Тұсаукесер рәсімін ашып, оның модераторлығының тізгінін ұстаған Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов: “Лауазымды қызметтер атқарып жүріп те қаламынан қолын да, көзін де үзбеген, қайта қаламгерлігінің өрісін кеңейтіп, зерттеушілік еңбекпен де шұқшия шұғылданып келген, аудармашылығына қоса поэзияға деген сарапшылығы тағы бар автордың бүгінгі жұртшылыққа таныстырып отырған еңбегі “Қашаған құрықтаған Қазақстан” деп аталады. Қаны, жаны, сөзі қазақ болса, бірден тамсанып түсіне қояды. Сауытбектің жаңа кітабы қазақтың халықаралық кеңістікке шығуының соңғы 10 жылдығының жылнамасындай. Кітаптың басты кейіпкері – еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Олай болуы заңды. Конституцияға сәйкес мемлекетіміздің сыртқы саясатымен халықаралық қатынасын қамтамасыз ету – Президенттің құзыры. Ал заңға жазылып бекітілгенімен ол өздігінен жүріп кетпейді. Оны жасындай жарқыратып, ықпалын арттырып, мәртебесін көтеріп, көпшіліктің назарын аударып жүргізетін, мойындататын тұлға. Сауытбектің шеберлігі Елбасының сондай ұтқыр саясаткерлігін, оның ерекшелігін сезімталдықпен, білгірлікпен баяндауында, деп сөз кезегін Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановқа берді.
– Сауытбек басылымдардың ішіндегі қарашаңырағы – “Егемен Қазақстанға” келгелі осы газетте үлкен ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістер болғанын бәріміз де білеміз. “Егеменнің” оқырмандарының саны көбейді, көтеретін тақырыптарының сапасы артты, не керек бүгін “Егемен Қазақстан” елде болып жатқан, шетелде болып жатқан жаңалықтарды сол қалпында оңға да, солға да бұрмай, әсірелемей халыққа жеткізіп отыр. Ал Сауытбек Абдрахмановтың өз қаламынан шыққан кез келген дүние оқырман жүрегіне тез жол табады. Қаламы қарымды, тақырыбы ауқымды, ойы озық, сөзі өткір, тілі тартымды автор.
Жақында өте маңызды шара–ЕҚЫҰ Саммиті өтеді. Сол шараға көкірегі ояу қазақ азаматтарының бәрі өзінің үлесін қосуды армандайды. Міне, бүгінгі туындыны біз Сауытбек Абдрахманұлының сол саммитке жасаған шашуы деп білейік, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Кітап тұсаукесерінде сенатор Ғарифолла Есім, Мәжіліс депутаты Камал Бұрханов, жазушылар Әкім Тарази, Әнес Сарай, Дүкенбай Досжанов, ғалым Намазалы Омашев туынды турасындағы ой-пікірлерімен бөлісті. Мәселен, Камал Бұрханов бұл тарих ғылымындағы деректануға қосылған сүбелі үлес әрі халықаралық ірі жиындарда айтылған ой, пікірлер, хаттамадан тыс пікір алысулар енген жазбалар болғандықтан, саясаттану ілімінде де үлкен бір ғылыми еңбек болып табылады, десе, Әнес Сарай өзі саясат туралы жазылған мақалаларды оқығанда сеніп оқитын екі-үш адамы бар екенін атап өтті. Осы кісілер жалған айтпайды, осы кісілер дұрыс айтады, деп солармен бет түзеймін, соның бірі – Сауытбек. Мен оның жазғанына иланамын. Оқырманды иландыру деген де оңай нәрсе емес қой, жазғанын қызыға оқимын. Ал қызыға оқитын себеп–Сауытбекте артық сөз жоқ, үстірт, жалған сөйлеу жоқ. Безбені мықты журналист, деді ол.
Алдынан талай журналист дәріс алған профессор Намазалы Омашев: “Біз әлі Сәкеңнің жазғандарын анықтап, жіліктеп әділ бағасын бере қойған жоқ сияқтымыз. Сауытбектің жазу стилінде, адами мінезінде өзіне тән, өзгеде қайталанбайтын құбылыс бар. Ол – танымдық дүниеге, өмірді білуге көбірек құлшынатын қаламгер. Сондықтан да оның жазғандары әдебиеттен ғылыми диссертация қорғағанда болсын, журналистикалық сапарларда болсын, саясаткерлердің ішінде жүргенде болсын азаматқа керек, соны қызықтыратын дүниелерді түйіп оқырманына жеткізуімен ерекшеленеді. Міне, Сауытбек Абдрахманов қазақтың танымдық журналистикасын дамытушы сондай мықты қаламгер. Өзімнен бір-екі курс төмен оқыған Сауытбек, қарап тұрсам, бізбен қатар жүріп өсіп кеткен екен”, деді.
Модератор кеш соңында сөз кезегін кітап авторына берген. Сауытбек Абдрахманов: 19 жылдың ішінде қирандыдан, құландыдан мемлекет құрастырудың, жәй ел қатарлы мемлекет етудің өзі табыс болар еді, ал біз олардың барлығын еңсеріп, өткеріп, әлем танитын, әлем мойындайтын, енді әлем құрметтейтін елге айналдық. Осының барлығы 20 жылдың ішінде болды. Ертеңгі өтетін ұлы жиын – Саммит соның айқын айғағы, деп барша жиналған қауым мен жылы лебіз білдірген жандарға алғысын жеткізді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.