13 Қараша, 2010

Ескірмейтін еңбек

613 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Әлімхан Ермеков! Қазақта бұл есімді кім білмейді. Осы ұлы адамның көзін көріп, дәрісін тыңдауға жазған тағдырыма ризамын. 1956 жылы алыс ауылдағы мектепті бітірісімен сол кезде ірге көтергеніне бірер жыл ғана болған Қарағанды политехникалық институтына оқуға түсуге келген болатынмын. Емтихан орыс тілінде қабылданады және сынақшылар сол тілде сөйлейтіндер екен. Солардың бірінің алдына тап болдым. Математикаға жүйрік-ақ едім, сұрақтағы бес есептің үшеуін жылдам шығарып, қалған екеуіне мүдіріңкіредім. Қиналғаным – алдыңғы­лардай емес, мәтін мазмұны ұзақтау, тереңдеу. Орыс­шаға шала-пұла болғандық­тан мән-мәнісін бірден ұғына алмай уақыт өткізіп отырып қалдым. Емтихан алып отырған адам асықтырып қоймаған соң, алдымен қазақшаға аударып барып шығаруға мұрсат өтініп едім, ашуланып есікті мегзеді. “Мұныңыз дұрыс емес. Комис­сияға шағымданамын”, деген дауысым қаттырақ шықса керек, басқа бір талапкерден емтихан қабылдаушы адам кенет маған бұрылып “Қарағым, не болды?” деді. Орыс тілін жетік білмеуіме байла­нысты теңдеуді түсіне алмай тұрғанымды айтып едім, “Онда қазақша бес есеп берем. Шығарсаң, жара­дың” деді. Көзім жарқ етіп, қолма-қол шығардым. Әлгі емтихан алып отырған кісіге “Жауапкершілік ме­нің мойнымда. 4 қойдым” деп маған жүзінен нұр төгіле қараған бейнесі жүрегімде сақталып қалып еді. Студент атанып, дәрі­сіне қатысып жүрген мені ұмытпапты. “Қайсар­лығың жақсы. Ғалым боларлық қасиет” деп арқамнан қағып қоятын. Математика қиын пән. Құпиясы терең. Ал Әлімхан ағаның түсіндіруі арқылы оған ынтамыз аса оянды. Бұл ілімнің тарихы, тіпті кейбір теоремалардың қа­лай пайда болғандығына дейін айтып, сабақтарды қызғылықты ете түсетін. Ол кезде мән бермеппіз, математиканың аталары араб, шығыс ғалымдары екенін баса айтатын. Қазақ студенттеріне арнап ана тілімізде жек­сенбі күндері қо­сым­ша сабақ бер­етін. Кейін­нен білге­німіз­дей, мұ­ны өз еркімен қалап­ты. Біз ол кісінің хал­қының болашағы үшін күресте ауыр жолдан өткенін, ұлт­тық мате­матиканың негізін қалаушы екенін көп жылдардан соң барып білдік. Қуғын-сүргін зардабымен ар­па­лыса жүріп “Ұлы матема­тика курсы” оқулық кітабын жазға­нын тәуелсіздік таңы ат­қанда ғана естідік. Кезінде жойылып жі­берілген еңбектің ар­хив­те сақталған жалғыз данасын шәкірттері қайта бастырып шы­ғар­ды. Бүгінде ол әрқайсысымызға қымбат мұра. Өз кітабына жазылған сөз басында ұстазымыз “Математиканың тексеретіні шама дейміз. Шама деп заттардың азайып-кеміп, иә көбейіп, өсіп өзгеретін қасиетін айтамыз. Ұлы математиканың көбінесе қарастыратыны осы шамалардың өзара байланысты болып өзгеруі, басқаша айтқанда, шамалардың арасындағы функциялық байланыстарды тауып, соларды зерттеу. Функциялық байланыстарды зерттеудің негізгі әдістері аналитикалық геометрия мен математикалық анализде қарас­тырылады. Математиканың бұл бөлім­дерінің негізі осы кітапта қарастырыл­мақшы” дейді. Кітапта жоғары матема­тика элементтері аса қарапайым, жеңіл тілмен түсіндіріледі, автор тілінің айқындығы, теориялық топшылаулары, есептердің шығарылу дәрежесі, келтірген мысалдары үйренушіні баурайды. Бүгінде университет қабырғасының қасбетіндегі халқымыздың ұлы тұлғасы Әлімхан Ермековтің осында еңбек еткені жайлы ескерткіш тақта алыстан жар­қырайды. Жанарынан ақыл-ой ескен, нұр төгілген бейнесіне күн сайын бас иіп өтеміз. Ибатолла АРЫСТАН,  Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті тау-кен институтының  директоры, профессор.