Жуырда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінде белгілі публицист-ғалым, жазушы Сапар Байжановтың туғанына 80 жыл толуына орай еске алу кеші өтті. Оған қаламгердің әріптестері мен замандастары, шәкірттері, отбасы мүшелері, сондай-ақ, университет оқытушылары мен студенттері қатысты.
Жарты ғасырға жуық қазақ баспасөзінде еңбек етіп, өзіндік журналистік мектебін қалыптастыра білген Сапар Байжанов – отызға жуық авторлық және аударма кітаптардың, үш жүзден аса мақала, очерк, эссе және пьесалардың иесі. Кешке қадірлі қонақ ретінде Сапар ағаның жары Күләш Бейсенбиева мен ұлы Ерлан Байжанов шақырылды. Қарымды қаламгердің өмірі мен қызметі, әсіресе, шығармашылығы әңгіме арқауына айналды. Студенттер оның журналистік шеберлік қырларына терең бойлап, өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алды. Асыл азаматтың шығармашылық бағыты мен өмірлік қағидалары туралы жары Күләш апай: “Ол кісінің өзгелерден басты ерекшелігі – еңбекке деген адалдығы. Екіншіден, уақытты өте ұқыпты пайдаланатын. Бос әңгімеге ешқашан жол бермеуші еді. Үшіншіден, қолынан қалам, дәптері түскен емес. Ал ол журналист үшін ең қажетті дүние ғой. Дәптеріне жүрген жеріндегі естіген көркем сөздерді, қызықты әңгімелерді, ұлағатты сөздер мен мақал-мәтелдерді жазып алатын. Сол еңбектің арқасында шығармашылығында үлкен жетістіктерге жете білді. Ол кісі 3-курста-ақ бұрынғы “Лениншіл жас” газетіне жұмысқа тұрды. Үш айдан соң бөлім меңгерушісі, бір жылдан соң жауапты хатшы, ал диплом алғаннан кейін бас редактордың орынбасары қызметіне көтерілді”, – деді ағынан жарылып.
Сапар ағаның қаламынан туған очерктер мен повестер, проблемалық мақалалар, аудармалар мен пьесалар, әсіресе “Жастық шақ – жауапты шақ”, “Сыр мен сымбат”, “Сұңқар көңіл самғайды”, “Ұлыма хат”, т.б. туындылары туралы жастар сүйсіне ой тербеді. Сапар Байжанов ағаның журналистік ғұмырынан сыр шертетін көрме де ұйымдастырылды.
Жұлдыз БАЙДІЛДА, ЕҰУ студенті.