09 Қараша, 2010

Вирусолог

806 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ҰҒА-ның академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, биология ғылымдарының докторы, профессор Нәзира Ахматуллина жайлы үзік сыр Медицина өте күрделі ғылым. Оның салалары әралуан десек, соның ішінде ге­нетика – ағзадағы тұқым қуалаушылықты және өзгергіштік заңдылықтарымен ай­на­лыс­са, цитология – жасушалардың құры­лы­сын, дамуын, функциясын зерттейтін ғылым. Міне, елімізде осындай терең бі­лімді, білікті, мұқияттылық пен жауап­кер­ші­лікті қажет ететін ғылымның дамуы мен бүгінгі қол жеткізген жетістігі про­фессор Нәзира Бәдрет­дин­қызы Ахматуллинаның есімі­мен тығыз байланысты. 80 жыл­дық ғұмырының 55 жы­лын осы ғылыми-педагоги­ка­лық қызметке арнаған ғалым бү­гінде Қазақстан Ұлттық Ғы­лым академиясының Жалпы генетика және цитология инс­титутының мутагенез зерттей­тін бөлімін меңгеріп, әлі де ізденіс үстінде... 1930 жылы Ақмола облы­сы­ның Степняк қаласында дүниеге келген Нәзира Бә­дрет­­динқызы Ақмоладағы қа­зақ орта мектебін күміс медальмен аяқтап, Алматы мемлекеттік медицина инсти­туты­на оқуға түседі. Оқуды тәмәмдаған соң Қазақ КСР ҒА-ның Микробиология және вирусология институтына аспирантураға түсіп, бітіреді. Ал 1963 жылы кандидаттық, 1985 жылы докторлық диссертациясын тамаша қорғап шығады. Жалпы Н.Б.Ахматуллинаның еңбек жолын үш кезеңге бөліп қарауға болады. Біріншісі, ол Қазақстанда вирусология ғы­лымының негізін салудағы еңбегі. Оның ал­ғашқы ғылыми еңбектері вирусология ғылымының дамуымен бірге басталып, қатар жүрді. Академик Хамза Жұматовтың басшылығымен республикада алғаш ашыл­ған лабораторияның тұңғыш аспиранты ретінде ол 1955-58 жылдары етек алған індет – балалар полиомиелитін зерттеді. Оның үстіне Н.Ахматуллина Қазақстаннан жалғыз вирусолог болып полиомиелитке қарсы бірінші вакцинаны қабылдауға арналған үлкен одақтық жұмысқа қатысты. Сөйтіп, бұл індеттің қандай вирустан туындағанын анықтау, оның бетін қайтару, аурудан қалатын ауыр зардаптың алдын алу, одан қала берді, полиомиелиттен ауыл балаларын емдеу жолындағы еңбегі өлшеусіз. Екінші кезеңі – өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары ғылыми жұртшылықтың арасында ол химиялық мутагенезді жан-жақты зерттеуші ретінде белгілі болды. Бұл жұмыстар 60-шы жылдары вирустар мута­генезімен айналысудан басталып, сол ба­ғытқа сәйкестеніп, 1974 жылы Қазақстанда вирус генетикасын зерттейтін алғашқы арнайы лаборатория ашылады. Ол вирус-клетка қосағының бір сыңарына химиялық мутагендермен әсер еткенде пайда болатын өзгерістердің түрлері мен заңдылықтарын терең зерттей отырып, жұмыс кестесіне микроорганизмдер мен адам торшаларын да қосты. Осылайша, бұл лаборатория жал­пы генетикалық лабораторияға айнала бас­тады. Сондай-ақ Нәзира Бәдретдинқызы жаңадан ашылған Жалпы ге­не­тика және цитология инс­ти­тутының іргетасын қалау­шылардың бірі. Олар ендігі жерде мутагендер әсерін зерт­теп, отырған торшалар мен организмдердің жалпы түріне және генетикалық құрылы­мы­на сәйкестелу ерекшеліктерін­дегі белгісіз заңдылықтарын, мутагендердің аз мөлшерде тигізетін әсерінің түрлері мен негізін анықтады. Микробиология бойынша ІX конгресте (1966) жалпы және молекулярлы вирусоло­гия­дағы осы және басқа да зерттеулер нәтижелері баяндалып және серіктес авторларымен бірге (Х.Жұматов және Е.Исаева) монографияға кірді. Нә­зира Бәдретдинқызы Ахматуллина 1974 жылы осы еңбегі үшін Қазақстанның ғы­лым және техника саласындағы Мемлекет­тік сыйлығын алды. Сол еңбектің жалғасы ретінде вирус биосинтезі үрдісін вирус-жасушасының құрамдас бір жүйесіне әр­түрлі биологиялық белсенді факторлармен әсер ете отырып, өзгерту болып табылды. Н.Ахматуллинаның еңбек жолындағы үшінші кезеңіне 90-шы жылдардағы жемісті жұмыстары жатады. Бұл химиялық мута­ге­нез зерттеуіндегі табыстарға сүйене оты­рып, радиациялық мутагенезге түгелдей көшу кезеңі болатын. Ол Қазақстанда қоршаған ортаның радиациямен ластануы­ның адамға әсерін зерттеумен байланысты. Алғашқы радиациялық ластанудан қалған зақымдарды зерттеу жөніндегі бағдарлама­ларға орай Н.Ахматуллина басшылық жасаған ғалымдар Семей ядролық сынақ полигонына жақын ауылдардың көптеген тұрғындарының генетика жүйесін зерттеді. Сонда қазіргі уақытта дені сау, жұмысқа жарамды деген адамдардың ішінде де хромосомдық аберрациялардың радиация әсерінің белгісі болып саналатын түрлері­нің саны бұрынғыдан 3-4 есе жоғары екендігі анықталды. Сол үшін 2000 жылы Н.Ахматуллина басқаратын бөлімге “ІNCO-COPERNІCUS” арнайы қаржы бөлінді. Ғалым ізденістерінде “радиоадаптивтік жауап” деп аталатын репарацияның жаңа түрінің пайда болу негізі ерекше орынды алады. Организмнен тыс (іn vіtro) өсірілген адам торшаларын аз мөлшерлі радиация әсеріне ұшыраса, оларда келесі сәуле­лендірілуге төзімділік пайда болатындығы дәлелденді. Кейіннен оның адам бойында (іn vіvo) өту заңдары зерттелді. Бұл жұмыс “ІNCO-COPERNІCUS-2000” сайысында да жеңіске жетті. Нәзира Ахматуллинаның аз мөлшердегі химиялық мутагендер заңдылығы туралы зерттеулері теориялық және тәжірибелік маңыздылыққа ие екендігін мойындау қажет. Қазақстанда академик өзінің генетиктер мектебін, яғни екі зертхананы біріктіріп – тәжірибелік мутагенез және генетикалық мониторинг зертханаларын құрды. Қазақстан аумағында адам ағзасына алыстатылған жағымсыз әсер қалдыратын факторларының негізгі көзі ядролық сы­нақ, Арал апаты, химиялық улы заттардың ауыл шаруашылығында кеңінен қолданы­луы және қараусыз қалған ірі уран шыға­ратын кәсіпорынның қоймасы болып табылады З.Мәжитова және Н.Ахматуллина 2002 жылы “Арал маңындағы балалар денсау­лығын кешенді зерттеу” бағдарламасын жасады. ҚазММУ педиатрия кафедрасы­ның (басшысы З.Мәжитова) және ЖГЦИ-дың мутагенез бөлімшесінің (басшысы Н.Ахматуллина) қызметкерлері 3 жастан 16 жас аралығындағы 1138 баланы тексеруден өткізді. Тексеру барысында созылмалы ағзалық ауытқулар көрсеткіштеріне назар аударылды. Осы ауытқулардың даму факторына: темір, йод, уранның жоғары кон­центрациясы мен әсіресе, хлорорга­ни­калық улы заттардың ауыз судағы жоғары концентрациясы; кальций, криптон, стронций, гафний және уранның топы­рақта және ауыр микроэлементтердің, сульфаттар мен нитраттардың аэрозолдағы құрамы жоғары болуына әсер етеді. Арал маңында туған және тұратын балалардың физикалық дамуы, бойдың өспей қалуы мен республикалық нормативтік адам жасына қарай салмағының өспей қалуы, созылмалы ауруға ұшырауы, сонымен қатар, жетілу шапшаңдығының (3,5 есе) төмендеуі анықталды. Ғалымның 249 ғылыми мақаласы, республикалық, одақтық және халықара­лық басылымдарда, 1 кітапша (қазақ тілінде), 8 монографиясы жарияланған. 10 авторлық куәлігі бар. Оның ғылыми ізденістерінің нәтижелері 15 мемлекетте өткен халықаралық форумдарда баяндалды және ғылыми жинақтарында жарияланды. Республиканың құрметті “Алтын кітабына” енген, халықаралық дәрігерлер қауымдас­тығының мүшесі, Еуропа одағының (ESMO, Бельгия), радиобиологиядан ха­лық­аралық кеңестің (Мәскеу, РАН) мүшелері, т.б. Нәзира Бадретдинқызы – жоғары білім­дар ғалым, зерттеуші, ұйымдастырушы және ғылымды таратушы. 2009 жылдан бастап қажымайтын Нәзира Бадретдин­қызы өзінің төртінші кезеңі ғылыми ізде­ністерден дәлірек айтсақ табиғи генетика­лық адам ауруларының тұқым қуалауын зерттеу үстінде. Ләйла ЖАНСҮГІРОВА, Жалпы генетика және цитология институты бас директорының міндетін атқарушы, биология ғылымдарының кандидаты, Айнам ТАШЕНОВА, Эксперименталды мутагенез зертхана меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты.