Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әзірбайжанның астанасы — Баку қаласында өтетін Каспий жағалауы елдері мемлекет басшыларының басқосуына барар жолда жұмыс сапарымен Атырау облысына аялдады.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Атыраудағы сапары барысында алдымен “Каспиан техникал ресорсиз” оқу орталығына (басқарушы директоры – Брайан Олсон) барып, мұнай-газ секторы үшін кадрларды қайта даярлаумен айналысатын орталықтың жұмысымен танысты. Аталмыш оқу орны – Қазақстанда әлемдік деңгейдегі мамандандырылған жалғыз оқу орталығы. “Каспиан техникал ресорсиз” оқу орталығы 2005 жылы ашылған уақыттан бері мұнда 5000-нан астам адам, соның ішінде “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 570 маман оқу курсынан өтті.
Бұдан соң Елбасы мәшине жасау өнеркәсібін дамыту мақсатында салынған газтурбина қондырғылары мен жабдықтарын жөндеу және сервистік қызмет көрсету зауытының жұмысымен танысты. Бұл жоба “КазТурбоРемонт” сервис орталығы” ЖШС-нің тапсырысы бойынша салынған (бас директоры – Асхат Усеров). Зауыттың құны – 6 млрд. теңге. Оның құрылысы тапсырыс берушінің 660 млн. теңге көлеміндегі өз қаражатына және 5 млрд. 340 млн. теңге несиелік қаражат есебінен салынған. Мемлекет басшысына нысанның газтурбина қондырғыларын жылына 18 күрделі жөндеуден және 12 ағымдағы жөндеуден өткізетін жобалық қуаты таныстырылды. Қазіргі уақытта зауыт мұнай-газ жабдықтарының артық бөлшектерін шығарумен айналысады. Сонымен бірге бір реттік тапсырыстарды орындайды. Қызметкерлердің жалпы саны – 157 адам.
Нұрсұлтан Әбішұлы осы зауытта ел экономикасының жетекші саласы – мұнай-газ өнеркәсібін, сондай-ақ, мұнай химиясы кешенін өркендетуге қатысты кеңес өткізді. Мұнай-газ саласы Қазақстан экономикасын дамытудың таяу жылдарға арналған перспективасында негізгі локомотив болып қала береді. Осы салаға салынған инвестиция көлемі мен табиғи ресурстық әлеуетті, жалпы мұнай-газ өнеркәсібінің мүмкіндігін өзге салаларды қоса дамыту барысында тиімді пайдалана білу қажет. Бұл сала индустрияландырудың негізгі қозғалтқышы болуы тиіс, деді Елбасы кеңесте. Алайда, әзірге дәл бұлай болып отырған жоқ. Индустрияландыру картасында агроөнеркәсіп кешені, металлургия салалары кеңінен қамтылғанмен, мұнай-газ секторына қатысты жобалар қалыс қалған. Елімізге мұнай-газ секторына, соның ішінде, химиялық реагенттерді, мұнай-газ жабдықтарын шығаратын шағын және орта кәсіпкерлік жобалар қажет.
Елбасының айтуынша, елімізде мұнай-газ өнеркәсібін өркендетуге негіз қалайтын мол әлеует бар. Мәселен, “Теңізшевройл” бірлескен кәсіпорны мұнай өндіруді 22,5 миллион тонна деңгейіне жеткізді. Ал биыл өнім өндіру деңгейі бұдан да жоғары болатыны айқындалып отыр. Биылғы 10 айда аталған кәсіпорын 21,3 миллион тонна мұнай өндіріп, жылдық жоспарланған өнім өндірудің 97 пайызына қол жеткізді. Атырау мұнай өңдеу зауытында еуростандарттарға сәйкес ашық түсті мұнай өнімдерін шығаруды ұлғайтуға, сонымен бірге шығарылатын өнімдер түрін көбейтуге кең жол ашатын модернизациялау жобасы жүргізіліп жатыр. “Ұлттық мұнай-химия технопаркі” арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жаңаша серпін береді.
Кеңесте Мұнай және газ министрінің орынбасары Әсет Мағауов Қазақстандағы мұнай-газ өнеркәсібінің перспективалық жобаларының маңызы туралы хабарлама жасады. Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасына орай Индустрияландыру картасына енгізілген мұнай-газ саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру барысында 5 триллион теңгеден аса қаржы игерілмек. Бұрын тек құрлықтан ғана мұнай-газ өндіріп келген Қазақстан мұнайшылары үшін таяудағы жылдарда ерекше жоба іске асырылмақ. Бұл – Каспий теңізінен мұнай-газ өндіру.
Қазақстанда мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау жобаларын іске асыру қолға алынды. Қазір Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутектер шығаратын қондырғы құрылысы басталды. Осыған орай Атырауда мұнай химиясы кешенінің де құрылысы бастау алды. Бұл әрине, еліміздегі мұнай химиясы саласын өркендетуге тың серпін беріп қана қоймай, өзге де салалардың қоса дамуына ықпал еткелі отыр.
– Мұнай-газ саласының дамуы, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеңесті қорытындылай келе, – өзімен бірге өзге де салалардың өсуіне жол ашуы қажет. Ол үшін жұмысты дұрыс ұйымдастыру керек, тиісті бақылау да болуы шарт. Біздің кен байлығымызды экологиялық талапқа сай игерген жөн. Бұл мәселе үнемі бірінші кезекте тұруы керек. Олай болмаған жағдайда кен орындарын игеру экологиялық апаттарға ұрындыруы мүмкін. Мексика бұғазындағы апатты ұмытуға болмайды. Мұндай апат Каспийде қайталанар болса, оның үлкен зардабы боларын үнемі есте ұстаған жөн. Мұндай апатты жағдайда әрекет етуге қажетті күш пен құралдар әлі де жеткіліксіз. Бұған Аджиптің базасында Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің оқу-жаттығу қорытындылары дәлел болады. Қазір құрылғылар мен техникалар, олардың сенімділігі мен мүмкіндігі Каспий теңізіндегі мұнай операцияларын жүргізудегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін іс жүзінде тексерілген жоқ.
Осыған байланысты Елбасы Аджип КҚО және ТШО (“Теңізшевройл”) компанияларының мұнай төгілген жағдайда шұғыл әрекет ететін Батыс Қазақстан қауымдастығын құрудың маңыздылығына тоқталды. Өйткені, әзірге жоба ретінде қарастырылған қауымдастықтың мақсаты құрлықта да, суда да төгілген мұнайды шұғыл жинап алуды, зардабын жою үшін күш біріктіруді көздейді. Елбасы бұдан өзге және бір мәселеге айрықша тоқталды. Мысалы, деді Нұрсұлтан Назарбаев, апаттық төгілген мұнайды жою жөніндегі мекеме кен пайдаланушы бір кәсіпорынмен келісімге келгеннен кейін, өзге телімдегі төгілген мұнайды жоюға құқығы жоқ. Бұл – ақылға сыйымсыз. Бұл тығырықтан шығатын бір жол – Каспий теңізінде болуы мүмкін төтенше жағдайларда шұғыл әрі тиімді әрекет ететін мамандандырылған экологиялық база құру. Әрине, бұл үшін тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізу қажеттігі де туындайды.
– Мұнай-газ секторы мен мұнай химиясы өнеркәсібін дамыту, – деді Елбасы одан әрі, – ірі жобаларсыз мүмкін емес. Сол себептен соларға байланысты айтқалы отырмын. “Теңізшевройлға” байланысты. Биылғы жылы бұл компания рекордтық көрсеткіштерге жетті. Бұл – заңды табыс. Бірақ алда мұнай өндірудің тұрақты жоғары деңгейіне шығу үшін орындалатын қиын тапсырмалар бар. Бұл жерде технологиялық шешімдерді атқаруда, Қазақстанның мүддесін сақтауда өте оңтайлы қадамдар жасалуы тиіс. Алауларда жанатын газ көлемін азайту және күкіртке байланысты мәселелер әлі де маңыздылығын жойған жоқ. Бұдан басқа ТШО Мұнай және газ министрлігімен бірге ішкі рынокты газбен қамту мәселесін ойластыруы керек. Бұдан әрі Елбасы Қашаған жобасына байланысты барлық мерзімдер бекітілгеніне, ол мерзімінде орындалуы тиіс екеніне, жоба операторы жұмыстарды мерзімінде атқаруы қажеттігіне тоқталды. Ал мұнай химиясы кешенінің құрылысын бастауға бір жарым жылдай уақыт кеткенін баса айтты. Өзім қаржы тартқан жобаны іске асыруды дәл осылай кешеуілдетуге болмайды. Үкіметке осындай кешеуілдетудің себептерін сараптауды, нақты мерзімін белгілеп, баяндауды тапсырамын, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы облыстық әкімдіктің тапсырысы бойынша “Теңізшевройл” ЖШС қаражатына салынған №3 жаңа су тазарту стансасына да барды. Оның құрылысына шетелдіктермен бірлескен кәсіпорын 1 млрд. 670 млн. теңге көлемінде қаражат бөлді. Қазір құрылысы аяқталған су тазарту стансасы “Атырау Су Арнасы” КМК-нің (директоры – Серік Жұмашбаев) меншігіне берілді. Жобалық қуаты тәулігіне 30 мың текше метр құрайтын №3 сүзу стансасы жоғарғы қабаттағы су көзін өңдеуге арналған. Араластыру камерасы, флотаторлар, жедел сүзгілер станса кешеніне кіреді. №3 фильтрлеу стансасында су үш реагент арқылы бірнеше деңгейден өтіп өңделетіндіктен, одан шығатын судың сапасы барлық санитарлық нормалар мен стандарттарға сай болады. Экономикасы қарқынды дамыған, соған орай тұтынушыларының қатары өсе түскен аймаққа мұндай су тазарту кешені аса қажет болатын. Енді қалалық билік үшін облыс орталығындағы тұрғындарды ауыз сумен толық қамтамасыз етуге жаңа мүмкіндік туды.
Бұдан кейін Елбасы Атырау қаласының іргесіне орналасқан жылыжай мен көкөніс қоймасында болды. Жаңа жоба 2010 жылдың күзінде пайдалануға берілді. Нысан тапсырыс беруші “Жайык Агро” КМК-іне 766 млн. теңгеге шықты. Нысанның меншікті қазандығы, су сақтайтын резервуары, кәріздік сорғы стансасы, қалдықтарға арналған қоймасы, өлшеу орны және әкімшілік ғимараты бар. Көкөніс қоймасының қызметін кез келген кәсіпорын пайдалана алады. Облыс әкімі Бергей Рысқалиев Елбасына өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын нақты көрсеткіштермен баяндап берді. Ал Елбасы ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен пікірлесіп, сапалы ауыл шаруашылығы тауарын өндіру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызына тоқталды.
Жақсыбай САМРАТ, Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.