Кеше Астанадағы “Транспорт Тауэр” ғимаратында Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов автокөлік жолдары саласындағы кәсіпорындардың 2010 жылғы жұмыс қорытындыларын жария етті. Оған облыстық департаменттер, автокөлік жолдары саласындағы кәсіпорындар мен “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” жобасының мердігер компанияларының басшылары қатысты.
Елімізде өткен жылы автокөлік жолы мен республикалық маңызы бар жолдарды салу үрдісі қарқынды болды. Бір ғана “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” жолын мысалға алсақ жеткілікті. Өйткені автокөлік жолын салу барысында көптеген жаңа жұмыс орындары ашылып, сонымен қатар өзге де мүмкіндіктер аясын кеңейткені белгілі. Осы орайда министр Әбілғазы Құсайынов көлік секторына бөлінген қаражат мөлшерінің 219 млрд.теңгеден асқандығын атап өтті. Бұл көлік және коммуникация саласын қаржыландыру көлемінің 2001 жылмен салыстырғанда 8 есеге артқандығын білдіреді. 2001-2009 жылдар аралығында қолданған шаралар мен жұмсалған қаржы нәтижесінде республика көлеміндегі 32 мың шақырым жол жөнделген. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдардың 70 пайызына және жергілікті автокөлік жолдарына жөндеу жүргізілген.
Соңынан автожол саласында жемісті жұмыстарымен ерекшеленген қызметкерлер атап өтіліп, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.