Мемлекеттік орган, азаматтық қоғам институты және БАҚ жемқорлық дертімен күш біріктіріп күресуі керек
Кеше Орал қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы үлкен форум өткізіліп онда “Нұр Отан” ХДП Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжебай Нығмет “Ел Президенті, партия Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың жемқорлықпен күрестегі партия алдына қойған міндеттерін жүзеге асырудағы “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының міндеттері мен басымдықтары туралы” баяндама жасады. Оның басты жолын баяндамашы жоғарыда материал тақырыпшасында қойылған міндеттерден туындатты.
Аталған күресте ең алдымен партияішілік тәртіпті нығайту мен партия қызметін нақты, тиянақты әрі белсенді түрде жүргізе білудің маңызы ерекше. Бұл Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев қойып отырған міндет екені белгілі. Азаматтар соңғы кезде партия филиалы жанында құрылған қоғамдық кеңеске келіп, өздерін толғандырып жүрген мәселелерді айта бастады. Бұл – үлкен сенім деген сөз. Өңірде әлеуметтік маңызы жоғары мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға да партия филиалы айтарлықтай ықпал жасап келеді. Бұл ықпал партиялық бақылау үлгісінде көрініс табуда. Осы мақсатта құрылған партиялық бақылау бекеттері аталған бағдарламаларды өрге сүйрей алатын ықпалды күшке айналып отыр.
Бұдан әрі баяндамашы “Нұр Отан” ХДП-ның 2011-2020 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі жаңа бағдарламасының жобасы және оның басты бағыттарына тоқталды. Бұл іргелі құжат сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан әрі күшейтуге және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын корғауға бағытталды, деді ол.
Форумда сөз алған Батыс Қазақстан облысының прокуроры Жақсылық Байтұқбаев сыбайлас жемқорлықпен күресте оның алдын алу оң нәтиже бере алатынын атап көрсетті.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов сыбайлас жемқорлықпен күрестің деңгейін көтеру мен тиімділігін арттыру – барлық қоғам мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. “Ауруын жасырған өледі” деген халық нақылын орынды мысалға келтірген облыс басшысы қазір сыбайлас жемқорлық көріністерін ашық айтып әшкерелейтін кез. Бұл орайда күрестің барлық ұтымды үлгілерін бірлесіп іздестіре беруіміз керек, деді ол.
Бұдан әрі Б.С.Ізмұхамбетов сыбайлас жемқорлықпен күресте, әрі жалпы қылмыс деңгейін төмендетуде БАҚ-та жарияланған материалдардың ықпалы мол болатынын айтты. Оқырманға ой салатын осындай дүние “Егемен Қазақстан” газетінің кешегі 23 қараша күнгі нөмірінде “Жол айқын, іс алға басып келеді” деген тақырыппен жарияланғанын айтты. Бұдан әрі Бақтықожа Салахатдинұлы осы форумға қатысушылардың бәрінен бас басылымда жарияланған осы мақаланы оқып шығуларын өтінді.
Орал қаласында өткізілген жемқорлыққа қарсы форумда Парламент Сенатының депутаты, “Нұр Отан” ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы О.Ә.Әбдікәрімов сөз сөйледі. Біз төменде Оралбай Әбдікәрімұлының сөзін ықшамдап бергенді жөн көрдік.
Бүгінгі басты мақсат сыбайлас жемқорлық көріністерін барынша төмендету болмақ. Халықаралық ұйымда жүргізілген рейтингтік көрсеткіштерде Қазақстанның коррупция бойынша атқарған жұмыстары оң бағаланып отыр. Бұған тоқмейілсуге болмайды. Сыбайлас жемқорлық – қоғам үшін өте қатерлі дерт. Ол кез келген жағдайда өршіп шыға келуі әбден мүмкін. Осы тұрғыда айтарым, сыбайластыққа жол берген мемлекеттік қызметшіге қатысты белгіленген шаралар да бірізділіктен аулақ болғаны жөн. Айталық, бұған дейін жүргізілген мониторингтік зерттеулер республикада көбіне сыбайлас жемқорлық жөніндегі заңды ауылдық округтердің әкімдері бұзатыны белгілі болып отыр. Бұл, әрине, құқықтық сауаттылық деңгейінің төмендігінен де орын алады. Мұндай жағдайда ауыл әкімімен бірге, аудан әкімі де отставкаға кетуі қажет деп есептейміз. Мәселеге дәл осындай көзқарас тұрғысынан келу әділетті болады деп санаймыз.
Мемлекеттік қызметкерлердің табатын табыстары мен пайдасы, жылжымайтын мүлкі жөнінде БАҚ бетінде ақпарат жариялап отырудың да мәнісі ерекше. Бұл акция – мемлекеттік басқару органдары басшыларына тұрғындардың сенімін орнықтыра алатын тұтқа. Бұл көрсеткіш жөнінен Орал өңірі республикада ортаңғы орындардың бірінде тұр. Тұтастай алғанда, облыстан жоғары органдарға жолданатын арыз-шағымдардың саны азайып келеді. Яғни, бұл мысалдың өзі облыста жүргізілген саяси түсінік жұмыстарының деңгейі жоғарылап келе жатқанынан белгі береді.
“Нұр Отан” ХДП белгілеп берген бағдарламаны іске асыруда облыста атап айтуға тұратын істер мол екеніне үш күндік сапар барысында көз жеткізіп отырмыз. Ендігі мақсат соны жүйелі түрде одан әрі жалғастыру деп білемін.
Форумға қатысушылар талқыланған мәселе бойынша тиісті үндеу қабылдады. Онда жоғарыда көрсетілген үш тұғырдың үйлесімін орнықтыру жөнінде нақты атап көрсетілген.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.
----------------------------------
Суреттерде: форумнан көріністер.