Ақтөбе қаласы өркениетке бағыт алған шаһарлар қатарына жатады. Облыс орталығы жыл өткен сайын жаңарып, өсіп-өркендеп келеді. Мұнда сонымен қатар сәулеті келіскен және қалалықтарға қажетті барлық игіліктер болатындай жобалар жүзеге асырылуда. Соның бір дәлелі – жақында қаладағы 11 шағын ауданда төрт қабатты 460 мәшине сыятын жайлы да сайлы автотұрақ пайдалануға берілді. Автотұрақты көп салалы “Нектар” өндірістік кооперативі 16 айдың ішінде салып бітірді. Бұл батыс өңірінде салынған алғашқы көп деңгейлі автотұрақ.
– Бұрын бұл жерде 100 мәшинеге арналған ашық автотұрақ болатын. Қалада автокөлік саны жыл сайын көбейіп келеді. Осы ауданның өзінде 35 мың адам тұрады. Әр үйдің ауласында қаптап тұрған мәшинені көресіз. Бұл қаланың көркін кетіреді әрі көшелерді тарылтып, қозғалысты қиындатады. Германияға барған сапарымда олардағы мәшинелердің осындай автотұрақтарда тұратынын көргенім бар болатын. Сол маған осындай көп қабатты автұрақ салуға түрткі болды. Ал автотұрақ құрылысын үш жыл бойы тек жаз айларында салған себебіміз – қыста құрылыс жүргізу көп шығынды қажет етеді, үнемшілдікті ойлағанымыз еді, – дейді “Нектар” өндірістік кооперативінің директоры Шамиль Каспранов.
Бұл жобаны жүзеге асыруға 245 млн. теңге жұмсалған. Оның бір бөлігі “Центркредит” банкінің несиесі, қалғаны кәсіпкердің өз қаржысы. Жалпы алаңы16 мың шаршы метр төрт қабатты автотұрақта 60 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Мұнда болашақта жөндеу шеберханаларын, доңғалақ ауыстыру, электр цехтарын және қосалқы бөлшектер сататын дүкен, басқа да тұрмыстық қызмет орындарын ашу көзделуде.
Жаңа жабық автотұраққа мәшине қоюдың бағасы күніне 200 теңге. Бұл ашық автотұрақтың бағасымен бірдей. Мұнда автокөліктерін қоятындар тұрақты клиенттер болып табылады. Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін сезінген өндірістік кооператив басшылары мүмкіндігі шектеулі екі адамға автокөлігін тегін қоюға, өздерінің тұрақты он клиентіне тым-тәуір жеңілдік беріп отыр. Сондай-ақ, болашақта автокөлік иелерінің осы жерде техникалық тексеруден өтулеріне жағдай жасалатын болады. Бір сөзбен айтқанда, бұл автокөлік иелеріне ғана емес, тұрғындарға да таптырмайтын сый болды.
Жаңа көп деңгейлі автотұрақтың тұсаукесеріне қатысып, сөз сөйлеген облыс әкімі Елеусін Сағындықов мұндай автотұрақтың пайдалануға берілуі қаланың өркениетке ұмтылған сәтті қадамдарының бірі екенін атап өтті. Болашақта миллион тұрғыны бар қала болуға ұмтылған шаһарда көлік қозғалысының қалыпты жүйесін қалыптастыратындай ондаған жобалардың қолға алынып жатқанына тоқталды.Тоқсаныншы жылдары 28 мың автокөлік болса, соның екі мыңы ғана жеке автокөліктер еді. Қазір облыстағы 70 мың автокөліктің 97 пайызы жекелердің қолында. Сондықтан мұндай қаланың эстетикалық мәдениетіне үлес қосатын және қөше қозғалысын реттейтін құрылыстарды көптеп салуымыз керек деді ол.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.