Мәссаған!_______________________________________________________________________________________________
Жезқазғандағы №11 мектеп ғимараты жасы жағынан шаһардан да үлкен деуге болады. Ол одан екі-үш жыл бұрын ірге көтерген. Дәлірек айтқанда, өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында, яғни қала атала қоймаған кезінде отау тіккен оқу орны. Содан бері 60 жыл өте шыққанымен, сол қалпынша қашанғыдай шәкірттерге құшағы ашық.
Қалай болғанда да алпыстың аты — алпыс. Бұрынғы сән-салтанат ізі жоқ. Әбден тозған, іші-сырты қалай жөнделсе де көнбейтіндей, күндердің күнінде жалп етіп құлап түсердей. Сондықтан оқытушылар мен оқушылар сабақтарды үрейленіп бастап, үрейленіп аяқтайды. Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылаушылар биылғы мамыр айында оның апатты жағдайда екенін ескерткеннен кейін қауіп тіпті күшейген. Бәлки, жаңа оқу жылына дейін соған байланысты тиісті шара қолданылар деген үміт орындалмады. Төбесі шытынаған, қабырғасы жарықшақтанған, едені сықырлаған мектеп сол күйінде қалып, лаждары не, оқушылар көз жұмып оқуларын жалғастырып жүр.
Қалалық білім беру басқармасы бұл жайдан хабарсыз емес. Қолдарында жоғарыда аталған ескертпе бар. Мұның үстіне төтенше жағдайлар және алдын алу жөніндегі қалалық комиссия да мектепте сабақ беруді тоқтату туралы талап қойған болатын. Оған да құлақ аспады. Енді бұлар амалсыз сотқа жүгінуге мәжбүр болып отыр. Алда қақаған қыс, құбылмалы көктем. Сот талапкерлер арызын қанағаттандырған жағдайда оқушылар қайда білім жалғастырмақ? Мәселені осылайша ушығуға дейін жеткізген мектеп басшыларының жауапсыздығының салдары алдымен шәкірттерге тиетіні өкінішті.
Жалпы алғанда, осындай күйдегі мектептер аймақта бір бұл еместігін айтпасқа болмайды. Шет ауданының Талды ауылындағы шағын білім ұясының бірнеше сынып бөлмесі де тазалық пен қауіпсіздікті сақтаушы орындардың талабы бойынша жабылуы мүмкін. Солай болғанда ауыл балалары қыста қайда барып, қалай қатынап оқиды?
Рас, өңірде “100 мектеп, 100 аурухана бағдарламасы” аясында біраз жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда бірінші кезекте қандай істер атқарылуы қажеттігіне, нақтырақ атағанда, жаңа мектептердің жағдайы жан-жақты ескеріліп салынуы керек емес пе. Мәселен, бұдан төрт-бес жыл бұрын Нұра ауданының Алғабас ауылында 200 орындық мектеп ірге көтерген еді. Қазір онда 70-тен асар-аспас бала оқиды. Біраз сынып бөлмелері бос тұр. Осылайша болжанбай салына салған, жартысы қаңырап тұрған мектептер әр жерде кездеседі. Керісінше, қолдануы алпыс жылдан асқан Жезқазғандағыдай мектептердің жаңартылуы ұмыт қалуы, “Жол қартасына” енбеуі қайран қалдырады.
Бұл бағдарлама бойынша мемлекеттік тапсырысты орындауға сенім көрсетілген құрылыс ұйымдары ішінде істі белгіленген мерзімде атқарып шықпайтындары аз емес. Мұндай сылбырлықтың салдарынан Балқаш гуманитарлық-техникалық колледж оқушылары да жаңа оқу жылын кеш бастады. Қарағандының “АБДАДИ-құрылыс” фирмасы шартқа сәйкес спорт залын, асхананы жөндеуді және жылу жүйесін ауыстыруды 25 тамызға дейін аяқтауға тиісті болса, ол әлі үзік-созық жүргізілуде. Асығыстық жұмыс сапасына кері әсерін тигізуде.
Облыста мектеп жасына дейінгі мекемелер құрылысы да оншалықты қарқын алмай отыр. “Балапан” бағдарламасы бойынша алға қойылған міндет көңіл қуантарлық-ақ. Бірақ толық іске асатындығына сенімнен гөрі күмән басым. Бастапқыда осы мәселе көтерілгенде қозғалыс байқалғанымен, қазір ұмытыла бастағандай. Қарағанды қаласының өзінде 15 мыңнан астам балдырғанға балабақшалардан орын керек. Мыңдаған ата-ананың көкейін тескен бұл жәйт қашан шешімін табатыны әзірге белгісіз.
Сөйтіп, өмірдің өзі көрсеткендей, мектептер мен балабақша құрылысын жеті рет өлшеп, бір рет пішіп салу, міндетіне берік мердігер ұйымға ғана сенім көрсету қажеттігі сезіледі. Бүгінде бұл салаға қаржылай көмек те жеткіліксіз емес. Соны ең алдымен дұрыс бағыттап, белгілей білу жағы жетіспейді. Ескілері еленбей қала берсе, апатты жағдайдағы мектептер саны көбейе түсетіні хақ. Әрине, бұл жақсы емес.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды облысы.