Егіндібұлақ сияқты Ақадыр да бұрын аудан орталығы болатын. Шет ауданына қосылған соң кент тыныс-тіршілігінің қызуы бәсеңсіп қалды. Тек тоғыз жолдың торабы түйіскен станса саналуынан жұрттың деніне сол демеу болды. Мінеки, енді бертіннен бастап сілкініп, серпіліп, кезіндегі дүрілдеген қалпына еніп келе жатқан түрі бар. Шырайын аша түсуге, тұрмысын көркейтуге жақында облыстық әкімдік пен “Қазақстан темір жолы” ҰК, “Кегок” АҚ және “Астана моторс” компаниясы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы жол салды. Соған сәйкес аталған үш компания кенттің әлеуметтік-экономикалық дамытудың үлкен салмағын өз мойындарына жүктеді. Жергілікті тұрғындардың көбі осы құрылымдар еңбеккерлері болып табылады.
“Қазақстан темір жолы” АҚ мәселен, өз қаражаты есебінен теміржол вокзалын салады. Сонымен бірге оған кірме жолдарды жөндейді, стадионды жаңартады. Теміржолшылардан энергетиктер де қалыспай көшелер мен аулаларды абаттандыру ісіне үлес қоспақ болса, “Астана Моторс” спорттық-сауықтыру кешені мен Мәдениет үйін соңғы үлгідегі киноқондырғылармен жабдықтайды.
Мұның алдында облыс әкімі Серік Ахметов ақадырлықтармен кездесуінде кент өміріне қатысты өзекті мәселелердің шешімін табуға көмектесетінін айтқандай, бұл осы бағыттағы шаралардың бірі. Өңірде жұмыс атқаратын ірі өндіріс ошақтарының әлеуметттік жауапкершілігі мен белсенділігін тұрғындар мүддесіне жұмылдыру жалғасын тауып жатыр.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Шет ауданы.