РЕФОРМА КҮШІНЕ ЕНДІ
Франция парламентінің сенаты үкімет ұсынған зейнеткерлік реформасын бекітті. Оны қолдап 177 сенатор дауыс берсе, қарсы болғандар – 151. Он адам қалыс қалған. Бұл мәселені талқылау 143 сағатқа созылыпты. Енді француздар зейнетке 62 жастан шығатын болады.
Заң бекігенімен, оған қарсылар күресін тоқтатар емес. Кәсіподақ басшылығы қарашада да жалпы ұлттық қарсылық акциясын өткізуді жоспарлап отыр.
БХУТТОНЫ ӨЛТІРГЕН КІМ?
Бұл сұраққа енді ғана жауап беріліп отыр. Оны Пәкстандағы “Техрик-э-талибан” деп аталатын радикалдық топ жүзеге асырыпты. Қастандықты топ жетекшісі Байтулла Мехсуд деген ойластырған екен.
Пәкстанның бұрынғы премьер-министрі Беназир Бхуттоға қарсы қастандық 2007 жылғы 27 желтоқсанда жасалған еді. Тірі болғанда, президент сайлауында Бхуттоның жеңіп шығатыны күмәнсіз еді. Қазіргі президент Зардаридің жеңісі де оның жұбайы Бхуттоның беделі арқылы келгенін жұрт мойындайды.
БЕРГЕНДІ АЛҒАН ЖӨН
АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Филип Кроули мәлімдеме жасап, Иран үкіметінің Ауғанстан президенті әкімшілігіне айтарлықтай мөлшерде қолма-қол ақша бергенін айыптаумен қатар, оған барғаны үшін ауған басшылығына да өкпе айтқан еді.
Президент Хамид Карзай бұған саса қойған жоқ, алғандарын растады, оған қоса АҚШ-тың өзінен де осылайша қаржы алғанын айтты. Жақсы көршілік ниетпен берген көмектен бас тартпайтынын да аңғартты.
ШИИТТЕР КЕЛІСПЕЙДІ
Сыртқы жаудан гөрі Иракта ішкі діни қайшылық әлдеқайда қауіпті. Исламның екі тармағы – сүниттер мен шииттер әрқашан бір-біріне қарсы әрекет жасап келеді. Кешегі Саддам Хусейннің заманында сүниттер үстем болса, қазір керісінше, билік шииттердің қолында. Аралары араз.
Сауд Арабиясы екі жақты бітістірмек болып, келісім конференциясын өткізуді ұсынған еді, бірақ оны шииттер қабылдамады.
ЖЕМҚОРЛЫҚ АЗ ЕЛДЕР БАР
Халықаралық үкіметтік емес Transparency Іnternatіonal ұйымы әлем елдеріндегі сыбайлас жемқорлық жөніндегі зерттеулері бойынша қай елде бұл кесапаттың қаншалықты белең алғанын жариялады.
Негізінен бұл дамыған елдерде аздау екен. Ең аз деген он елдің қатарына Дания, Жаңа Зеландия, Сингапур, Финляндия, Шведия, Канада, Нидерланды, Австралия және Швейцария кіреді екен.
ЖҰТ ЖАЛҚЫ БОЛМАЙДЫ
Индонезия халқы қатарынан үш апатқа кезікті. Алдымен өткен аптаның сейсенбісіне қараған түнде Суматра аралында қатты жер сілкінісінен біраз үй қираса, оған қоса Ментаваи аралында жанартау атқылап, одан пайда болған биіктігі үш метрлік цунами жолында кезіккенді талқандап кетті.
Дүние-мүліктің қирап, опат болғаны өз алдына, адам шығыны да айтарлықтай. Ол барған сайын көбейіп келеді. Соңғы деректер 450 деген цифрды алға тосады.
ҚАНІШЕРДІҢ ІЗІ ЖОҚ
Сербия үкіметі босниялық сербтер армиясының бұрынғы командирі Ратко Младичті ұстап берген немесе қайда жүргенін көрсеткен адамға 13,8 миллион доллар сыйақы беретінін хабарлады.
Младич – Босниядағы соғыс кезінде өзінің қандас, бірақ діні бөлек бауырларын аяусыз қырған қанішер. Әсіресе, Сребреница қаласында бір мезгілде 8 мың мұсылманды қырғанын тарих ұмытпайды. Оны соттау үшін Гаагадағы халықаралық трибунал ұстап беруді талап етіп отыр. Алғашында ол Сербияда жартылай ғана жасырынып жүрді. Бұл үшін Еуропалық қауымдастық Сербияны айыптап қана қоймай, бұл елді өз қатарына кіргізбейтінін мәлімдеді. Сол Еуроодаққа кіру үшін енді Младичті ұстап бермек болғанда, оның ізі суып қалып отыр.
АЗАМАТТЫ АЗА ТҰТТЫ
Аргентинаның бұрынғы президенті Нестор Киршнердің қайтыс болуына байланысты бұл елде футбол жарыстарын өткізуге тыйым жасап, ел аза тұтты.
Бұл азаматты аргентиналықтар ерекше қадірлейтін. Соның арқасында оның әйелі Кристина Киршнер де президент болып сайланған еді. Ал алдағы жылы оның президенттік мерзімі біткен соң, Нестор Киршнердің өзі қайтадан сайлауға түспек еді. Және оны жұрт жеңіске жетеді дейтін.
Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.