30 Қараша, 2010

Жас таланттар жарқырай көрінді

527 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ғазиза Жұбанова атындағы  Ақтөбе облыстық филармониясында өткен дәстүрлі  “Классика —  2010” халықаралық жас дарындар фестиваліне Қыр­ғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей,  Жапония елдерінен, сондай-ақ Қазақстанның Астана, Алматы, Атырау, Қостанай, Көкшетау,  Орал, Шым­кент, Павлодар, Балқаш, Байқоңыр қалаларынан келген және ақтөбелік жас өнерпаздар қатысты. Осы мәдени шараны өткізуге Мәдениет министрлігінің қолдауымен облыстық мәдениет басқармасы құрылтайшы болды. Фестивальдың мақсаты – өнерге бейімді жастарды  табу және оларға болашақта қолдау көрсету, сондай-ақ кейінгі жас толқынның ұлт­­тық және әлемдік музыкадағы классикалық мұра­ларға қызығушылықтарын ояту. Өнер сайысының алғашқы күні  10-12, ал екінші күні 13-15 жас ара­лығындағы жас таланттар фортепиано, скрипка, альт, виолончель және классикалық вокал, гитара, хорео­графия номинациялары бойынша  бақ сынасты. Қазақстан Республикасының халық артисі, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Хорлан Қа­ли­ламбекова бастаған қазылар алқасы жұмыс жасауда. Екі күндік өнер додасында “Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” дегендей орындаушылық шеберлігі мықтылар ғана топтан озып келді. Фортепиано но­минациясы бойынша 10-12 жастағы балалар ара­сынан бірінші орынға павлодарлық Дария Қаз­бекова мен ақтөбелік Айдос Ысқақов ие болды. Скрип­ка номинациясы бойынша бас жүлдені павлодарлық Омар Қуанышев, ал бірінші орынды ташкенттік Илья Халмурзаев жеңіп алды. Виолон­чельден қостанайлық Асылхан Эргашева мен ақ­төбелік Анна Теплинскаялар екінші орынды қанағат тұтты. Клас­сикалық гитара номинациясы бойынша павло­дарлық Давид Степин мен мәскеулік Георгий Фай­зул­лин үшін­ші орынды иеленді. Вокал бойынша ақ­төбе­ліктер Ибраһим Амин мен Әсем Киікбаевалар екінші орынды еншіледі. Биден  бірінші орын душанбелік Нозанин Юльчиеваға бұйырды. Ал 13-15 жастағылардың ішінен фортепианодан  Мәскеуден келген жапон қызы Мацуда Канон бас жүлденің иегері атанса, павлодарлық Ольга Альмете­ва бірінші орынға табан тіреді. Скрипкадан, виолон­чель­ден алматылықтар Талшын Кешілбаева мен Салауат Кәрібаев, гитарадан байқоңырлық Николай Ким мен шымкенттік Анатолий Лазарев бі­рін­ші орын алды. Альт номинациясы бойынша Ан­жела Аветисян  ынталандыру сыйлығын місе тұтты. Во­кал­дан ақтөбелік Динара Таубекова мен Балқаш қала­сынан келген Анна Ткаченколар екінші орынды бөлісті. Ал би бойынша атыраулық Мырзахан Мың­баевқа тең келер ешкім болмады. “Үздік оқытушы” номинациясына атыраулық Т.Га­тауов, шымкенттік А.Мурин, үш павлодарлық Я.Касьян, И.Волкова, Л.Симоновичтер, мәскеулік Е.Иванова, душанбелік З.Беляева, алматылық И.Бардашова, А.Жолмұхамедова ие болды. Ал ақтөбеліктер Д.Фаизова, Л. Самохина мен алматылық А.Исенова, павлодарлық М.Калаян  үздік концерт­мейстерлер деп танылды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.