Сенаттың бейсенбі күні болған жалпы отырысына шығарылған заң жобалары өзекті мәселелерді қамтыған екен. Сондықтан оларды талқылауда сенаторлар біршама белсенділік көрсетіп отырды. Мәселен, Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелерді орналастыру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын қабылдағанда, сенатор Иран Әміров ерекше белсенділік танытты. Ол Қазақстан аумағындағы Ресей Федерациясының дипломатиялық өкілдіктерінің жер аумағы біздің алып отырған жерімізге қарағанда тым үлкен екендігін және олар жерді жалдау ақысынан мүлде босатылғанын (жылына 1 теңге), ал Қазақстандық дипломатия өкілдіктеріне Ресей астанасынан берілетін жердің мәселесі әлі күнге толық шешілмегенін, Санкт-Петербург пен Астраханьдағы консулдық мекемелер үшін жыл сайын айтарлықтай көлемде жалдау ақысын төлейтіндігімізді айтты. Сіздің ведомствоның терезесі тең, тепе-теңдік жағдайға қол жеткізе алмау себебі неде деген сұрақ қойды сенатор.
Заң жобасы туралы баяндаған Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев мұндай жағдайдың бар екенін мойындай отырып, Мәскеудегі біздің дипломатиялық өкілдікке жер бөлу мәселесі бұрынғы мэр Ю.Лужковтың тұсында біршама шешілгенімен, қазір қайтадан тұйыққа тіреліп тұрғанын көлденең тартты. Біз қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз, деді ол.
Қосымша баяндама жасаған сенатор Қуаныш Сұлтанов та паритеттік жағдайдың сақталмағандығы орын алып отырғанын атап өтті. Өйткені, Тәуелсіздігін жаңа ғана алған Қазақстаннан елшілік ашуды, одан кейін оларды жаңа астанаға көшіруді ынталандыру үшін осындай жеңілдіктер жасалған еді. Бірақ, қазір құдайға шүкір, Қазақстанның беделі мен ықпалы өсті, оны барлық әлем таныды, сондықтан тепе-теңдік жағдайын жасау үшін бұрынғы жеңілдіктерді қайта қарау керек шығар деген пікір айтты ол.
Кейбір заңнамалық актілерге салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша да көптеген ойлар ортаға салынды. Бірақ ұсыныстар болғанымен, заң жобасы туралы баяндаған Қаржы министрі Болат Жәмішевке бірде-бір сұрақ қойылмады. Соның ішінде сенатор Жұмабек Төрегелдинов темекі өнімдеріне акциздің төмен екенін, соның салдарынан темекіге қол жеткізу жеңіл болып, халқымыздың осы зиянды әдетке құштарлығы азаймай отырғанын атап көрсетті. Ресми статистикаға жүгінетін болсақ, қазақстандық ер-азаматтардың – 40,7, ал әйелдердің 10 пайыздан артығы темекіні тұрақты түрде тартады екен. Бұл – әлемдік жоғары орындардың бірі. Соның салдарынан азаматтарымыз көптеген ауруларға ұшырауда. Темекі шегу, әсіресе, жастар арасында қатты өсіп келеді. Сауалдамалар 13 жастан асқан жасөспірімдердің 30 пайызы темекі шегіп көретінін анықтады. Осының бәріне темекіні оңды-солды жарнамалау мен оның бағасының төмендігі қатты әсер етуде, деді сенатор. Жыл сайын темекіден туатын зиянды қалдықтардың кесірінен өкпе, жүрек ауруларына ұшыраған 25 мың қазақстандық көз жұмады. Денсаулық сақтау органдарының 6-дан 12 пайызына дейінгі шығыны да осындай науқастарды емдеуге кетеді. Халықаралық тәжірибе темекі өнімдеріне салынатын салықтың мөлшерін өсіру халықтың денсаулығын сақтап қана қоймай, бюджеттің түсім бөлігін де едәуір арттыратынын көрсетіп отыр. Біздегі темекі өнімдері Кедендік одаққа кіретін Ресеймен және Белоруссиямен салыстырғанда да әжептәуір арзан. Сондықтан да, деді сөзін тұжыра келе сенатор, темекі өнімдерінің акциздерін көбейтуіміз керек. Қаңтар айында заң жобасын қайта қарастырғанда осы мәселені ескеріп, оң қорытынды шығарылар деген үміттемін, деді ол. Оның орынды сөзін сенатор Өмірбек Байгелди де қолдады.
Жақсыбай САМРАТ.