“Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы
Мал шаруашылығындағы маңызды шара ветеринарияны жолға қоюға байланысты жасалатын болды Атағы жер жарған академик И.П.Павлов бір кездері “Медицина – адамды, ал ветеринария адамзатты емдейді” деген екен. Бүгінде қанатты сөзге айналып кеткен осы ойдың астарында терең мағына бар. Қазақ “Ауру – астан” деп түсінетін болса, сол астың көже-қатығы мал шаруашылығымен байланыста жатыр. Егер мал ауру болса, адамды аурудан сақтап қалу да қиын. Жасыратыны жоқ, егемендік алған алғашқы елең-алаң жылдарымызда біз мал шаруашылығын біраз тұралатып алдық. Соның ішінде малды емдейтін ветеринария саласының ахуалы тіпті “жылап-көрісетіндей” халге жетті. Енді, міне, сол кемшіліктің орнын толтыратын кез келді. Соны жақсы сезінген Үкімет өткен аптадағы отырысын осы салада қордаланып қалған көкейкесті мәселелерді талқылауға арнады. Бұл жолғы формат өзгеше сипатта – Астана мен Өскемен арасын жалғаған бейнережімдегі селекторлық кеңес түрінде өтіп, онда бір кездері өркендеудің биік белесіне иек артқанымен, тоқсаныншы жылдардың түйісінде тоқырауға ұшырап, кейінгі кезеңдері кенжелеп қалған саланы қайтадан табанынан тік тұрғызып алудың тетіктері қарастырылды. Аса маңызды стратегиялық сала болғандығынан шығар, Үкімет бұл жұмыстарды ветеринарияға мемлекеттік монополия орнату арқылы шешуді дұрыс санап отыр. Осы кеңестің қарсаңында шығыстағы мал шаруашылығын дамыту мәселесіне арналған республикалық семинарға қатысқан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев желідегі диалогқа Өскеменнен қосылып, осы ойдың түйінін түйіп берді. “Біз ветеринария туралы заңға бірқатар өзгерістер енгізуді жөн көрдік. 2011 жылдың 1 ақпанына дейін енгізілетін өзгерістер екі бағытты қамтиды. Біріншісі – аудандық деңгейде міндетті түрде ветеринариялық стансаларды құру қажет. Екіншісі – ветеринариялық қызмет көрсету саласына мемлекеттік монополия орнату керек”, – деді ол өз сөзінде. Расында, бүгінде “күні бітуге” қараған ветеринария саласына түбегейлі реформа жүргізудің қажеттілігі баяғыда туған. Ендігі бағытын индустриялық жолмен дамудан іздестіріп отырған еліміз сол мақсатына жету үшін ауыл шаруашылығын кешенді өркендетуді де негізгі басымдықтар қатарына көтерді. Соның арқасында соңғы жылдары аталмыш салаға бұрын-соңды болмаған дәрежеде қыруар қаржы бөлініп жатыр. Дегенмен, мал шаруашылығындағы көптеген проблема әлі дүре тимеген қалпында тұр. Соның негізгісі ветеринария саласына қатысты. Айталық, бүгінде еліміз астық пен ұнды сыртқа шығаруда пәлендей кедергілер көріп отырған жоқ, ал етті экспорттауда толарсақтан қағатын тосқауыл жеткілікті. Қазақстаннан шыққан ет пен ет өнімдерін іргеміздегі Ресей алып сатарларының өзі алуға құлықты емес. Себеп – біздің етіміз ветеринарлық-санитарлық талаптарға сай келмейді. Ал мұның соңын індетіп іздетсек, ол республиканың ветеринария саласындағы жылдар бойы қордаланып қалған түйінді түйткілдеріне жетелеп апарады. Сол тізбектің ұшынан сосын ауылды жерлерде мал дәрігері мамандарының жеткіліксіздігі, олардың кейбір елді мекендерде мүлде жоқтығы, мал соятын құшханалар мен қасапханалардың кемдігі, қолда барының өздері талаптарға жауап бермейтіні, тиісті деңгейде бақылаудың жоқтығы, өңірлерде ара-тұра малдан жұғатын індеттердің орын алуы сынамалап шыға береді. Айтатыны жоқ, еліміздегі ветеринариялық бақылау жүйесін түбегейлі өзгертетін уақыт жеткені рас. Осы сөзді селекторлық кеңесте Ө.Шөкеев қадап тұрып айтты. Оның пікірінше, бұл үшін ең алдымен бақылау құрылымын оңтайландыру, әрбір ауылды мал дәрігерлерімен қамтамасыз ету, қазіргі ебедейсіз және теңгерімсіз жүйеден бас тарту сияқты нақтылы шаралар қолға алынғаны абзал. Осы ойды одан әрі тереңдеткен ол: “Кадрларға қатысты айтатын болсақ, ветеринария саласындағы жас мамандардың ауылда жұмыс істеуге ынтасын арттыру тетігін ойластыру қажет. Әрине, бұл оңай шаруа емес, проблемалар бар. Алайда, оларды шешу көп қаржыны қажет етпейді”, – дегенді де жеткізіп қойды. Оның сөзіне қарағанда, ветеринария саласын дұрыс жолға қою үшін алдағы 3 жылда 61 млрд. теңгеге жуық қаржы қажет. Былайынша айтқанда, алдағы кезеңде республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 33 млрд. теңге, ал жергілікті бюджеттерден 28 млрд. теңге қаржы бөлу қарастырылмақ. “Кадр мәселесі” дегеннен шығады, елімізде мал дәрігерлерінің жетіспеушілігі өңірлердегі эпизоотиялық ахуалдың төмендей түсуіне апарып соқтырып отыр. Бұған мысал ретінде үстіміздегі жылғы жазда Павлодар және Алматы облыстарында орын алған оқиғаларды келтірсек те болады. Дәлірек айтсақ, биылғы маусым-шілде айларында Павлодар облысының Ребров және Қаракөл ауылдары мен Алматы облысының Қазатком ауылы сиырдың қарасан індеті таралуына байланысты карантинге жабылған болатын. Ал аталмыш жануардың бұл ауруы адамдарға да жұғады. Өкінішке қарай, сол оқиғаның салдарынан Павлодар облысында дерт жұқтырып алған бірнеше адам бақилық болып кетті. Бұл мәселеге тек үкіметтік деңгейде келіп, шұғыл шаралар қолдану нәтижесінде ғана індеттің кең таралуына жол берілмей қалды. Кейіннен анықталғанындай, Павлодар облысында мүйізді ірі қараның қарасан індеті пайда болуына Жолқұдық ауылдық округінің ветеринар-дәрігеріне ескертпестен, адамдардың малдарды елді мекеннен тысқары жерлерде бақылаусыз жаю оқиғасы себеп болыпты. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде малдардың қарасан індетімен ауырғаны және одан кейін адамдарға жұғу фактісі толығымен анықталды. Қарасан ауруының шығуына жергілікті атқарушы органдар жұмысындағы кемшіліктердің де әсері тиген. Мұны сол кезде Астанада өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Ахметжан Сұлтанов жақсы келтірді. “Егер аталмыш елді мекендерде мал ветеринарлық испекторлардың қадағалауымен ветеринария талаптарына сәйкес сойылған болса, онда мұндай жағдай орын алмаған болар еді, – деді ол. – Әдетте, талап бойынша мал ветеринарлық дәрігердің қадағалауымен сойылады, яғни малды соймастан бұрын және сойғаннан кейін медициналық тексеру жүргізіледі. Осындай қадағалаудың және қорытындының негізінде ветеринарлық құжат беріледі. Аталмыш ауылдық округте мұндай жұмыс жолға қойылғанда, бұл жағдай болмас еді. Павлодар облысы әкімдігінің және Мемлекеттік инспекция комитетінің келісімі бойынша, Жолқұдық округіндегі Алғабас ауылында мал соятын алаңның құрылысын салу жоспарланған. Алайда, қазірге дейін мұндай алаң салынған жоқ. Ең жақын мал соятын алаң 50 шақырым жердегі Ақсу қаласында. Осы жағдайлар әлгіндей ауыр зардапқа жеткізді”. Шындығында да мұндай оқиғалардың орын алуына кадрлардың жеткіліксіздігі мен біліксіздігі себеп болып жатады. Осыдан-ақ ветеринария саласының қазіргі хал-ахуалын пайымдау қиын емес. Қазіргі таңда ауылдық жерлердің мал дәрігерлері мамандарына қаншалықты зәру екенін мына деректерден де білуге болады. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, жалпы, қазіргі күні елімізде бар 7 066 ауылдық елді мекеннің 3 094-інде немесе 44 пайызында ветеринар мамандар жоқ. Ал қалған ауылдық елді мекендердегі бір мал дәрігері маманына түсетін жүктеме бекітілген нормативтен әлдеқайда көп. “Мойындау қажет, мұндай жағдай министрліктің агроөнеркәсіптік кешендегі Мемлекеттік инспекция комитеті ветеринарлық инспекциясының қызметі тиісті деңгейде еместігін көрсетеді. Бақылау-қадағалау қызметін жүзеге асыру кезінде инспекция тарапынан принциптілік пен қатаңдықтың жоқтығы құқықтық нигилизмге, ветеринариялық құжаттарды параға сатып алушылықтың және қолдан жасаушылықтың өркендеуіне алып келді. Осының барлығы, сайып келгенде, жекелеген өңірлердегі эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына әкелді, бұл өз кезегінде қайғылы жағдайларға да әкеп соқты. Оған Павлодар облысындағы адамдардың өлімі мысал бола алады”, – деді министр осыған орай. Министрдің пайымынша, малдәрігерлік білім алған тәліптердің көпшілігі мамандықтары бойынша жұмысқа тұра бермейді. Статистика бойынша, олардың төрттен бірі ғана өз мамандықтарына кіріседі, қалғандарының дені қалаларда қалып қояды. Бұл өз кезегінде жыл сайын жергілікті жерлерде малдәрігерлік мамандардың жетіспеушілігін ұлғайта түседі. Осыдан келіп, бұл деректер жалпы ветеринариялық қызметтің тиімсіз жұмыс істеуінің негізгі себептерінің біріне айналады. Өзінің сөзінде А.Күрішбаев еліміздің мал дәрігері мамандарын әлеуметтік сала қызметкерлеріне теңестіру туралы да ұсыныс білдірді. “Бүгінгі таңда біз мал дәрігері мамандарын әлеуметтік сала қызметкерлеріне теңестіруді ұсынып отырмыз. Осы мақсатқа жыл сайын 200 млн. теңге бөліп отыру қажет”, – деді ол. Оның айтуынша, “Ветеринария туралы” заңның талаптарын орындау ісінде жергілікті жерлерде әлі де кемшіліктер көп. Соның ең бастысы, жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтерін кадрлармен қамтамасыз ету үдерісі әлі күнге дейін шешілмеген. Қазіргі таңда елімізде штаттық қызметтің 13 пайызы мамандардың жоқтығынан бос тұр. Мұның өзі жергілікті жерлердегі аса қауіпті мал ауруларына қарсы ветеринарлық-санитарлық іс-шараларды дер кезінде және сапалы жүргізуге кері әсер етіп келеді. Министрдің сөзіне қарағанда, әрбір елді мекенде өлген малды көметін орындарды салу жұмысы да өзінің оң шешімін таба алмай отыр. Қазіргі күндері еліміздің әрбір төртінші елді мекенінде қандай да бір қатерлі індеттен өлген малдарды көметін орындар жоқ, ал барының өзін ұстап тұруға іс жүзінде қаржы бөлінбейді. “Біз еті сатуға арналған малдарды міндетті түрде арнайы кәсіпорындарда, мал соятын бекеттерде және алаңдарда сою жөніндегі міндеттемені орындай алмай отырмыз. Таяудағы тексерулер көрсеткендей, пайдалануға берілген мал соятын орындардың 18 пайызы жұмыс істемейді, 2 232 елді мекенде малды арнайы бекітілген жерлерден тасымалдау ұйымдастырылмаған”, – деді министр бұдан әрі. Сонымен қатар бекітілген талаптарға сәйкес, малдарды идентификациялау қамтамасыз етілмеген. Бұл ірі қара малды ветеринариялық шаралармен толық қамтуда бақылау болмауына жеткізіп отыр. Аз айтайық, көп айтайық, еліміздегі ветеринария саласының қазіргі ахуалы тап осындай. Ендеше, бұл тұйықтан шығудың төте жолдары қандай? Ауыл шаруашылығы министрінің пікірінше, жергілікті атқарушы органдарда коммуналдық ветеринариялық кәсіпорындар құрған дұрыс. Осы арқылы кадр мәселесін оңды шешудің түйіні тарқатылады. Бұған қоса, Халықаралық эпизоотиялық бюро талаптарына сәйкес, республикадағы малдардың барлығы ветеринарлық-профилактикалық шараларға тартылуы тиіс. Сол мақсатта мал қаны жыл сайын екі рет диагностикалық тексерулерден өтуі керек. Мұның үстіне, облыстар мен аудандарда қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған ветеринариялық зертханалар болуы шарт. Ал әзірге осындай зертхана 11 облыс пен 1 ауданда ғана бар. Енді жыл соңына дейін тағы 8 ауданда ашылатын болады. Жалпы, алдағы уақыттарда мұндай 106 зертхана салу мен оларды керекті құралдармен жабдықтау міндеті қойылып отыр. Біздіңше, жылдар бойы діңі қатқан мұздың көбесі сөгіле бастаған сияқты. Сол арқылы күрмеуі күрделі ветеринария саласы үлкен сілкініске әзірленіп жатыр. Ендігі міндет осы межеге алынған нақтылы жұмыстардың иінін босатып алмай, оларды діттеген жеріне дейін жеткізу болмақ. Себебі, индустрияландыру бағдарламасының табысты орындалуы ауыл шаруашылығы саласын, соның ішінде мал шаруашылығын қарқынды дамытумен тікелей байланыста жүреді. Қазіргі күндері мал шаруашылығының қазақ үшін ұлттық ұстын болуы керек екені жиі айтылып жүр. Расында да, біздің ата-бабадан жалғасып келе жатқан дәстүрлі салтымыз болып табылатын бұл саланы бұдан әрі шайқалта беру бәріміздің азаматтығымызға сын. Заман қаншама өзгергенімен, ауылдағы қара қазақтың қазіргі кездегі негізгі тіршілік көзі осы мал шаруашылығымен тығыз байланысты екені де жасырын емес. Тіпті қалада тұрған жұрттың өзі мал шаруашылығы өнімдерінсіз күн көре алмайды. Мәселеге осы тұрғыдан қарар болсақ, Үкіметтің ветеринария саласына түбегейлі реформа жүргізу жөніндегі қадамын қуана құптауымыз керек. Серік ПІРНАЗАР. Өнеркәсіп өндірісінің өркені Қазақстанның үстіміздегі жылғы қаңтар-қазан айларындағы өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 110,4 пайызға өсті. Бұл өсім еліміздің 14 өңірінде байқалды. Өнімнің салыстырмалы кезеңнен төмендеуі тек Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан ғана көрініс тапты. Мұны тө-менде жарияланып отырған “Өңірлер бойынша өнеркәсіп өнімі көлемінің өсуі” деп аталатын кестеден анық көруге болады. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі бойынша 128,9 пайыздық көрсеткішпен Ақмола облысы жеке-дара көш бастады. Аталған аймақта осы аралықта құрамында алтыны бар кендер мен құймалар, өңделмеген алтын, мойынтірек (подшипник) өндірісі өсті. Екінші орындағы Алматы қаласында өнімнің өсуі алдыңғыдан сәл ғана қалып қойды. Мұндағы көрсеткіш – 128,1 пайыз. Ол оңтүстік астанада алкогольсіз сусындар, сыра, шырындар, тазартылған күнбағыс майы, ірімшік пен сүзбе, майонез, шай мен кофе, бетоннан жасалған құрылыстық құрылғылар, сандық есептеуіш мәшинелер шығару есебінен артты. Бұдан кейінгі үшінші орынды, әйгілі бір әнде әуелете шырқалатындай, “фосфорлы Жамбыл” теңеуін алған өскелең өңір еншілеп отыр. Қарт Қаратау мен ақбас Алатаудың қойнауындағы аймақта есепті мерзімде осы жерлердің басты байлығы – фосфор, фосфатты шикізат, қант, жылу энергиясының өсуі есебінен өнім көлемі 120,8 пайызға көтерілді. Кестеде төртінші сатыға орналасқан Павлодар облысында бензин, газойль-дер, керосин, мазут, фер-рохром, ферросиликомарганец, ферросиликохром, алюминий, көмір, электр энергиясының өндірісі жоғары болды (120,8%). Ал үздік бестікті Қостанай облысы тұйықтады. Тобылдың суымен көркейген байтақ өлкеде теміркенді шекемтастар пен құймалар, біріктірілген темір кені, бокситтер, асбест, шоколад, ұнның өндірісі едәуір өсті (117,5%).Өңірлер бойынша өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индекстері пайызбен
2010 ж. 2010 ж. қазан 2009 ж. 2010 ж. қаңтар- 2010 ж. қыркүйекке қазанға қазан қыркүйекке 2009 ж. қаңтар- 1.Ақмола 125,3 96,1 161,0 128,9 2.Алматы қаласы 125,0 114,9 156,4 128,1 3.Павлодар 124,7 111,8 78,1 120,0 4.Оңтүстік Қазақстан 118,7 76,0 104,1 117,2 5-6.Жамбыл 118,5 99,9 141,0 120,8 5-6.Қостанай 118,5 100,1 108,5 117,5 7.Атырау 115,8 106,9 101,2 114,3 9.Алматы 112,1 113,2 118,6 112,8 10.Шығыс Қазақстан 110,6 97,5 100,0 109,5 11.Қарағанды 106,6 104,0 106,3 106,6 12.Астана қаласы 105,3 120,8 139,0 108,7 13-14.Маңғыстау 102,0 99,7 102,4 102,0 13-14.Қызылорда 102,0 97,6 92,1 101,0 15.Солтүстік Қазақстан 99,1 112,4 101,6 99,4 16.Батыс Қазақстан 97,1 198,6 97,3 97,1 Орта буын саналатын келесі толқынның басын Оңтүстік Қазақстан облысы өзінің мұнай өңдеу, ядролық материалдар, трансформаторлар, цемент, ұн шығару арқылы қол жеткізген 117,2 пайыздық көрсеткішімен бастап, алтыншы орынға табан тіреп тұр. Ал жетінші орын Еуразияның кіндігіндегі Атырау облысының еншісіне тиеді. Жайық жағасындағы жұрттың өнеркәсіптегі басты табысы мұнай және мұнай өңдеу өнімдерінен құралып, ол салыстырмалы кезеңде 114,3 пайыздық деңгейді бағындырды. Сегізінші орындағы Алматы облысында бұл көрсеткіш 112,8 пайыздан қайырылады. Жетісудың аясында шырындар, алкогольсіз сусындар, сыра, ғанышкартон, бетоннан жасалған құрылыстық құрылғылар, аккумуляторлар, электр энергиясының өндірісі өскен. Тоғызыншы орындағы Ақтөбе облысының жеткен жетістігі бұдан сәл қалық, мұнда 111,8 пайыздық мөлшермен мұнай, хром, мыс кендері мен құймалары, феррохром, хром ангидриды, хром тотығы мен натрий бихроматы секілді кендерді өндіру артқан. Келесі оныншы орын 109,5 пайыздық өндірістік өсімі бар Шығыс Қазақстан облысына бұйырады. Алтай мен Ертісті ен жайлаған аймақта нақты көлем индексі 109,5 пайызды құрады. Онда тас көмір, тазартылған алтын, қорғасын, күнбағыс майы, цемент, тракторлар, жеңіл автомобильдер өндірісі жоғары болды. Орта буындағы топты Астана қаласының өндіріс орындары тиянақтайды. Елордада осы уақыттарда сүт, нан, кондитерлік бұйымдар, пластмассадан жасалған құбырлар, түтіктер, есіктер мен терезелер, преформалар, жылу энергиясын шығару орта есеппен 108,7 пайыздық өсімді көрсетті. Ендігі кезекте көш соңындағы бестікке келеміз. Оның басында көмірлі Қарағанды облысы өндірісшілері тұр. Осылай он бірінші орынға жайғасқан өлкеде тас көмір, мыс кендері мен құймалары, тазартылған мыс, мырыштандырылған илек, ақ қаңылтыр, мыстан жасалған сым, жылу энергиясының өндірісі жоғары болып, орташа 106,6 пайыздық өсімді қамтамасыз етті. Бұл жолы мұнайлы Маңғыстау облысы он үшінші орынды қанағат тұтты. Қазыналы түбектің өндірісшілері мұнай, көмірсутекті сұйытылған газдар, пластмассадан жасалған құбырлар мен түтіктер өндірісін арттыру есебінен 102 пайыздық өсімге қол жеткізді. Ал салыстырмалы уақыт аралығында өсімге иек артқан өңірлер Қызылорда облысымен тәмамдалады. Осы өсімі бар аймақтардың ең соңында қалған Сыр өңірінің еңбек адамдары ілеспе мұнай газын, түйіршіктер және тас үгіндісін, күрішті, электр және жылу энергиясын шығаруды жолға қойып, мұнай мен газды өндіру саласындағы қызмет көрсетуді өсіріп, 101 пайыздық өсімді еншіледі. Жоғарыда айтқанымыздай, бұдан соңғы екі облыс — Солтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстанда өнеркәсіп өнімдерін өндіруде кері кетушілік орын алған. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында сүт, сары май және рапс майы, макарондар, бетон, жүк вагон-дары, электр энергиясының өндірісі төмендеп кеткен. Бұл аймақ өсімін 99,4 пайызбен тоқталуына апарып жеткізді. Сол сияқты Батыс Қазақстан облысында газ конденсаты, табиғи газ, газойльдер, электр энергиясы өндірісінің төмендеуі есебінен нақты көлем индексі 97,1 пайызды құраған. Жалпы, еліміз бойынша 2010 жылғы қаңтар-қазанда кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлер қазуда нақты көлем индексі 105,4 пайыз болды. Соның ішінде темір кенін (115,3%), шикі мұнай (105,4%), табиғи газды (101,9%), көмір және лигнит (101,1%), өндіру біршама өсті. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінде 18,7 пайыздық өсу тіркелді. Тамақ өнімдері және сусындар, металл емес минералды өнімдер, мұнай өңдеу өнімдері, электр жабдықтары, мәшинелер мен жабдықтар, автокөлік құралдары, химиялық, қара және түсті металлургия өнімдерінің өндірісі өсті. Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда электр энергиясын өндіру, беру және бөлу көлемі 7,1 пайызға, бу беру және ауа баптау жүйелері 3,3 пайызға артты. Сумен жабдықтаудың нақты көлем индексі 105,5 пайызды құрады. Осы сандар еліміздің өнеркәсіп саласында тұтастай алғанда жақсы өсім болғанымен, бәзбір облыстардың әлі артта қалып келе жатқанын көрсетіп берді. Сәкен МАЙЛЫБАЙ. Астана көрмеге дайын Жуырда Астанада “ЭКСПО-2017” халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу өтінімін жылжыту және ілгерілету жөнінде халықаралық конференция өтті. Оған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова, Үкімет мүшелері, сондай-ақ Халықаралық көрмелер бюросына мүше елдердің Астанадағы дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары қатысты. Басқосудың басты мақсаты аталған көрмеге Астананың өтінімін жылжыту мен ілгерілетудегі дайындық жұмыстарымен таныстыру болды. Халықаралық игі шараға арналған таныстырымдар 19 қарашада Испания астанасы Мадрид қаласында, ал 24 қарашада Франция астанасы Парижде Қазақстанның осы елдердегі елшіліктерінің ұйымдастыруымен өтпек. Сондай-ақ келер жылдың маусымында Қазақстан Халықаралық көрмелер бюросына өтінім мәліметтерін тапсыруды және ХКБ-ның Бас Ассамблеясының отырысында алғашқы тұсаукесер өткізуді жоспарлауда. Энергетика және экология мәселелерінің ерекше маңыздылығын есепке ала отырып, Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастыққа “ЭКСПО-2017” көрмесін өткізуде “Болашақ энергиясы” тақырыбын ұсынбақшы. Бұл өз кезегінде қуат қорлары мен баламалы энергия көздерін енгізу, күн, жел, теңіз, мұхит және термальді сулардың энергетикалық қорлары секілді адамзат үшін маңызы зор мәселелерді қозғауға жол ашпақ. ЭКСПО көрмелері мамандандырылған және әмбебап болып екіге бөлінсе, оның алғашқысы екі әмбебап көрменің аралығында үш айдан артық емес уақытта, 25 га жерден аспайтын аумақта және ортақ тақырыпта өткізілуі тиіс болса, екіншісі бес жылда бір рет алты айдан аспайтын кезеңге, ауданы шектелмей, барлық қатысушыларға ортақ тақырыпта өтеді. Қазақстан ХКБ-ға 1997 жылдан мүше болып келеді және Аичи -2005, Сарагоса-2008 , Шанхай-2010 ЭКСПО көрмелеріне қатысты. Қазіргі таңда еліміздің Есу-2012 мен Милан-2015 ЭКСПО көрмелеріне қатысуына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сарагосадағы “ЭКСПО-2008” көрмесі қорытындысында 104 мүше мемлекеттер арасында еліміздің павильоны сыртқы және ішкі безендіру, ішкі дизайн, “Су және тұрақты даму” тақырыбына байланысты экспозиция сапалары белгілері бойынша жүлделі үшінші орынға ие болды. Мемлекет басшысының осы көрмеге сапары кезінде осыған ұқсас шараны Астанада өткізу қажеттігі туралы айтылған-ды. Бұл шара көрме нысандарының құрылысына инвестициялардың елеулі көлемдерінің тартылуы мен қаланың инфрақұрылымының дамуына зор ықпал етпек. Сонымен қатар жаңа және жаңартылған мейманханалық кешендердің құрылысына, ішкі туризмнің дамуына да өзіндік серпін берсе, көп ұлтты мәдениеті мен дәстүрлері бар еліміздің меймандостығын әлемге паш етуде де үлкен маңызға ие. Биылғы жылы қыркүйек айында Елбасының Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысымен кездесуі өткен-ді. Онда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев В.Лоссерталес мырзаға еліміздің “ЭКСПО-2017” көрмесін өткізу құқығына кандидат болуға ниетінің үлкен екендігіне кепілдік беретінін ерекше атап көрсеткен болатын. Осылайша “ЭКСПО-2017” көрмесін Астанада өткізу Қазақстанның ұлттық идеясына айналып отыр. Оған дайындық жалғаса бермек. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. Экономикалық жағынан тиімді жобалар Елбасының биылғы Жолдауында өңірлерде бизнестің жаңа тобын құру мен дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу тапсырылған. Осылайша үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес өңірде тың жобалардың тиянағы келтіріліп, жұртшылықтың әлеуметтік жағдайы жақсарды. Ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін жобалар қатарына Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қапшағай қаласындағы құрылысы аяқталуға жақын нысандарға халықты экологиялық жағынан таза өнімдермен қамтамасыз ететін Қазақ тағамтану академиясының “Амиран” балалар тағамы зауытының құрылысын жатқызуға болады. Негізгі жұмысы толығымен аяқталып, еуропалық стандартқа сай шетелдік технологиямен жабдықталған зауыттың сыртқы келбеті мен айналасын асфальттау, абаттандыру жұмыстары ғана қалыпты. Аталған кәсіпорын толық іске қосылғанда тәулігіне 12 тонна сүт, айран, йогурт, сүзбе, ірімшік, тағы басқа табиғи дәрумендерге бай балалар тағамының қоспасыз жеті түрі шығарылмақшы. Бұл сәби денсаулығын жақсартуға жасалған нақты қадам екені анық. Кәсіпорын шикізатты Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарындағы шаруашылық кооперативтері мен шаруа қожалықта-рынан келісім жасау арқылы толықтыруды көздеп отыр. Мұнда еңбек ететін мамандар қатары іріктеліп, жұмысты бастауға әзір әрі олар арнайы дайындықтан өткен. Желтоқсанда жұмысын бастайтын зауыт өз өнімін алғашқыда Алматы қаласы мен жетісулық тұтынушыларға ұсынбақшы. Өйткені, балалар тағамының сақталу мерзімі қысқа, үш-ақ күн. Саудаға шығару жұмыстары ойластырылып, бұл мәселені Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен бірлесіп шешу жағы қарастырылуда. Осы сияқты өнімді балабақша, аурухана және басқа да балалар мекемесі жанынан орын ашу арқылы өткізу жөнінде ұсыныс жасалуда. Өңірдегі ірі жобалардың бірі осы аудандағы Қайнар селолық округіне қарасты “ЮСКО” көп салалы логистикалық кешені. Биыл есігін айқара ашатын нысан құрылысы 35 мың шаршы метрге созылып, ол үш блокты құрайды. Көп салалы логистикалық кешен құрылысына оңтүстіккореялықтар 4,5 млрд.доллар көлемінде инвестиция салып, темір жол стансасына жақын орналастырған. Қазіргі кезде құрылыста 500-ге жуық адам еңбек етсе, кешен пайдалануға берілгенде жергілікті халықтан 200-ден аса адам жұмыспен қамтылмақшы. Іле ауданына жақын орналасқан селолық округте соңғы жылдары оралмандар отбасы көптеп қоныстанғанын ескерсек, олардың еңбек етуіне мүмкіндік туғаны қуантады. Іргелі жұмыстардың орталығына айналған Еңбекшіқазақ ауданындағы Қырбалтабай селолық округіндегі Қайнар ауылында да “Есік жеміс консервілеу зауыты” ЖШС италиялық технологиямен өнім шығаруда. Жолдау тапсырмасына орай аталған кәсіпорынды салуға және жабдықтауға 600 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылып, мұнда тәулігіне 600 тонна өнім өңдеуден өткізілуде. Кәсіпорын жұмысшылары биыл тұтынушыға 650 тонна томат сықпасын ұсынған. Кәсіпорын қажетті өнімді өздері өсіруде. Биыл 300 гектарға қызанақ ексе, алдағы жылы оның көлемін екі есеге көбейтпекші. Жаз бойы мұнда жүзден астам адам жұмыспен қамтылса, тұрақты жұмысшылар қатары қырық адам. Олардың еңбекақысы да жоғары. Өңірде құрылыс жұмыстары қарқын алғандықтан, қажетті материалдар шығару мәселесі де үнемі назарда. Қапшағай қаласында “ІLNO GROUP” зауытында иілген болат профильдер шығарылмақшы. Аталған құрылысты “Қазақстан даму банкі” АҚ пен серіктестіктің өзі 15 млн.доллар инвестиция салу арқылы қаржыландырыпты. Өнеркәсіп кешенінің екінші кезеңінде жылына 100 мың тонна металл бұйымдар шығару жоспарлануда. Заречный ауылына орын тепкен зауыт қазіргі кезде тұрғынжайлық, өнеркәсіптік және азаматтық нысандар құрылысына қажетті металл бұйымдар өндіріп, оған жақын шетелдермен бірге Қытай да сұраныс білдіруде екен. Қаңтар айында толық жұмысын бастайтын нысанда түйінді мәселелер де бар. Ол қаржы жетіспеушілігі. Қалайда жұмысын қалыпты арнаға түсіруді көздеген зауыт ұжымы иілген болат профильдер шығарып, өзінің бәсекеге қабілеттілігімен ерекшеленгенін айтқан артық емес. Қазіргі кезде зауытта жергілікті түрғындар есебінен 150 адам еңбек етуде Құнды құжатта жобаларды жүзеге асыру арқылы экономиканы нығайту мен халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесі нақтыланып, тапсырмалардың орындалуы арқылы бекігенін көреміз. Экономикалық жағынан пайдалы жоғарыдағы жобалар үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның шешімін тапқанының нақты дәлелі. Алматы облысы. Жаңа зауыттың жетістігі Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Қостанайға келді. Ол бұл сапарында алдымен өртсөндіргіш қаптама шығаратын зауыттың лентасын қиды. Өрт сөндіру кезінде аса қажетті бұл құралды Қазақстан осыған дейін Ресейден алатын. Тығырықтан шығар жол табылды, міне, енді ол өзімізде өндірілетін болады. Өртсөндіргіш қаптама өрт сөндіру мәшинелеріне, ғимараттарға пайдаланылады. Резеңке шлангінің сырты күймейтін жіптен тоқылып, қапталады. Осы күймейтін жіп Ресейдің Челябі облысынан алдырылады. Оны тоқитын станок-жабдық 1 миллион долларға Еуропадан алдырылды. “Өрт сөндіруші” АҚ-тың Қостанай филиалы болып саналатын бұл зауыт еліміздегі өртсөндіргіш қаптама шығаратын алғашқы өндіріс кәсіпорны. – Ғимараттардағы өртсөндіргіштердің барлығы да Кеңес одағынан қалған. Бүгінде олардың тозығы жетіп тұр. Зауыт осы өндірістің алғашқы сатысы болып саналады. Екінші сатыда зауыт жұмысы әлі де кеңейтіледі,–деді Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко. Айтпақшы, зауытта тек өрт сөндіргіш жең ғана емес, құрылысқа қажетті құбырлар, басқа да заттар шығарылады. Министр зауыт өндірісі кеңейтілгенде, ол өртсөндіргіш жеңмен республика рыногын қамтамасыз ететінін айтты. Бұл елімізде жүзеге асып жатқан индустриялық-инновациялық бағдарламаның бағытына да, мақсатына да жауап береді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай. Көрсеткіштер дамуға жетелейді Биылғы жылдың үшінші тоқсан қорытындысы бойынша индустриялық-инновациялық даму қарқыны жағынан облысымыз бірінші орынға шықты. Еліміз бойынша жасалған рейтинг көрсеткіштері барысында облыстағы он аудан үздіктер қатарынан көрінді. Осындай мазмұнда өткен жиылыста мұндай жағымды жаңалықты облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті. Яғни, өңірдің қай саласы болмасын даму үрдісі қарқын алып, үшінші тоқсан қорытындысында жалпы, өнім көлемін өткен жылға қарағанда 125 пайызға дейін арттыруға қол жетті. Облыс орталығының іргесінде орналасқан Павлодар, Шарбақты, Железин аудандары шағын бизнес кәсіпорындарының үлесі, бөлшек сауда айналымы, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару, шағын бизнес құрылымдарының саны, негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемінің қарқыны бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Облыстағы Ақтоғай және Лебяжі аудандары бұрынғыша республикалық рейтинг көрсеткіштері бойынша артта қалып келеді. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының мәлімдеуінше, облыста ішкі сұраныстың артуы, экспорттық бағыттағы өнімдерге баға конъюнктурасының оң әсер етуі, өнеркәсіптік өндірістің 24,7 пайызға өсуіне ықпал еткен. Бұл күндері өңірдегі барлық өндіріс орындары тұрақты жұмыс істеуде. Облыста 54 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Жыл басынан бері 12 жаңа жоба іске қосылды. Ал жыл соңына дейін тағы да 18 жобаны іске қосу жоспарлануда. Жаңа жобалар іске қосылғанда өңірде 2650 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, отандық тауарлар мен қызметтердің барынша өтімді болуына да көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері облыстың тауар өндірушілерінің ұлттық компаниялар мен ірі кәсіпорындармен жасаған келісім-шарттары өткен жылмен салыстырғанда 41 пайызға артып отыр. Ауыл шаруашылығында да даму қарқыны байқалды. Жалпы өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға өскен. Ауылшаруашылық басқармасының хабарына қарағанда, рынокты жергілікті өңдеуші кәсіпорындардың өнімдерімен толтыру бағытында жыл басынан бері 12 өңдеуші нысан ашылды. Ал, жергілікті жерге инвестиция тартуда. Павлодар, Шарбақты, Железинка және Май аудандары, Екібастұз қаласы көш басында келеді. Тұрғындардың ақшалай кірісі 21 пайызға өскені, жалақының өсуі барлық салаларда көрініс тауып отыр. Жұмыссыздықтың жаппай белең алу жағдайы жоқ. Жыл басынан бері 9 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Бұл күндері облыс әкімдігі тарапынан өнеркәсіптік саладағы оң өзгерістерге, бағаны тұрақты ұстап тұруға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде. Өңір бойынша азық-түлік бағалары тұрақты, нан қымбаттамайды. Сонымен қатар қыс және көктем мезгілдерінде көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында алынған өнімдерді сақтау жұмыстары да жүргізілуде. Қазір баға тұрақтылығын сақтау мақсатында Павлодар ауданы өздері өсірген көкөніс өнімдерін жәрмеңкелерге шығарып, әлеуметтік дүкендерге жеткізіп жатыр. Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысынан көкөніс жеткізу мәселелері де қарастырылуда. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы. Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары Қазақстан Республикасының Үкіметі www.government.kz Ішкі істер министрлігі www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі www.eco.gov.kz Білім және ғылым министрлігі www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі www.mz.gov.kz Көлік және коммуникация министрлігі www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі www.enbek.gov.kz Қаржы министрлігі www.mіnfіn.kz Әділет министрлігі www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі www.emer.kz Мәдениет министрлігі www.sana.gov.kz Байланыс және ақпарат министрлігі www.bam.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі www.mіnagrі.kz Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі www.mіt.kz Экономикалық даму және сауда министрлігі - www.mіnplan.kz Туризм және спорт министрлігі www.mts.gov.kz Мұнай және газ министрлігі www.memr.gov.kz Статистика агенттігі www.stat.kz Жер ресурстарын басқару агенттігі www.auzr.kz