Қазақ тарихының қалың ізі қалған Отырар алқабында қызу жұмыстар қолға алынып жатыр. Суармалы жерлер игерілу үшін арналардың табанын тазалап, су сорғылар сатып алу әрекеттері жасалуда. Аудан әкімі Бейбіт Сыздықов өзі де тыным алмайтын, өзгеге де тыным бермейтін жан. Отырарды жүгерінің отанына айналдырсам деген аппақ арманы бар. Ауданның жері тұзды, шөлейт болып келеді. Дәнді дақылдардан мол өнім алу үшін суармалы жерлерді игеру, тамшылатып суару жұмыстарын бір ізге қою керек. Ал, ол айтуға ғана оңай.
Қазір аудан әкімін зәуіде болмаса орнынан таппайсыз. Тұз татыған сордың ындынын басып, жантақты далаға ағыл-тегілі су шығарған әкім мәшинесі салдырлап қырман басында жүреді. Ауыл әкімдері таң қалады. “Ойламаған жерден таң азанымен сыдыртып келіп қалады, енді осымен болған шығар десең түстен кейін жаңа тапсырмаларын тағы да нықтап кетеді” деп. Өйтпесе, жұмыс жүре ме?!
Отырарға барған сапарда Бейбіт СыздыҚовҚа жолығып, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін білдік.
– Ауданның әлеуметтік экономикалық жағдайына талдау жасау арқылы өзекті деген мәселелерді шешу жолдарын нақтылау және аудан экономикасының нақты секторын, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін дамыту бағдарламаның негізгі мақсатына айналды. Сол арқылы суармалы жерлерді игеруге халықтың әл-ауқатын арттырудың негізі ретінде қарадық. Өйткені ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 762556 гектар болса, жайлымдық жерлер 715717, егіндік суармалы жерлер 30430 гектар еді. Осы егіншілік саласындағы шешімін таппай қордаланып қалған өзекті мәселелерді шешуді мамандармен, тұрғындармен ақылдаса отырып, өз бағыт-бағдарымызды айқындай түстік. Бұл салада айтылған ұсыныс-пікірлер ескерусіз қалмады. Мәселен бұрынғы жүгерішілер бригадасының бригадирі, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері, ауданның құрметті азаматы Бекен Төребековтің “Осы жүгеріге күллі өмірімді арнағанмын. Не қиыншылықтарды да көрдік. Дегенмен “Краснодар-149” атты жүгерінің сортынан жұрт 15-20 центнерге жете алмай жүргенде алғашқыда 46, кейіннен 70 центнерден өнім алдық. Ол кезде жүгері зауыты күні-түні істеп тұратын. Диқандар өнімім өтпей қалады-ау деп уайымдамайтын. Сондықтан ең бірінші зауыт салып алу керек. Ертеңгі өнімнің тағдырына сенбесе ешқандай диқан тәуекелге бара қоймайды”, деген сөзі біздерге үлкен ой салған еді.
Қазіргі таңда “Контекс” ЖШС-нің 3 қоймасын жалға алып, жөндеп, жүгері сақтауды ұйымдастырдық. 2010 жылы шаруаларды қолдау мақсатында 15 мың тонналық 3 қойманы коммуналдық меншікке жалға алып, шаруаның қолындағы жүгеріні кім-көрінгенге арзан бағамен саттырмау үшін 19-20 теңгеден сатып алып, сақтап қойдық. “Максимум” аумақтық инвестициялық орталығынан несие алып, кептіру цехын іске қостық. Осындай жұмыстардың арқасында шаруаның көңіл-күйін көтеріп, әл-ауқатын жақсарту мақсатында жұмыстар жүгізілуде.
Бұл нысандарды жөндеу жұмыстарына “Максимум” аумақтық инвестициялық орталығынан 50 млн. теңге қаражат бөлінді. Жүгеріні сұрыптап, кептіріп өңдейтін зауытта бүгінгі таңда 100-ден аса жұмысшы еңбек етуде.
– Жүгері – еккен жұрттың бүйірін шығаратын дақылдардың бірі. Сөз ыңғайыңызға қарағанда отырарлықтар ауыл шаруашылығын көтерудің алғышарты ретінде осы дақылды қолай көретін секілді.
– Оныңыз рас. Соңғы жылдарда жұртшылық “дала аруы” деп атап кеткен жүгері дақылын егуге үлкен бетбұрыстар жасалуда. Жасыратыны жоқ, кезінде ауданымыз жүгері егісінің көлемін 22 мың гектарға дейін жеткізіп, орта есеппен гектарына 65-70 центнерге дейін өнім алып, аудан есімі республиканың “Құрмет кітабына” да енген. Тіпті, 1981-1983 жылдары Бүкілодақтық жарыста ауданымыз жеңімпаз да атанған. Кейінгі жылдары түрлі жағдайларға байланысты саябырсыңқырап қалған жүгері дақылын қайта қолға алып жатуымыздың бірнеше себептері бар. Бір өзінен 17 түрлі өнім алынатын жүгерінің пайдасы түсінген жанға көл-көсір.
Жүгері мал азығы үшін дайындалатын ең құнарлы, күшті дақылдардың бірегейі. Ол әсіресе, мал бордақылауда, құс шаруашылығын дамытуда таптырмайтын жем. Оның бойында 65-70 пайыз көмірсутек, 7-12 пайыз ақуыз, 3-6 пайыз май бар. Биолог-зоологтардың айтуына қарағанда құс жемінің 65-70 пайызы жүгеріден тұрмаса оның жұмыртқасы да, еті де сапасыз болатын көрінеді. Міне, жүгерінің құнды қасиеттерін ескере отырып, алдымызға нақты мақсаттар қою арқылы бірқатар жұмыстарды қолға алдық.
Алғашқы кезекте ұсақталып кеткен агроқұрылымдарды ірілендіруге күш салдық. Мәселен, өткен жылы 987 ұсақ шаруашылықты 18 агроқұрылымға біріктірсек, биыл 797 шаруашылықты 13 агроқұрылымға ірілендірдік. Ірілендірудің негізгі мақсаты – жер айдаудан бастап жанар-жағармай, тыңайтқыш, субсидия, су, өнімді жинап алу мен сатуға дейінгі жұмыстарды орталықтандырылған жүйемен жұмыс жүргізу.
– Өзіңіз айтқандай, жүгері суды сүйеді. Одан мол өнім алу үшін суармалы жерлерді түгендеп, арналарды ретке келтіру керек болар. Бұл бағытта қандай шаруалар атқарып жатырсыздар?
– Жүгері дақылынан мол өнім алудың бір ұшы суландыру жүйесінде жатыр. Аудан бойынша 30430 га суармалы жерді суаруға қажетті ұзындығы 506,5 км. 77 арна болған. Соның ішінде біз ең қажеттісі деп ұзындығы 400,7 км. 66 арнаны коммуналдық меншікке алып бюджет есебінен 650,0 млн. теңгеге жуық қаражат бөлгізіп жөндеу жұмыстары жүргізілді. 40 сорғы қондырғысы орнатылды. Ұзындығы 71,5 шақырым арна тазаланып, 37 тоспа салынды. Бүгінде суармалы жерлерді түгендеу бойынша 30430 га жердің 19597 гектары пайдаланбай жатқаны анықталды. Негізінде суармалы жердің игерілмеуінің басты себебі жер асты ыза суларының деңгейі тым жоғары болуынан (мәселен барлық суармалы 30430 гектар жердің шамалы тұзданғаны 9896,1 – 34 пайыз, орта тұзданғаны 4955,4 – 17 пайыз, күшті тұзданғаны 3419 – 8 пайыз, өте күшті тұзданғаны 3285,2 – 11 пайызды құрап отыр) және ағын судың жетіспеуінен, су арналарының жарамсыздығынан, жерді игеруге қажетті техникалар мен су сорғыларының тапшылығынан, шаруалардың айналым қаражатының болмауынан орын алып отыр. Соның нәтижесінде аудандағы 30430 га суармалы жердің 2009 жылы 30 пайызы игерілсе, жоғарыдағы аталған проблемаларды шешу арқылы егіс көлемін 70-80 пайызға жеткізіп, 2015 жылы 24 мың гектар жерді игеру межеленуде. Бұл дегеніміз қосымша 1500 жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз. Әрине ауыл шаруашылығы техникаларынсыз шаруаның тірлігі алға баспайды. Ауыл диқандарының техникаларынан 30-40 пайызының тозығы жеткендігін ескеріп, ауданнан өткен жылы шаруаларды қолдау мақсатында “Отырар” сервистік дайындау орталығын аштық. Ондағы мақсатымыз ұсақ шаруа қожалықтарды біріктіріп, іріленген агроқұрылымға айналдыру. Екіншіден іріленген агроқұрылымдарға несие көздерін қарастырып, оларды жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқыш, гербицидтермен қамтамасыз ету. Үшіншіден жер айдау, егу, тасымалдау, тағы да басқа агротехникалық қызметтер көрсету. Төртіншіден өнімдерін біріккен агроқұрылымдарымен бірге сату көздерін, сақтау көздерін іздестіру. Бесіншіден консалтингтік, маркетингтік және заңгерлік қызметтер көрсету болды. Осы қызметтерді көрсету мақсатында 2009 жылы алғашқыда 17 млн. теңге қаржы көзін тауып, 64 шаруа қожалығы қаржыланды. Сондай-ақ, әлемдік өлшеммен өнім алу үшін АҚШ-тағы ең озық ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын “Джон-Дир” компаниясы мен “Оңтүстік” қаржы компаниясы” акционерлік қоғамы арқылы 7 жылға лизингтік жолмен техникалар алуға келісім-шартқа қол жеткіздік.2009 жылы “Оңтүстік” ӘКК арқылы 42 млн. теңгеге әртүрлі 12 техника алсақ, биыл 298 млн. теңгеден аса қаржыға 24 түрлі жаңа техника алдық. Сондай-ақ, “Агрофинанс” АҚ арқылы аудан диқандарына жоғарыда айтылған лизингтік жолмен 340,1 млн. теңгеге техникалар алу көзделуде.
– Оңтүстікке келген сапарында Елбасымыз “Жұмыс істеген адам кедей болмайды. Орта және шағын кәсіппен айналысатын кәсіпкерлерге Үкімет тарапынан арнаулы бағдарламалар қабылданды. Пайызы төмен несиелер беріліп жатыр” деді. Үкіметтік көмекті тиімді пайдаланып отырсыздар ма?
– Әрине, мұның бәрі Елбасымыз бен Үкіметіміздің ерекше қамқорлығы мен қолдаудың арқасында жүзеге асып отырған шаруалар. Бұдан бөлек шаруаларға сапалы тұқым алу мәселесін де оңтайлы шеше алдық. Мәселен, биыл Алматы облысындағы “Будан” өндірістік кооперативінен 86 тонна “ЗПСК-704” жүгері тұқымын 259 теңгеден ауданға әкеліп, оны шаруалар жеңілдікпен тиісті құжаттарын дайындап 105 теңгеден қайтарыммен алды. Сонымен қатар аудан шаруалары 23 тонна жоңышқа тұқымын және ұрықтық мақта шитін егіп, бүгінгі таңда еккен өнімдерін жинап алуда. Жеңілдетілген жанармай мәселесі де толық өз шешімін тапқан.
Отырар ауданы бұрын тек мал, егін шаруашылығына иек артып келсе, қазіргі кезеңде аудан көлеміндегі ыстық су ұңғымаларын пайдалана отырып, жылыжай шаруашылығын және емдеу, демалу орындарын дамытуды қолға алып жатырмыз. Ауданымыздағы 8 елді мекенде ыстық су көздері бар. Сол табиғи байлықты тиімді пайдалана отырып, оған кәсіпкерлердің назарын аударып жаңа жұмыс көздерін ашуды жүзеге асыру үшін ауқымды жұмыстар атқарудамыз. Кәсіпкерлерге түрлі қаржы институттары арқылы жеңілдетілген несиелер алып беру үшін біраз істі қолға алдық. Мысалы, “Ырыс” МКО арқылы өткен жылы 61 азаматқа 59,0 млн. теңге несие алынса, 2010 жылдың 6 айында 102 азаматқа 88,3 млн. теңгеге жоба өткізілді, 39 азаматқа 32,0 млн. теңге несие алуға көмек беріліп отыр. Сондай-ақ, “Максимум” ҚО-ға 3 инвестициялық жоба өткізіліп, 77,0 млн. теңгеге қаражат алынып, ол көкөніс өңдеу, ет, қымыран цехтарына берілді. Сонымен қатар “Оңтүстік” қаржы компаниясынан 14 СТК-ға ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге 43,0 млн. теңге, “Казмикрофинанс” МКО-дан 6,9 млн. теңге, “Арнұр-Кредит” МКО-дан 9,3 млн. теңгеге несиелер алынып берілді.
Сондай-ақ, суармалы жерді игеру мақсатында арналарды жөндеуге, су сорғыларын алуға облыстық бюджеттен 2009 жылы 546,0 млн., 2010 жылы 700 млн. теңге қаражат бөлінді. Суармалы жерді игеру алдағы уақытта 8 мың гектардан 15,0 мың гектарға жеткізіледі. Әсіресе жүгері дақылын егу қолға алынуда. 2009 жылы 1,5 мың га болса, 2010 жылы 5 мың гектарға жеткіздік.2011 жылға 800 млн. теңге қаралып отыр, ол өз кезінде егіс көлемін ұлғайтуға мол мүмкіндік береді.
Биылғы жылы аудандағы ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 1246,8 млн. теңгені құрап отыр. Соның нәтижесінде әртараптандырылған егіс көлемін 16293 гектарға жеткіздік. Оның жоғарыда аталған 5 мың гектарға жуығына жүгері дақылы егілді.Қазір жүгерінің әр гектарынан 71,5 центнерден өнім алынуда.Оған 121-ден астам техника қатысуда. Тамшылатып суару әдісін енгізуде де өңірімізде бірқатар жұмыстар жасалды. Бұл бағытта бүгінгі таңда 750 га жерге арнайы қондырғылар орнату жоспарланып отыр. Әңгіменің басында жүгерінің қасиеті мен пайдасы жөнінде аздап тоқталған болатынмын. Дәл қазіргі уақытта отырарлық диқандар дақылды ұйымшылдықпен төкпей шашпай жинап алудың қамына шындап кіріскен.
– Пайда түсетін жерлерде майлы қасықтай жылпылдап делдалдар пайда бола кетуші еді. Шаруалар бұл проблемадан қалай қорғалған. Темір стансасында жүгері сақтайтын қойманы көріп едік. Тағы да қоймалар бар шығар?
– Әрине бар. Ауданымыздағы өзіміз ұйымдастырған қоймаларға шаруалардан жүгеріні собықтай 19 теңгеден қабылдауда. Алайда, кейбір пысықай алыпсатарлар жүгері бағасын төмендетуге мүдделілік танытып, диқандардың ала жаздай еткен еңбек несібесіне көз алартып жатқан жайы бар. Біз алайда, ондай келеңсіздікке жол бермей шаруалардың өз өнімін лайықты бағаға сатуына, ешкімге жем болмауына бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Жасыратыны жоқ, кезінде Қызылқұм ауданында дәндік жүгеріні өндіруді арттыру жөніндегі қаулы қабылдаған кезде “шөл далаға жүгері өсуші ме еді?”, деп оған күдіктене қараушылар көп болған екен. Алайда, өмір өзі дәлелдегендей, отырарлық диқандар сыннан сүрінбей өтіп, 1984 жылы Бүкілодақтық ауыспалы Қызыл туды жеңіп алған болатын. Сол кезеңдерде еңбек майданында жарқырай көрінген Социалистік Еңбек Ері Қожамұрат Нарымбетов, Қызбала Жақсылықова, Бекен Төребеков, Ұнакүл Қанаева, Роза Есенәлиева, Әсілхан Әуелбеков, Мырзалы Жүсіпәлиев сынды аға-әпкелеріміз ауданымыздың абыройы жолында жанқиярлықпен тер төгіп алдыңғы шептен көріне білді.
Әрине одан бері де ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Көптеген өзгерістер, қиыншылықтар болды. Еліміз өз тәуелсіздігін алып, көк байрағымызды көкке шалқытып, егеменді ел атандық. Талай қиыншылықтарды артқа тастаған еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Заман өзгерді. Соған байланысты көзқарастар да өзгеріп әлгіндей қиын уақыттарда қожырап қалған жүгері өндірісін қайта қалпына келтіру жолында аянбай тер төгіп жатырмыз. Кезінде аудан даңқын аспандатқан жүгері дақылын ауданның “брендіне” айналдыруды алдымызға үлкен мақсат етіп қойып отырмыз.
Келешекте Отырарды жүгерінің отанына айналдырсақ деген ізгі ниетіміз бар. Жоғарыда жүгерінің қасиеті, маңыздылығы жөнінде тілге тиек еттік. 2012 жылы ауданымызда жүгері дақылын егуді 15 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұған аудан шаруаларының тәжірибесі де, мүмкіндігі де толық жетеді. Аудандағы суармалы жерлерді толық игерсек 20 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылмақ. Сөз орайы келгенде өңіріміздегі ауыл шаруашылығы саласы өсіп-өркендеуіне шынайы қолдау көрсетіп, әрдайым қамқор пейілін білдіріп келе жатқан облыс әкімі Асқар Мырзахметовке отырарлықтардың айтар алғысы шексіз.
Негізінде біз жүгері дақылының көлемін ғылыми негіздерге сүйене отырып арттыруды көздеп отырмыз. Сол арқылы мал азығын шешіп, ауылдағы жұмыссыздық мәселесін барынша төмендетуді басты назарға алдық. Әрине диқандармен ақылдаса, ынтымақтаса тізе қосып сауатты жұмыстар жүргізу арқылы аудан экономикасын көтеріп, халықтың әл-ауқатын арттыру Елбасымыз алға қойып отырған негізгі міндеттерінің бірі екендігін айқын сезінетін аудан жұртшылығы әлі де көптеген істерді қолға алып, жүзеге асыра бермек. Өңірімізде көп жылдардан бері шешімін таппаған ағын су, ауыз су проблемалары өз шешімін тапса, ауыл диқандарына кезең-кезеңімен заманауи ауыл шаруашылығы техникалары алынып берілуде.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Отырар ауданы.