06 Қараша, 2010

Кәсіптік білімнің биік белесі

808 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Бүгінде дамыған әлем елдері кәсіптік білімнің қажеттілігіне баса мән беріп, өндіріс саласына білікті маман кадрларды даярлап шығару ісін алғы кезекке қойып отыр. Экономиканы әртараптандыруға бағыт ұстаған елімізде де осы орай­да бірқатар пәрменді жұмыс­тар қолға алынып жатыр. Соның бірі кәсіптік мектептерде заманға сай мамандар даярлап шығарудан көрінеді. Бұл ретте Қызылордадағы №6 кәсіптік лицейдегі оқу үдерісін мы­салға алуға болады. Білікті бас­шы, білімді педагог Жұмабай Жәні­беков басқаратын педагоги­калық ұжым қазір 8 мамандық бойынша мамандар тәрбиелеуде. Аталмыш оқу орнының жоғары беделге ие болғаны сондай, онда оқуға тілек білдірушілер конкурс тәртібімен қабылданады. Мұнда бір орынға төрт шәкірттің тала­сатын жағдайы соңғы жылдары жиі ұшырасуда. Оқушыларға сапалы білім беруді жетілдіре түсу мақсатында кәсіптік лицей алдыңғы жылы 21,2 млн. теңгені құрайтын құрал-жаб­дықтар сатып алды. Соның нәти­жесінде оқу шеберханалары қазіргі заманғы станоктармен жабдық­талып, оқушылардың кәсіби ше­бер­лігін шыңдай түсуге мүмкіндік жасалды. Жұмысы ілгері басқан кәсіпорындармен келісім-шарт жасау негізінде оқушыларды өн­дірістік тәжірибеден өткізуді жүйе­лі түрде жалғастырып келе жатқан №6 кәсіптік лицейде қол жеткен толымды табыстар жетерлік. Мұнда оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында 7 шығармашылық топ жұмыс іс­тейді. Соның нәтижесі болар, рес­­публикалық “Алтын диск” бай­қауы­н­ың жеңімпазы информатика пәнінің оқытушысы А.Сыздықова­ның іс-тәжірибесі аймақтағы кәсіп­тік білім беру ордаларына таратылды. Белгіленген оқу бағдарлама­сынан тыс үнемі ізденісте жүретін лицей ұстаздары Г.Мұсаеваның, А.Бидашованың және тағы бас­қаларының оқу әдістемелеріне не­гіз­делген шығармашылық дүние­лері әріптестері арасында жоғары бағаланып, жас мамандардың тәжірибе алмасуына негіз қалады. Қазір бұл жерде мемлекеттік грант есебінен 526 бала білім нәрі­мен сусындауда. Сондай-ақ “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 150 жас маман қысқа мерзімді қайта даярлау курсынан өткен. Жаңа оқу жылының басты ерекшелігі, “Менің Қазақстаным – менің болашағым” атты іс-шара­сы өткізіліп, озық техноло­гияларды пайдалану әдісіне маңыз берілді. Оқушылардың техникаға деген таным-түсінігін кеңейту мақсатындағы мұндай жиынның тағылымдық мәні зор екендігі сөзсіз. Ал шәкірттерге құқықтық тәрбие беру бағытындағы жұмыс­тары да айтуға тұрарлықтай. Республикамызда құрылыс нысандарының саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан құрылыс жұмысына білікті кадрлар даярлау міндетін парызы санаған №6 кәсіп­­тік лицей де аймақ кө­лемін­дегі беделді өндіріс орындарымен әріп­тестік қарым-қатынас орна­тып, сол жерлерде өз оқушыларын өндірістік тәжірибеден өткізуде. Жалпы айтқанда, осында оқуға қабылданғандардың 50 пайызы құрылыс саласының маманы болып шығады. Сөз орайында айта кетейік, биылғы жылдың жазғы демалысында мұнда “Жеткіншек-құрылыс” жасағы ұйымдастыры­лып, лицей оқушылары өздері білім алып жүрген ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізген. Қазіргі кезде мал терісін өңдеу мәселесі күрделі сипатқа ие болып отыр. Соның салдарынан қаншама өнімнің кәдеге жаратылмай қыр асып жатқан жағдайы бар. Деген­мен, көпшілік тәуекел ете алмаған бұл істі іскер басшы Жұмабай Жәнібеков жыл соңына дейін жүзеге асыруды мақсат етіп алдына қойды. Алдымен ол биыл кәсіптік лицейдің жанынан аң және мал терілерін өңдеу мен автомобиль­дерді жөндеу және қызмет көрсету шеберханасының құрылысын салуды қолға алып, аяқтады. Ендігі мін­дет – олардың ішін тиісті құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Сонымен, алдағы мерзімде бұл жерден түрлі деңгейдегі киім үлгі­лерін тігуге нақты жұмыс жасал­мақ. Облыс көлеміндегі кәсіптік білім беру мекемелерінің ішінде тері өнімінен киім тігуді іске асыр­ғалы отырған ұжымның баянды бастамасын өзге білім ошақтары өрге бастырар болса, онда табыс көзінің негізін қалауға жол ашыл­ған болар еді. Өйткені, №6 кәсіптік лицейде қолөнер бұйымдары мен гүл өсіруден түскен қаражат көлемі негізгі ішкі қажеттіліктерді өтеуде. Ж.Жәнібеков бізбен әңгіме бары­сында гүл өсіру бастамасының қалай дүниеге келгенін тілге тиек етті. Осыдан біршама жыл бұрын алғаш рет ол гүл дүкенінен он бес мың теңгеге әртүрлі гүлдерді сатып алған. Бүгінде сол гүлдердің саны артып, құны 2 млн. теңгеге жетіпті. Оқу орнындағы тәжірибелі ұстаздардың көмегімен жасалған оқушылардың туындылары түрлі байқауларда жүлделі орынды енші­леп жүр. Бұл орайда жетекшілердің тындырымды қызмет еткенін атап өткен жөн. Мәселен, өндірістік және оқу-тәрбие жұмыстарын ұйы­м­дастыруда лицей директоры­ның оқу-өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары Қарлығаш Омарова, оқу ісі жөніндегі орын­ба­сары Бибайша Мүслимова, тәр­бие ісі жөніндегі орынбасары Гүл­мира Қалымбетовалар үлгілі істің ұйтқысы болып, жоғарыдағы та­быс­тарға өзіндік үлестерін қосуда. Нарық заманында бәсекелес­тікке жауап беретін өнім өндіру аса қажет екендігі анық. Осы та­лап­тың үдесінен табылу үшін білім ордасындағы ұстаздар шәкірт­теріне үлгілі тәрбие беріп, маман­дықтарын жетік меңгеруіне барлық жағдайды жасауда. Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу ісі кәсіптік лицейде өз жалғасын тауып, ата-аналармен бұл бағыттағы жұмыс бірлесіп атқарылуда. Білім ордасында педагогикалық мониторинг жүйелі түрде жүргізі­ліп тұрады. Оның өзіндік ерекше­лік­тері кестеге сәйкес жүйеленген. Осы бағыт бойынша мұғалімдердің білім деңгейі сарапталып, орын­далуы тиіс жұмыстар бірлесе ат­қарылып келеді. Барлық топтар­дан бақылау жұмыс­тары алынып, қорытындысы шы­ғары­лады. Үл­гірімі төмен оқушы­ларды озаттар қатарына қосу үшін тиісті жұмыс­тар жүргізіліп, нәтижесі ұжым мүшелерінің арасында талқыға салынады. Қазіргі таңда жас мамандарды кәсіби оқытуға арналған қазақ тіліндегі оқулықтардың тапшы екендігі жасырын емес. Сол себеп­ті Жәнібек Омарұлы жауапкерші­лігі зор жұмысты қолға алуды мақ­сат тұтты. Көп ұзамай дирек­тор­дың бастамасымен әр маман­дық бойынша қазақ тіліндегі оқулық­тарды шығаруға байланысты шығармашылық топ құрылды. Топ мүшелері бірнеше техникалық кітаптарды шолып, ондағы ма­ңызды мәселелерге назар аударды. Сөйтіп, “Электромонтер” және “Газэлектрмен дәнекерлеу” атты кітаптары Астанадағы “Фолиант” баспасынан үстіміздегі жылы жа­рық көрді. Ал тағы төрт кітап осы баспада өз кезегін күтіп тұр. Бұлар да жақын арада оқушы­лардың қо­лына тиетін болады. Дирек­тордың мәлімдеуінше, өзге облыстардағы әріптестері аталған кітаптарға қызығушылық танытып, сатып алуға ұсыныс білдірген. Міне, іздене білген ұжымның бере­келі тірлігі осылайша көрініс табуда. – Кеңестік дәуірде кәсіптік лицейлерге тек енжар балалар қа­был­данады деген ұғым қалыптас­қанын бәріміз жақсы білеміз. Бұл түсініктің қазір мәні өзгеріп, жас­тар кәсіптік білім алуға ден қойды. Қазақстанда озық техно­логияларды меңгеру ісі осы жүйеде толық оқытылады. Өз тәжірибе­мізден белгілі болғанындай, шәкірт­тер заманауи техникаларды еркін меңгеруге құлшыныс таны­ту­да. Осы бағыттағы жұмыстарды дәйекті атқару жолында біздің ұжым да аянбай еңбек етіп келеді. Ағаш өңдеу шеберханасынан биылғы жылдың өзінде 1 млн. 250 мың теңгенің өнімі өндірілді. Бұдан басқа ақылы қызметтен түскен қаражатымыз да қомақты. Демек, оқу орнының өз-өзін қамтамасыз етуге толық мүмкіндігі бар, – дейді Жұмабай Жәнібеков. Айтса айтқандай, білім сала­сында мол тәжірибе жинақтаған басшының бастамасымен толымды тірліктер атқарылды. Осы ретте оның еңбек жолына зер салар болсақ, 1974 жылы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген соң алғашқы еңбек жолын Жаңақорған ауданындағы “Түркі­стан” кеңшарында қатардағы мұғалімдік қызметтен бастаған. Одан әрі директордың орын­басары, мектеп директоры болған азамат аудандық білім бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімінің орын­басары қызметтерін абырой­мен атқарады. 2000 жылы облыстық білім беру департаментінің бас­тауыш және орта кәсіптік білім беру бөлімінің бастығына конкурс­тық негізде тағайындалып, кейін облыстық білім басқармасы басты­ғының орынбасары қызметіне жоғарылаған. Сонымен бірге әріп­тестері оны қоғамдық негіздегі об­лыстық техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орынд­ары директорлар кеңесінің төрағасы етіп бекітті. Бұл тектен-тек емес. Жауапкершілік жүгін сезіне білетін ұжым мүшелерімен ортақ тіл табысып келе жатқан азаматқа берілген зор сенім. Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ, журналист. Қызылорда.