Газетіміздің осының алдындағы нөмірінде өткен жексенбі күні кешке Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған парламенттік делегацияның Жапония Өкілдер палатасының төрағасы Т.Йокомичидің шақыруымен осы елге ресми сапармен келгендігін, сапардың бастапқы күні атақты Хиросима жерінде өткендігін жазған болатынбыз. Атом қаруы қатері мен зардабын басқа елдерден көбірек бастан кешірген хиросималықтар қазақстандықтарды ядролық қару сыналатын тажал полигонын бірінші болып жапқан бірегей ел ретінде үлкен құрметпен қарсы алады. Ресми делегация құрамында Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков, Экология және табиғат пайдалану мәселелері комитетінің төрағасы, Жапония парламентімен ынтымақтастық жөніндегі топтың мүшесі Ерлан Нығматулин, депутаттар Сәт Тоқпақбаев, Жақып Асанов, Бауыржан Смайылов, Шавхат Өтемісов, Парламент Мәжілісі Аппаратының басшысы Ерген Дошаев болды.
Жапония – конституциялық монархия елі. Сондықтан бұл елде ежелден келе жатқан тақ мұрагері ретінде император Акихитоға құрмет күшті. Дегенмен, Жапонияда мемлекеттік биліктің жоғарғы органы әрі бірден-бір заң шығарушы органы болып екі палатадан тұратын парламент табылады. Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының ресми сапарына елеулі мән беріліп отыруының бір себебі осыдан да болса керек.
Екі ел қарым-қатынасы сан түрлі жолдар арқылы дамып келеді. Елдердің өзара сыйластығының шағын ғана бір белгісі ретінде соңғы кезде тіркелген мына бір шағын оқиғаға назар аударта кетсек артық болмас.
2000 жылы Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Токиодағы “Тама” жануарлар паркіне “Шыңғыс” деп аталатын қар барысын сыйға тартқан болатын. Өткен жылдың шілде айында Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің делегациясы осыған қарымта ретінде жапон жерін жайлаған “Шыңғыстың” тұқымы – “Маяны” әкеліп, Алматыдағы жануарлар паркіне сыйға тартқан-тын.
“Біздің елімізде қар барысы ешуақытта болып көрмеген еді. Сондықтан “Шыңғыс” бірден жапондықтардың көзайымына айналып, сүйіспеншілігіне бөленді. Аяғы құтты болып, тоғыз жылда сегіз рет күшіктеді. “Мая” – солардың соңғысы. Ол дүниеге келгенде көптеген жапондықтар арнайы сыйлықтарын да әкелген болатын. Біз енді Маяны өзінің атажұртына әкеліп сыйға тартқанды жөн көрдік” деген еді журналистерге берген шағын сұхбатында Жапонияның Қазақстандағы елшісі Сиэо Нацуи. Шамасы, “сыйға – сый, сыраға – бал” дегеніміз осы болса керек.
Міне, осылайша Орал Мұхамеджанов бастаған қазақстандық парламенттік делегацияның Жапонияға ресми сапарының бір күні жапон халқының тарихы және мәдениетімен танысу мәселелеріне арналды. Бұл шара Күншығыс елінің мәдени және туристік орталығы саналатын Киото қаласында жүзеге асты. Ал Киото қаласы – Киото префектурасының орталығы.
Бұл префектура бір-біріне сумен жалғасқан аралдар арқылы сәл ғана иіле түскен доға секілді ұзынша бойымен созылып жатқан жапон жерінің орталық бөлігіндегі Хонсю аралында орналасқан. Халқының саны үстіміздегі жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша 2 627 935 адамды құрайды. Мұнда 1 шаршы шақырым жерге 567 адамнан келеді. Префектураның өзі 15 қала, 6 уезден тұрады. Соның ішінде халықтың ең көп шоғырлаған жері – Киото қаласы. Мұнда 1 миллион 464 мың халық тұрады.
– Киото қаласының негізгі тіршілік көзі туризммен байланысты. Сондай-ақ ол елдің негізгі мәдени орталығы болып табылады. Мұнда әр жыл сайын көптеген өнер фестивальдері өтеді. Қалаға жыл сайын әлемнің әр шалғайынан көптеген туристер келеді. Себебі, мұнда тарихи ескерткіштер өте көп. Басқасын былай қойғанда, бір ғана осы қаланың өзінде 1600 будда храмы, 400 синтоистік шіркеу бар. Тарихи сәулет ескерткіштерінің көптігін осыдан мың жылдай уақыт бұрын Киотоның Жапонияның астанасы болуымен байланыстыруға болар еді, бірақ қала бірнеше рет өртенгендіктен көне ескерткіштердің көпшілігі жойылып кеткен, – деп түсініктеме бере кетті бізге Қазақстан Парламентінің Аппарат басшысы Ерген Дошаев.
Сапар барысында қазақстандық парламенттік делегация мүшелері қаладағы бірқатар тарихи ескерткіштермен танысып, соның ішінде “Кинкаку-джи”, “Реан-джи”, “Нидзе-джи” храмдарында болды.
Ал сапардың үшінші күні Орал Мұхамеджанов бастаған парламенттік делегация Айти префектурасының орталығы – Нагоя қаласына келді.
Нагоя қаласы Жапонияның дамыған өнеркәсіптік орталықтарының бірі әрі үлкен көлік торабы болып табылады. Жапонның аса бір шапшаңдықпен жүретін пойызы мен елді шет мемлекеттермен байланыстыратын үлкен су жолы осы қалада бас түйістіріп жатыр. Мұнда ел бойынша үлкен халықаралық порттардың бірі орналасқан. Өнеркәсіп түрінен мәшине жасау, металлургия, мұнай өңдеу салалары, тоқыма өнеркәсібі мен басқа да жеңіл өнеркәсіп бұйымдарын шығару ісі жақсы дамытылған. Қалада 2 миллион 300 мыңға тарта адам тұрады.
Мұнда әлемге әйгілі “Тойота Цуше” корпорациясы мен “Тойото Мотор” зауыты орналасқан. “Тойота Цуше” – жер жүзін өз өнімдерімен жаулап алған “Тойото” компаниясының ірі құрылымдарының бірі. Металлургиядан бастап, дайын автокөліктердің халықаралық саудасымен шұғылданады. Оны бір сөзбен айтқанда, “Тойотаның” сауда үйі деп атауға болады. Біздің өз бетімізбен жинақтаған деректерімізге сүйенсек, 3 бөлімше, 39 филиалдан тұратын, халықаралық сауда желісі 51 елді қамтитын компания бірқатар елдерде азық-түлік өндірісімен де айналысатын сияқты.
Парламент Мәжілісі Төрағасының Нагоя қаласына ресми сапары осы компанияның және “Тойота Мотор” зауытының жұмысымен танысудан басталды. Осы жерде қазақстандық парламенттік делегация басшысының “Тойота Мотор” зауытының басшылығымен және “Тойота Цуше” корпорациясының президенті Джунзо Шимизумен шағын кездесуі болды. Зауытта мәшинелерді шығаратын конвейерлік жұмыс тәсілдері таныстырылса, “Тойота Цушенің” көрме ғимаратында “Тойота” және “Ниссан” маркалы автокөліктердің соңғы шыққан түрлері қойылыпты. Сондай ақ осы жерде болашақтың автокөлігі деп табылатын, әлі қолданысқа енгізіле қоймаған күн қуатымен қозғалатын пингвин бейнелі бір адамдық жаңа көлік түрімен және үрлемелі аспапта ойнайтын адам роботпен танысудың сәті түсті.
Қазақстандық депутаттар делегациясын Нагоя қаласының мэрі Такаши Кавамура қабылдады. Қабылдау барысында Орал Мұхамеджанов қала басшысын Қазақстанның алға қойған мақсаттарымен, инвестициялық мүмкіндіктерімен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанып отырған саясатымен, елімізде өтетін ЕҚЫҰ Саммитінің жай-жапсарымен, кең көлемде қолға алынған индустриялық-инновациялық бағдарламаның орындалу барысымен таныстырды. Такаши Кавамура Қазақстанда жүріп жатқан өзгерістерге өте бір ынта танытып, әрбір ақпаратты естіген сайын ықыласы артып отырды. Қазақстанмен қарым-қатынас жасасақ деген ниетін жеткізді.
Түстен кейін Нагоя қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі болды. Құрметті консулдың өзі осал тұлға емес. Ол – Жапонияның атақты “Тойота Цуше” компаниясының президенті Джунзо Шимизу. Ол бұл қызметке үстіміздегі жылдың 29 қыркүйегінен бастап кіріскен екен. Консулдықтың штаб-пәтері де Джунзо Шимизу басқаратын компанияның орталық офисінен бұйырды.
Консулдық штаб-пәтерінің алдына керілген қызыл лента қиылар алдында сөйлеген сөзінде және осы оқиғаға байланысты өткізілген шарада Құрметті консул Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты арттыруға барлық күш-жігерін жұмсайтындығын айтты. “Біздің арамызда ұқсастықтар өте көп. Мәселен, мен осында жиналған адамдардың түрлеріне қарап, қайсысы қазақтар, қайсысы жапондар екендігін оншама айыра алмай тұрмын. Біздің ДНК-мыз, яғни тектік тарихымыз сәйкес келеді. Оның үстіне, екі ел де ядролық қаруды сынаудан ең көп зардап шеккен елдер”, деді.
Осы салтанатты шара барысында қазақстандық делегация басшысы Орал Мұхамеджанов жиналғандар алдында толымды сөз айтып, Қазақстан жағдайымен, елдің орасан зор экономикалық әлеуеті және даму қуатымен жан-жақты таныстырды. Әлемді шарлаған соңғы қаржы-экономикалық дағдарыста Қазақстанның бюджет қызметкерлерінің жалақысы мен зейнетақыны арттыра алған бүкіл әлемдегі бірегей ел екенін жеткізген тұста бұл фактіге жиналғандардың бәрі назар аударды.
Осы басқосу барысында журналистерге берген шағын сұхбатында Орал Байғонысұлы осында жүргізілген кездесу барысында “Тойота Цуше” компаниясының Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құс фабрикасын салу, көлік логистикасын дамыту секілді салалар бойынша бизнес жүргізуге ниет танытып отырғандығын айтты. Сондай-ақ екі жақты әңгіме барысында Қазақстанда “Тойота” маркалы автокөліктерді құрастыратын зауыт салу жөнінде де мәселе қозғалған. Джунзо Шимизу бұл мәселені “Тойотаның” өндірістік саладағы компаниясымен бірлесе отырып қарастыратындығын, өйткені зауыт салу ісін алға жылжыту солардың ісі екендігін жеткізді.
Сонымен, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған парламенттік делегацияның жапон жеріндегі ресми сапарының қазіргі барысы екі елдің де ынтымақтастық арналарын одан әрі дамыта түсуге ықыласты екендіктерін көрсетіп берді. Бұған ең алдымен кәсіпкерлік ортаның ниетті екендігі байқалып отыр. Қазақстанның қолында орасан үлкен табиғи ресурстар бар, ел басшылығы осы ресурстарды ашуға, оны халықтың болашағына қызмет еткізуге құлшына кірісіп отыр. Ал әлемнің ең дамыған елдерінің бірі – Жапонияның қолында жоғары технологиялар бар. Олар соны іске қосу арқылы пайда тапқысы келеді. Міне, осы жерде барлық мәселенің кілті жатқандай. Осы кілтті ашу үшін аралас-құраластық өте қажет. Қазақстандық делегацияның Жапонияға ресми сапары осы мақсатқа айқын қызмет етуде.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, “Егемен Қазақстан” – Киото мен Нагойодан.