23 Қараша, 2010

Апта айшықтары

351 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ЖАС ҰЛАНДАРДЫ ҚАНАТТАНДЫРДЫ Қазақстан Әнұраны авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Жұмекен Нәжімеденов ортамызда жүрсе, бір аптадан соң 75 жасқа толар еді. Алайда, өзі болмаса да артында халқымызға, әсіресе, жас ұрпаққа рухани азық болар мол мұрасы қалды. Жұмекеннің жауһар жырларын әр буындағы қандастары жатқа біледі. Құрметтейді, кейінгі толқынға насихаттай жүреді. Атырауда өткен аптада “Менің топырағым” атты мектеп оқушылары ар­асында көркемсөз оқу шеберлерінің І облыстық байқауы қорытын­дыланды. Жұмекен жырларымен қанаттанған 40-тан астам жас ұлан 4 но­минация бойынша сайысты. Оның нәтижесінде “Сахна саңлақ­тары” номинациясы бойынша бас жүлде Кенбай орта мек­тебінің (Қызылқоға ауданы) “Балауса” тобына берілді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. * * * БАТЫР ЕСІМІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатовтың 90 жылдығы туған жерінде кеңінен атап өтілді. Оның есімін иеленген ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын колледж алдында жерлесіміздің мүсіні салтанатты жағдайда ашылды. Одан кейін кітапханада компьютерлік технология жетістіктеріне арналған инновациялық жобаның және болашақ жоғары оқу орнының тұсаукесері өтті. Алматы, Астана, Қызылорда қалаларынан келген меймандар мен ба­тырдың туыстары мұражайды аралап көргеннен кейін ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Оны облыс әкімі Серік Біләлов ашып, жүргізіп отырды. Жиында Қазақстан мемлекеттік тарихы инсти­ту­тының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяған, Мә­жі­ліс депутаты Құттықожа Ыдырысов, Қорқыт Ата университетінің де­ка­ны, профессор Меруерт Аңсатова, марқұмның қызы Гүлзия Қи­за­това, тағы басқалары сөйлеп, тағылымды әңгімелер айтты. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы. * * * ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ МӘСЕЛЕСІН ҚОЗҒАДЫ Талдықорған қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдығы мен Ассамблеяның XVІ сессиясы шешімдері негізінде “Гендерлік саясаттың қазақстандық моделі” тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының бас сарапшысы, саяси ғылымдар докторы Наталья Калашникова, Президент жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, ғалым-дәрігер Нина Қаюпова, саясаттану ғылымдарының докторы, Орталық сайлау комиссиясының бас сарапшысы Венера Жексембекова, халық әртісі, “Парасат” орденінің иегері Гульвира Разиева, тағы басқалары қатысып, “Ана болу – ұлы құдірет”, “Экономикадағы әйел­­дер рөлі”, “Өнер мен саясат өрге жетелейді” деген тақырып­тарда мазмұнды әңгіме қозғады. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. * * * РЕКТОРҒА МЕМОРИАЛДЫҚ ТАҚТА АШЫЛДЫ Қазақстандағы жоғары білім жүйесінің ірі ұйымдастырушысы, Өскемен педагогикалық институтын ширек ғасыр бойы басқарған Жұмаш Уәлиевке С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мем­ле­кеттік университетінің бас корпусы алдынан мемориалдық тақта ашыл­ды. Оны осы игі іске ұйытқы болған университет ректоры, профессор Бейбіт Мамраев ашып, ұлағатты ұстаз, ғалым, бірегей басшының еңбек жолы жайлы баяндап берді. Салтанатта ұстаздың ұлы Тимур Жұмашұлы, қызметтес достары, іні-қарындастары сөз алды. Сол күні Шығыстағы қара шаңырақ білім ор­дасында “Уәлиев оқулары-2010” атты рес­публикалық ғы­лы­ми-практикалық конференция өтті. Ондасын ЕЛУБАЙ. Өскемен. * * * КЕЗЕКТІ НӨМІРІ КЕРЕКУГЕ АРНАЛДЫ Өткен аптада облыс орталығында халықаралық “Аманат” журналының облыс өңіріне арналған 5-ші нөмірінің тұсаукесер рәсімі болды.Тұсаукесер жиынға жазушы, халықаралық “Абай” клубы” және осы журналдың қоғамдық кеңесінің төрағасы Роллан Сейсенбаев қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова жазушыны “Аманат” журналының он жылдығымен құттықтап, альманах ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Ал, альманахтың 5-ші нөмірі керекулік суретшілер Әнуар Игем­баевтың, Өсербай Шұранов пен Ғалым Қаржасовтың қылқалам туын­ды­ларымен безендіріліп, атақты жерлестеріміз Жаяу Мұса, Жүсіпбек Аймауытов, Иса Байзақовтың шығармалары орын алған. Сон­дай-ақ облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың “Край ин­дустрии и новых технологий” атты мақаласы жарияланған. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар. * * * БЕЛГІЛІ МҮСІНШІГЕ ҚҰРМЕТ Осыдан төрт жылдан астам уақыт бұрын семейлік белгілі мүсінші, Қа­зақ­стан Суретшілер одағы қалалық бөлімшесінің төрағасы Мұратбек Жан­болатов жол апатынан қайтыс болған еді. Мұратбектің қолтаңбасы Абай елінде мәңгіге сақталып қалды. Сондай-ақ, оның қолынан шыққан дала данышпаны атанған Шәкәрім мен желтоқсан құрбаны, қаһарман Қайрат Рысқұлбековтің мүсіндері, ауған соғысының құрбандарына арналған ескерткіші Алаш астанасы атанған Семейдің рухани көркін ашып тұр. Достоевский мұражайын әрлеп, сәнін келтірген де осы азамат еді. Жуырда сол талант иесіне құрмет көрсетіліп, көзі ті­рі­сінде жұмыс істеген шеберхана ғимаратының қа­быр­ғасына ескерткіш тақта орнатылды. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей. * * * АУДАНДА ӨТКЕН АТАЛАР БАЙҚАУЫ Қарғалы ауданының орталығы – Бадамша ауылында “Аталар – ұлы дастаным!” атты көнекөз қариялар байқауы алғаш рет өткізілді. Мұндай ұлағатты шараны өткізуге аудан әкімі Айбек Сағиевтің өзі ұйытқы болды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ауыл-ауылдан өнерлі қарттарды іздеп тапты. Байқауға Бадамша ауылынан жасы сексеннен асқан Ғабділуаhап Молдыбаев, алпыстан асқан Байғара Бисеналиев, Жосалы ауылдық округінен Абай Докин, Ақжайық ауылынан Ысмағұл Жүнісқан, Степнойдан Тұрсынғали Егібаев, Петропавлдан Самбай Мақташев қатысты. Сайыскерлер өзін-өзі таныстыру, өнер көрсету, аңыз-әңгіме айту, сұ­рақ-жауап, бата беру номинациялары бойынша сынға түсті. Ақжайық ауы­лы­нан келген Ысмағұл Жүнісқан ақсақал өзінің өлеңдері, ақ батасы, аңыз-әңгімелерімен үзеңгілестерінен оқ бойы оза шапты. Өзге ау­ыл ағалары да өнерлерін ортаға салып, байқауға бел­сене қатысуы кейінгі ұрпаққа өнеге болды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.