Кеше ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің мәжілісіне қазақстандық төрағалықтың шақыруымен Америка мемлекеттері ұйымының бас хатшысы (АМҰ) Хосе Мигель Инсульса келіп, сөз сөйледі.
Өзінің сөзінде ол екі өңірлік ұйым арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызын атап көрсетті. Бұл қадам ортақ мақсаттарға негізделген қауіпсіздік проблемаларына қарсы іс-қимылдарды іздестіруде пайдалы болмақ.
“Біздің ұйымдарымыз демократияны дамыту мен заң үстемдігін қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғауды ілгері жылжыту, сондай-ақ пікір бостандығы мен БАҚ еркіндігі мәселелері сияқты бірқатар міндеттер бойынша ортақ көзқарасқа ие, – деді Х.Инсульса. – ЕҚЫҰ мен АМҰ негізгі мақсаты тұрғындарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты мәселелердің кең ауқымын қарастырады”.
Өзінің сөзінде Х.Инсульса екі ұйым өзара үнқатысу жасайтын және тәжірибе алмасатын, атап айтқанда, терроризммен күрес, пікір бостандығын білдіру, сайлауларды бақылау, сондай-ақ жанжалдардың алдын алу мен реттеу бойынша жақсы байланыста екенін қаперге салды. Аталған сала – ЕҚЫҰ мен АМҰ секілді өңірлік ұйымдар БҰҰ-ға ықпал етуде шешуші рөл атқаратын сала екендігін көлденең тарта келіп, бұл ұйымдарды алмастыратын балама жоқ екенін атап көрсетті.
АМҰ бас хатшысы ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің мәжілісінде Ұйымның тарихында тұңғыш рет сөз сөйледі. “Бұл біздердің өңіраралық ынтымақтастыққа мүдделі екендігімізді білдіреді”, – деді Х.Инсульса.
“Біз тұрақты ынтымақтастығымызды, оның ішінде ұйымдарымыздың арасындағы терроризм, есірткі трафигі және ұйымдасқан қылмыс, сондай-ақ адам саудасы сияқты ортақ проблемаларға қатысты байланыстарымызды нығайта түсуді жалғастыруға тиіспіз. Біз бұрынғысынша демократиялық сайлау үдерістерінің тұтастығын нақты кепілдендіріп, сонымен қатар, сөз бостандығы мен біздің азаматтарымыздың құқықтарын қорғауға тиіспіз. Бұл қашанда және қай кезде де мүдделерін қорғауға ұмтылып отырған демократиялық институттардың нығаюына оң ықпал ететін болады. Өйткені, аталған мәселелер негізі біз соншалықты қастер тұтатын ортақ құндылықтарымызда жатыр”.
Америка мемлекеттерінің ұйымы құрамына Солтүстік және Оңтүстік Американың 35 мемлекеті кіреді және әлемдегі аса байырғы өңірлік ұйым болып табылады. Оның тарихы 1890 жылғы Панамерикалық одақтан бастау алса, ол 1948 жылы АМҰ болып қайта құрылған болатын. Америка Құрама Штаттары мен Канада ЕҚЫҰ-мен қатар, АМҰ-ға да мүше мемлекеттер болып табылады. Ал ЕҚЫҰ-ға мүше басқа көптеген елдер Америка мемлекеттері ұйымы жанындағы тұрақты байқаушылар мәртебесіне ие.
Тұрақты кеңес ЕҚЫҰ-ның шешім қабылдайтын негізгі органдарының бірі болып табылады. Ол Аустрияның астанасы – Вена қаласында апта сайын шақырылып, онда ЕҚЫҰ жауапкершілігі аймағындағы оқиғалар талқыланады және олар бойынша тиісті шешімдер қабылданады.
Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, “Егемен Қазақстан” – Венадан.