03 Қараша, 2010

Бұл “Абай” бұрынғыдан өзгеше

470 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Өзінің 85-ші мау­сымы­ның шымылдығын М.Әуе­зов атындағы Қазақ ака­демиялық драма театры М.Әуе­зовтің “Абай” траге­диясымен ашты. Өткен мау­сымның жабылуына қарай тұсауы кесілген спектакльдің осы жолғы көрсетілімі де – премьера. Алдымен әкемтеатрдың ұжы­мы қыркүйек-қараша ай­ларында Көкшетау мен Астана қалаларында гастрольдік сапарда болғанын айта кету керек. Осы­лайша Әуезов театры соңғы жыл­дары республика өңірлеріне шы­ғып, халықаралық театр байқау­ларына қатысып, гастрольдік сапарларды жандан­дыруға күш салуда. Ал “Абай” трагедиясын театр өз тарихында үшінші рет сахналап отыр. Алғашқы қойы­лымдар барысында үнемі түзе­тулер мен өзгерістер енгізіліп жатқан “жаңа” Абай туралы әңгіме келер күн­дердің еншісінде. Спектакльдің қоюшы-режиссері осы театрдың директоры әрі көркемдік жетек­шісі Есмұхан Обаев. Басты рөлді екі құрамда Ерлан Біләлов пен Азамат Сұрап­баев ойнайды. “Абай” трагедия­сының қойы­лы­мына театрдың барлық талант­ты жастары тар­тылған деуге болады. Жаңа маусымның тағы бір жа­ңа­­лығы – Н.Гогольдың “Үй­лену” ко­медиясының тұсауы кесіл­ді. Бұл спек­такль алғаш рет Әуезов теа­трын­да Н.Жантөриннің ре­жис­сер­лығымен 1961 жылы қойылған екен. Көрермендердің жаңа буы­нына аталмыш комедия­ны мәскеу­лік режиссер В.Захаров тарту етіп отыр. Театрдың соңғы жылдары тағы бір қаймағы бүзылмай келе жат­қан дәстүрі бар. Ол – көктемде өтетін жаңа қойылымдар фести­валі. Жыл басында 15-ші рет өт­кен өнер мерекесі ХХ ғасырдың ұлы актрисасы С.Май­қанованың рухына арнал­ған болатын. Келесі фестиваль кеше ғана көз жазып қалған Фарида Шәріпова сынды ғажайып актрисаны ұлықтайтын болады. Қысқасы, Әуезов театры өзінің мерейтойлық маусымына бірқатар жаңа спектакльдермен келіп отыр. Бүгінде театр репертуарында 42 спектакль болса, оның 12-сі  классикалық туындылар. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы. _______ Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.