Кеше Қырғызстанға бірлескен сапарлары қорытындылары бойынша БҰҰ Бас хатшысының Арнаулы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия Өңірлік орталығының басшысы Мирослав Енча мен ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының Арнаулы өкілі Жәнібек Кәрібжанов және ЕО-ның Орталық Азия бойынша Арнаулы өкілі Пьер Морель мынадай мәлімдеме жасады.
Арнаулы өкілдер елдегі жағдайды тұрақтандыру бойынша күш-жігерлерге; Қырғызстанның бүкіл тұрғындарын қауіпсіздік және тең мүмкіндіктермен қамтамасыз етуге; таяудағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек ұсынуға; жекеменшік құқын қоса алғанда, адам құқығын қорғауға; этносаралық үнқатысуды дамытуға; ұлттық татулық үдерісін ілгері жылжытуға өздерінің қолдауын тағы да қуаттайды. Заң үстемдігін нығайту, оның ішінде сәуір және маусым оқиғалары бойынша сот үдерістері кезінде қоғамды одан әрі демократияландыру мен адам құқын сақтау басты шарт. Үкіметтің осы саладағы күш-жігерін қолдау үшін нақты қадам ретінде олар Қырғызстанға Азаматтық қауіпсіздік бастамасы арқылы көмек көрсету бойынша өткен аптада қабылданған ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің шешімін қолдайды.
10 қазанда өткен парламенттік сайлаудың маңызын атап өте келіп, Арнаулы өкілдер парламентке өткен саяси партиялар лидерлерімен кездесулер өткізді және конструктивті саяси үнқатысудың қажеттігін атап көрсетіп, оларды қысқа мерзімде коалициялық өкімет жасақтауға шақырды. Қазіргі уақытта демократиялық институттарды нығайтып, биліктің заңдылығын бекемдеу өмірлік маңызды мәселе болып табылады.
Арнаулы өкілдер Қырғызстан халқының алдында, әсіресе, қыс қаһарына мінер тұста тұрған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу бойынша жұмысты жалғастырудың маңызын атап көрсетеді. Әлеуметтік және экономикалық қалпына келтіру елдің тұрақты дамуы үшін аса қажетті шарт болып табылады. Бұл үшін үкімет тарапынан жедел де нәтижелі іс-қимыл керек.
Арнаулы өкілдер Қырғыз Республикасы үкіметінің өтініші бойынша құрылып, Қырғызстанның оңтүстігіндегі оқиғаларды тергеу бойынша жұмысын бастаған тәуелсіз халықаралық комиссияның іс-әрекетін құптайды.
2010 жылдың 1-2 желтоқсанында көршілес Қазақстанда өтетін ЕҚЫҰ Саммиті ұсынатын мәселелердің маңыздылығын назарға ала отырып, Арнаулы өкілдер халықаралық қоғамдастықтың қырғыз билігіне олардың зардап шеккен аудандарды қалпына келтіру, заңдылықты нығайту және елдің және оның халқының тұрақты болашағы үшін жағдай жасау бойынша қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екенін қуаттайды.