Амандық Төлешевтің бастап келуі жиынның салмағын арттыра түскендей болды. Басқосулардың бел ортасында жүрген Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарының өкілдері, ірі агроқұрылымдар мен фирмалардың жетекшілері Ресей мен Әзірбайжаннан келген білікті ғалымдардың да ой-пікірлерін зейін қоя тыңдап, үлкен тағылым алды.
Көшпелі мәжілісті Ұлттық инженерлік академияның конкурстық комиссиясының төрағасы, техника ғылымдарының докторы А.Құлыбаев жүргізіп отырды. Ол Жолдауда шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен өңірлерде тұрақты жұмыс орындарын ашу талаптары қойылғанын, талқылауға осынау маңызды міндеттерді шешу жолдары ұсынылып отырғанын жеткізді. Ұлттық ғылым академиясының төрағасы М.Жұрынов ғылымды қаржыландыру, бұл салаға жастарды көптеп тарту, тұрақтандыру төңірегінде әңгіме өрбітсе, Н.Нәдіров күн, жел энергияларын пайдалану жайын қозғады. А.Құлыбаев құрылыс индустриясының кемшін тұстары мен жетілдіру бағыттарын тілге тиек етті.
Солтүстік Қазақстан облысы.