13 Қараша, 2010

Мұнайлы өңір қазақшалана бастады

778 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Жеріңнің аты – еліңнің хаты Атырау – ежелден тілдік ортасы қалыптас­қан, қазағы басым өңір. Ел көлемінде іс қа­ғаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге алғаш­қылардың қатарында көшкені де сондықтан. Атыраудағы тілдік ахуалдың жай-күйі осыдан біраз жыл бұрын Мемлекеттік хатшыда, Үкіметте және Парламентте тыңдалғаны өңірдегі тіл жанашырларының жұмысына үлкен жауап­кершілік жүктеді. Сөз арасында айта кетелік, осы­дан үш жыл бұрын Атырау облысы әкім­ді­гінің ұсынысымен өткізілген “Бәсекеге қабілетті ұлт: Мемлекеттік тіл және патриоттық тәрбие” атты республикалық семинар-кеңес өңірдегі мемлекеттік тілдің, ұлттық салт-дәстүр, рухани, патриоттық тәрбиенің жаңа бір сатыға көте­рілуіне септігін тигізді. Семинарға қатысқан еліміздің зиялы қауым өкілдері, Парламент депутаттары атыраулықтардың мемлекеттік тілге деген шынайы ықыласына куә болды. Өңірдегі тілді дамытуға орай атқарылып жатқан келелі істерге тұщынды. Сол басқосуда ел зиялылары: “Атыраудағы тәжірибені басқаларға үлгі етіп ұсынса артық емес”, деп көпшілікке ой тастаған еді. Биыл да Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің бастамасын облыстық әкімдік қолдап арнайы кеңес өткізді. Алайда, өңірдегі тілдік ахуалға деген оң көзқарас бірден орныға қойған жоқ. Бүгінгі нәтижелі жұмысқа үлкен еңбектің арқасында қол жеткізілді дей аламыз. Халқының 90 пайызы жергілікті ұлт бола тұра, мұнда да қазақ тіліне өзіндік салқынын тигізген қиғаштықтар болғанын жасыра алмаймыз. Облыс мемлекеттік тілге алғашқылардың қатарында 2002 жылы көшсе де тілдік ахуал біраз уақытқа дейін бір жүйеге келмеді. Тілдің артында жоқтаушысы, жауапты орган болмады. Құжат айналымында орыс тілі басым тұрды. Облыстық сессиядан басқа жиналыс атаулы көбіне орысша жүретін-ді. Мекемелер басшылары, онда істейтіндердің дені қазақ бола тұра, бір-бірімен орысша сөйлесіп келді. Тіл саласындағы жұмыс әр департаменттің қарауында, басқаша айтқанда, аттың жалында, атанның қомында жүрді. Тек 2005 жылы республикада Тіл комитеті, өң­ір­лерде тіл басқармалары құрылып, өкілет­тіктер күшейтілгеннен соң ғана тіл саясаты жүйеге түсе бастады. Өңір басшылығының жергілікті жерде тіл саясатының жүзеге асуын тікелей өз қадағалауына алуы тіл жанашыр­ла­рының ісін өрге бастырды деуге әбден болады. Қазір облыс әкімі Бергей Рысқалиев тілдік ахуал­дың оң бағыт алуына мән беріп, қолдауын көр­­сетіп келеді. Әкімнің өзі барлық мәжі­ліс­терді, жиналыстарды қазақша, яғни мемлекеттік тілде жүргізіп, өзгелерге үлгі көрсетіп отыр. Облыс әкімдігі “Тіл туралы” Заңның орындалу барысын кеңейтілген мәжілістерде жиі та­л­қы­лап, қала, аудан әкімдеріне, мемлекеттік мекеме басшыларына тапсырмалар беріп отырады. Атқарылған жұмыс барысы қадағаланғаннан кейін ғана нәтиже көрінетіні даусыз. Қойын дәптеріміздегі мынадай деректерге үңіліп көрсек, мәселен, 2004 жылы облыстан жоғары органдарға жіберілген шығыс құжат­та­рындағы мемлекеттік тілдің үлесі 12-15 пайыз­дан, облыстық департаменттерде 36 пайыздан аспапты. Әрине, талапты қатайту, қадағалауды күшейту арқылы одан кейінгі жылдардың қо­рытындысымен облыстың шығыс құжатта­рындағы мемлекеттік тілдің үлесі 90-95 пайызға дейін өскен. Мемлекеттік басқару органдары арасындағы құжат айналымы 100 пайыз мемлекеттік тілге жеткен жағдай қалыптасып келеді. Аудандарға өзге тілде қатынас хат жіберу толықтай доғарылды. Облыстағы 3000 мыңнан асатын мемлекеттік қызметшінің ішінде қазақ тілін білмейтін, не түсіне алмайтын маман аз. Қазір облыстағы мемлекеттік басқару орган­да­рында құжат айналымы 100 пайызға жуық мемлекеттік тілде жүреді. Облыс әкімінің арнайы шешімімен тіл мәселесі жөнінде әкім орынбасары басқаратын үйлестіру кеңесі құрылып, айына бір рет мәжіліс өткізеді. Онда жергілікті, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын басқармалар мен департаменттердің бірінші басшылары есеп береді. Өндірістік мекемелердің, темір жол, әуе көлігі кәсіпорындарының, өзге де шаруашылық субъектілерінің тіл саясатын іске асырудағы жұмыстары ұдайы қадағаланады. Банктердің өңірдегі филиалдарына тиісті ескертулер жасалады. Прокуратурамен бірге шетелдік компаниялар, олардың филиалдары тексеріледі. Өңірдегі басқару жүйесі қазақ тілінде сөй­лейді. Мемлекеттік қызметшілердің басым көпшілігі – жергілікті ұлт өкілдері. Сондықтан мемлекеттік қызметкер тіл білмейді дейтін проблема облыстың мемлекеттік қызмет жүйе­сіне тән емес. Соған қарамастан, мемлекеттік қызметшілердің тіл білу деңгейіне деген талап ешқашан төмендемейді. Биыл қанатқақты топтарда тест өткізіледі. Алда мұндай тестілерді тұрақты өткізу дәстүрге енген. Көптеген мекемелерде мемлекеттік тілді оқыту курстары жұмыс істейді. Төрт-бес жыл бұрын ашылған “Тіл” оқу-әдістемелік орталығы мемлекеттік қыз­метшілерді мемлекеттік тілге оқытуды мық­тап қолға алды. Орталық тілді оқытумен шек­тел­мейді, іс қағаздарын жүргізудің стандарт­тарын да үйретеді. Бұл орталықта көптеген ұлт өкілдері қазақша дәріс алуда. Басқа да лингвистикалық орталық­тар­да қазақ тілін үйретуге көп көңіл бөлініп отыр. Өйткені, тілді меңгеруге сұраныс артып ке­ле­ді. Әсіресе, өзге тілде сөйлейтін әртүрлі ұлт­тың өкілдері қазақ тілін білуге ынталы екенін танытуда. Бұл – мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңейгенінің, мәртебесі биіктегенінің көрінісі. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді білуін ынталандыруға, мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт азаматтарына барынша қолдау жасалуда. Қазақ тілін жақсы меңгерген өзге ұлт жастары арасында “Мемлекеттік тіл – менің тілім” конкурсы өткізіліп, жеңімпазын республикалық сайысқа қатыстыру дәстүрге енді. Басқа ұлт отбасылары үшін қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін білуге арналған “Шаңырақ” атты шараның өткізілуі өз жемісін бере бастады. Осындай шараларға тұрақты қатысатын өзге ұлттардың арасында қазақ тілінде жатық сөйлейтін, ұлтымыздың дәстүрін, өнерін жақсы білетін, мақал-мәтеліне жетіктер көптеп кездеседі. Әрине, ономастика саясаты атауларды қазақ­шаландырумен шектелмейді. Мұндағы басты мақсат – әр елді мекеннің атынан ұлттық бол­мыс­тың, ұлттық тарихтың иісі сезіліп тұруы ке­рек. Елді мекенге, не көшеге берілген жаңа атау сол ауылдың, не көшенің тұрғындарына, әсі­ресе, жас ұрпақ санасында ұлттық патриотизмді қалыптастыруға қызмет етуі тиіс. Сол себептен, қай бір елді мекенге, көшеге атау берілгенде осыған баса назар аударылуда. Өңір ономастикасы дегенде ХVІІ ғасырда облыс орталығына берілген Гурьев атауының 300 жылдан кейін Атырауға орнын босатқанын айтқанымыз абзал. Өйткені, 1992 жылы тарихи атауына ие болған мұнайлы өңірдің ономас­ти­касында содан кейін түбегейлі өзгеріс болды. Халықтық этимологияда жаңа байлықтың табы­луымен байланысты болған Новобогат ауданы Исатай батыр, “Денгизский” болып транскрип­цияланып келген Теңіз ауданы Құрманғазы күйшінің атымен аталды. Новобогат округіне ежелгі Қамысқала тарихи атауы кері қайта­рыл­ды. Осы ауыл аты Хамит Ерғалиев сынды ақиық ақынның есімімен өзгертілді. Мағынасы кө­мескіленген “за бурями” сөзімен байланыс­ты­рылған Забурын ауылына шипалы емімен көптің ықыласына бөленген Зинеден Құрасұлы есімінің берілуі көпшіліктен қолдау тапты. “Граница” түбірінен өзгеріп, Гран болған ауылды “өркен­дей берсін” деген ниетпен Өркен аталды. Бұрынғы Октябрь ауылы бүгінде Нұржау, Киров – Дәшін, Кобяков – Дәулеткерей, Мартышкин –Шайхы, Каспаркин – Құмар­ғали, Богатый – Амангелді, Рембаза – Балық­шы, ММС – Арна, Утера – Бірлік болып өз­гер­тілді. Приморье ауылдық округіне Теңіз ата­уы лайық деп ұйғарылып, заңды негізде қайта аталды. Еңбекші ауылы Жұмекен Нәжімеденов, Морское ауылдық округі Мақаш есімін иелен­гені – халық пен аудандық, облыстық ономас­тикалық комиссиялардың ортақ жұмысының жемісі. Бұрын өңірде Калинин атауы бірнешеу еді. Бүгінде Құрманғазы ауданындағы Калинин ауылдық округін Орлы, Жылыой ауданындағы осындай округті Жем деп атау ұйғарылды. Данышпан Абай арқылы қазақтың қандай ел болғанын әлемге танытқан заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов: “Біздің қазақ – жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге бар­саң да, жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия-сыр жатады” деп тебіренген ғой. Тәуелсіз ел атанған соң бүлінгенімізді түзе­­тудің, жоғалып бара жатқан мұраларымызды жаңғыртудың ел ертеңі үшін маңызы айрықша. Махамбет ауданының жер атаулары енді Сарай­шығымен (бұрын Опытное поле атанған), Бе­ре­ке (Память Ильича), Бейбарыс (Чкалов), Ақ­қай­ың (Сорочинко), Талдыкөл (Редут), Кең­­өрі­сімен (Карманов) дараланып тұр. Канал ауы­лы – Бала Ораз, Топайлы – Өтешқали Атам­баев ауылы аталды. Коровник қыстағын –Бура­бай, Комплекс қыстағын – Жангелді деген­де оно­­мастика жөніндегі тұжырымдама талабы жатыр. Бұл талап Атырау қалалық әкімдігіне қарас­ты Ленинградское елді мекенінің – Ақсай, Дальныйдың – Ақжар, Холодильниктің – Ақжайық, Курилкиноның – Өкарна, Индер ауданындағы Зеленое ауылының – Көктоғай, Кулагиноның – Есбол, Горы елді мекенінің – Аққала, Гребенщиктің – Ынтымақ болып өз­гертілуінде де сақталды. Әрине, бұлардың жаңа атауға ие болғанына көп уақыт өтпегенмен, құлаққа жағымды, тілге орамды. Сол сияқты, көше атауларында елдікті, тәуелсіздікті паш ететін, тарихи, рухани құндылықтарды наси­хаттайтын жаңа атаулар көптеп кездеседі. Енді барлық жаңа атаулар заңдастырылып, “Элек­тронды үкімет” қалыптастырудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде “Мекен-жай тіркелімі” ақпараттық жүйесіне енгізілуде. – Өңірдегі 168 елді мекен атауының 157-сі қазақшаланды. Сондай-ақ, 191 көшенің атауы жаңарып, 985 көшеге заман талабына сай жаңа атау берілді. Атау беруде жеке тұлғалардың есімін сұраушылар өте көп. Тарихи және елге танымал, солармен бірге, тек өңір аумағына ғана танылған адамдардың да есімін беру сұралады,–дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Гүлжан Сабирова. Оның айтуына қарағанда, тарихи тұлғалар мен республикаға танымал болған жандардың үлесі 39,7 пайызбен құраса, жергілікті деңгейде танылғандардың атын сұрағандардың үлесі молырақ екен. Қазақы қалыптың қаймағы бұзылмаған, көбесі сөгілмеген өңірде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің орны орнықты, тұғыры биік. Дейтұр­ғанмен, тіл саласындағы кейбір ортақ пробле­ма­лар әлі де кездеседі. Алдымен, облыс іс-қағаз­дарын мемлекеттік тілде жүргізгенімен, минис­трліктер қатынас хатты қазақша жазуға сонша­лықты құлықты емес. Кейбір министрлік, ко­ми­тет, агенттіктерден қатынас қағаздарын об­лысқа ресми тілде құжат жіберу әлі де толастамай тұр. “Тіл туралы” Заңның орындалуын тексеруді тіл құрылымдарына беруді кешеуілдетпеген жөн секілді, дейді тіл жанашырлары. Бұл үшін әрине, заңды ширату қажеттігі бұрыннан да айтылып келеді. “Тіл туралы” Заңды бұзғандар жауапқа тартылады дегенмен, оның нақты шарасы көрсетілген жоқ. Жалпы, тілдік құрылымдардың өкілеттілігі әлі де шектеулі болғандықтан, көрнекі ақпарат, жарнама ырыққа көнбей бара жатыр. Жазуымыз – кириллица, ендеше, шетелдік атауларға, латын әрпімен жазылған жазуларға тосқауыл болатын нақты заңның қажеттілігі сезіледі. Ономастикада да түйткілдер бар. Елді мекендерге, көшелерге, нысандарға ат беру, атауын өзгерту туралы мәселелер жиі қаралады. Картаға өзгерістер енгізіліп, ол тіпті қайтадан шығып үлгермей жатады. Елді мекенге атау беруде, не атауын өзгертуде бір жүйе керек, бұған белгілі бір мерзімге тыйым салынса артық етпейді. Себебі, атау беру – жыры таусыл­май­тын мәселе. Қазіргі өмір тәжірибесі, сұраушы­ның көптігінен нысандарға адам атын беруді тоқтату керектігін көрсетіп отыр. Облыс әкімі Бергей Рысқалиевтың айтуына қарағанда, атасының атын ауылға, әкесінің атын мектепке беруді қалайтындар толастар емес. Тіпті, бір адамның атын көше мен мектепке қатар беруді сұраған өтініш те болған. Демек, әлі де “көкемнің атын көшеге, атамның атын ауылға” алып беруге талпынатындарға тоқтам жасау үшін жоғарыда айтқандай амалға жүгінуге тура келеді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.