Тарихымызға қарасақ, тәуелсіздігіміздің оңай келмегені бәрімізге белгілі. Тәуелсіздігіміздің әр бір жылы қазаққа құт әкеліп отыр. Өзгелермен тереземіз теңелді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты кешегі күні көз жасын төгіп өткен қазақтың бүгінгі күнін мерекелі де берекелі етті. Экономика қарыштап өсті. Мықты мемлекеттердің әлемдік дағдарыста тірсегі майысқанда Қазақстан өз елін дамыту үшін инвестиция салып жатты.
Азия елдерінің ішінде, кешегі одақтас республикалар арасында, мұсылман жұртында және түрік әлемінде алғашқы болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болды. Кәрі Еуропа жас Қазақ мемлекетіне төрін ұсынды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің өзі – біздің еліміздегі экономикалық, саяси реформалардың жүргізілуі, жаңа Қазақстанның әлемде танылуы және Президентіміздің халықаралық беделінің нәтижесінде қол жетіп отырған тарихи жеңіс. Қазақстан 56 мемлекеттің басшыларын жинап, жаһандық саммит өткізгелі жатыр. Осындай күнге де жеттік.
Еуропалық қоғамдастық елімізді ЕҚЫҰ-ның төрағалығына сайлау арқылы зор сенім мен құрмет көрсетті. Осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Шанхай ынтымақтастық ұйымын басқарған болса, келесі 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына басшылық жасамақ. Көптеген шетелдік сарапшылардың пікірінше, тиімді, көп бағытты сыртқы саясат қалыптастыруға қол жеткізген Қазақстан Республикасы мемлекеттер арасындағы сындарлы өзара ықпалдастықты нығайту арқылы Батыс пен Шығыс арасындағы ашық әрі сенімді пікір алмасуды қалыптастыруда барынша бейімді әрі қолайлы үміткер. Бұл факторлар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық бағдарламасын жасау барысында толығымен ескерілді.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығының басты басымдылығы етіп этносаралық және конфессияаралық төзімділік тақырыбын белгіледі. Төзімділік пен кемсітпеушілік мәселелері бойынша ЕҚЫҰ орталығын ашуды және ЕҚЫҰ құрамында этносаралық, дінаралық төзімділік мәселелері бойынша Жоғарғы Комиссар лауазымын ендіруді ұсынды.
Сонымен қатар, Қазақстан өзінің төрағалығы кезінде бірқатар ғаламдық жанжалдарды реттеуде айрықша белсенділік танытып қана қоймай, өзінің бітімгерлік қуатын да дәлелдеп үлгерді. Соның бірі – Қырғызстанға араағайындық етіп, бейбітшілікті реттеуге күш салуы болды.
Төрағалық мерзімі 31 желтоқсанда аяқталады дегенімізбен, Қазақстанның ұйымға төрағалығы жемісті екенін қазірдің өзінде ауыз толтырып айта аламыз. Бұл баға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық ассамблеясының аясында ұйымдастырылып, “ЕҚЫҰ мен ТМД: жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар” тақырыбындағы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығына арналған халықаралық парламенттік конференцияның қабылдаған декларациясында да жоғары баға берілді, яғни “5+” деп бағаланды. Оның преамбуласында Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы 2010 жылғы төрағалығын атқару жөніндегі қызметін, соның ішінде 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізу жөнінде шешім қабылдағанын жоғары бағалай отырып, алдағы Астана Саммиті ұйымының әскери-саяси инструментариясын күшейтуде елеулі ілгерілеушілікке қол жеткізілетініне сенім көрсетілді. Осы мәртебелі миссия аяқталып келеді.
Соңғы 30-40 жылдарда әлем мүлдем өзгерді. 70-жылдары орын алған екі үлкен жүйе капитализм мен социализм арасындағы “қырғиқабақ” соғыс пен психологиялық қысым аяқталғанымен, әлем әлі де тынышсыздық күйінен арылған жоқ. Керісінше, адам өміріне қауіп төндіретін кикілжіңдер мен апат ошақтары барынша көбейіп, олардың әрекеттері жаһандық сипат ала түсуде. Әлемді жайлап бара жатқан лаңкестік, экстремизм, табиғи-климаттық, гуманитарлық және экологиялық апаттар, аштық, жұқпалы індеттер, ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар, қаржы-экономикалық дағдарыс – осының бәрі халықаралық қауымдастықтың күштерін біріктіруді қажет етеді.
Міне, осындай ерекше жағдайда Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан төрағалық еткен 2010 жылы ұйым жұмысын жандандырып, жаңа сапаға, тың белеске көтерілуіне назар аударып, осы мақсатта бірқатар кешенді жұмыстар атқаруға жағдай жасады.
ЕҚЫҰ үш мақсатта қызмет ететіні мәлім. Ол саяси, құқықтық, экономикалық-экологиялық бастамаларымен қатар, адами өлшемдерге де көңіл бөледі.
Өз уақытында ядролық қарудан бас тартып, бүкіл әлем қауіпсіздігіне үлкен үлес қосқан Қазақстан бұл күндері де осы гуманистік идеалынан айныған жоқ. Өзінің толеранттылық және ұлтаралық қатынастар мәдениеті саласындағы тарихи дәстүрі мен мол тәжірибесін пайдаланып, Ауған мәселесін гуманитарлық бастамаларды іске асыру арқылы шешу жобасын ұсынды. Бұл – өте батыл және саяси, әлеуметтік жағынан сарабдал шешім. Адам қай уақытта қару мен күш қолданудан бас тарта алады. Ертеңгі күніне сенімі нығайып, өзінің тұрмыс-тіршілігін жан-жақты бағамдай алған жағдайда ғана. Ауғанстанда саяси, экономикалық шаралармен қатар, білім беру ісін де дамыту қажет. Осы мәселені шешуде Ауғанстанға Қазақстанның құны 50 млн. доллар тұратын білім бағдарламасын ұсынуы – өте маңызды қадам. Ауғандық азаматтар Қазақстанда білім алу арқылы екі елдің арасында рухани-адами қарым-қатынас орнатады. Сонымен қатар, Қазақстан Ауғанстандағы ауруханалар мен жолдарды жөндеуге 4 млн. доллар бөлді, 3,03 мың тонна тамақ өнімдері гуманитарлық көмек ретінде жіберілді. Осы шаралардың бәрі Ауғанстанда бейбіт өмірдің тұрақтануына жағдай жасайды.
Қазақстанның, қазақ жұртының әлемдік қатардан ойып орын алуы, мойындатуы, ең алдымен, Елбасымыздың сарабдал саясаты екендігі даусыз. Нұрсұлтан Назарбаев әлемде ядролық қарусыздану жөнінде бастама көтерген алғашқы президент. Егер әрбір мемлекет адамдарды, тіршілік иелерін шыбындай қыратын атом бомбасын жасауда бәсекеге түсер болса, миллиондаған жазықсыз адамдардың қаны төгілер еді. Біздің Президентіміз сол апаттың алдын алды.
Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық бірінші саммит қарсаңында елімізге Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун келіп, Семейге барып, полигонның орнын көргеннен кейін тебіреніп тұрып мәлімдеме жасағанда: “Қазақстан Президентінің осынау сынақ алаңын жауып қана қоймай, тұтас өңірде ядролық қарудан ада аймақ құрғанына зор қолдау білдіремін. Оның бұл қадамы біздің ядролық қарусыз әлемді құру ісіміздің ең берік іргетасы іспетті. Барлық елдердің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтан үлгі алып, оның жолымен жүруге тиіс. Мен БҰҰ-ның Бас хатшысы ретінде ядролық сынақ алаңының қақ жүрегінде тұрып, барлық әлем елдерін Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын” – деп жоғары баға берді.
Шілде айында Венада өткен аз ұлт өкілдерінің білім алуына жағдай жасауды талқылаған кеңесте ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Кнут Воллебек Қазақстан төрағалығына осы мәселеге айрықша көңіл бөлгендігі үшін алғыс айтты. Қазақстан өз елінде тұратын көптеген ұлт, этнос өкілдеріне олардың ана тілінде білім алуына жағдай жасап отыр. 88 мектепте оқу өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізіледі. 108 мектепте 22 этностың тілдері дербес пән ретінде оқытылады. 30 этностың тілдерін оқып-үйрететін 190 лингвистикалық орталық жұмыс істейді. Кнут Воллебек Қазақстан Үкіметінің алдағы кезде де әртүрлі этностық және тілдік топтарды білім, тіл саясаты арқылы қоғамға кіріктіре түсу саясатын жүргізуді жалғастыратынына, сондай-ақ аз ұлттардың қоғамдық өмірдің барлық салаларына еркін қатысуына, өкілеттілік алуына көмектесе беретініне сенім білдірді.
Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-ның білім саласындағы қызметі жаңа көкжиектер мен мүмкіншіліктер ашады. Осы орайда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Елбасының мектеп, жоғары оқу орындары буынына қойып отырған талаптарын халықаралық білім стандарттарына лайықты құру бағытын ұстанып отыр.
Қазақстандық білімді әлемдік білім беру стандартына сәйкестендіру мақсатында 2010 жылы Болон декларациясына қол қойып, Еуропалық білім беру кеңістігіне ендік. Бұл, әрине, Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы табысты ынтымақтастықтың нәтижесі. Табысты басталған барлық халықаралық қарым-қатынастарымызға ЕҚЫҰ-ның ықпалы барын сезінеміз.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ 2008 жылы Германияның белгілі “АСИИН” аккредиттеу агенттігінде жеті мамандық бойынша халықаралық аккредиттеуден өтіп, мамандар дайындау сапасы Еуропалық талаптарға сай деп танылды. Олардың төртеуін Еуропалық химия ассоциациясы “ESTNA” евробакалавр белгісіне лайық деп бағалады. Бұл да ЕҚЫҰ қызметінің аясында қол жеткізіліп отырған табыстар. Осындай халықаралық байланыстардың дамуы барысында Қазақстанның жоғары оқу орындары Батысқа таныла бастады. Еуропаның белгілі жоғары оқу орындары Қазақстан университеттеріне қызығушылық танытып отыр. Университетіміз Манчестер Метрополитен университеті, Гамбург қолданбалы ғылымдар мектебімен тығыз байланыс жасап, екі дипломдық бағдарламаларды іске асыруда.
ЕҚЫҰ-ның күш жігері, ең алдымен, төзімділіктің қажеттілігін, ымырашылдық және бейбіт қатар өмір сүру идеяларының маңыздылығын түсінуді қалыптастыру үшін жас ұрпаққа бағытталған. Өйткені, ол жас ұрпақтың мүмкіндіктері мен бо-лашағының кепілі болып табылады.
Университеттің студенттері көп ұлтты және еліміздің жарқын болашағы. Университетімізде 32 ұлт өкілдерінен тұратын студенттік ассамблея құрылып, Қазақстандағы этносаралық татулық пен тұрақтылықты баянды етуде табысты жұмыс атқаруда. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының төзімділік ұстанымдарын іске асырудағы университетте орын алып отырған көрініс-дәлел.
Білім – кез келген мемлекеттің аса маңызды стратегиялық ресурсы. Өйткені, қазіргі ақпараттық технологиялар заманында елдің қуаттылығы оның материалдық, табиғи мүмкіндіктерімен ғана емес, адами капиталымен анықталады. Ал адами капиталдың өзегі, күре тамыры – білім. Білім беру процесінде кәсіптік, функционалдық оқыту бағдарламаларынан гөрі жеке тұлғаны дамытуға бағытталған тұжырымдамалар маңыздырақ. Өйткені, қазіргі қоғам интеллектуалдық деңгейі өте жоғары, өзгерістерге жедел бейімделе алатын іскер әрі бәсекеге қабілетті тұлғаны қажет етеді.
Профессор-оқытушылар құрамы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің маңызын болашаққа бағытталған үлкен жоспарлар мен бағдарламалар деп түсінеді. Төрағалық қызметке, әсіресе, студенттердің үлкен мән беріп, қызығушылық танытып отырғаны бәрімізді қуантады. Олар университетте өтетін “Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастығы: жетістіктер және дамудың келешегі” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жұмысына белсене қатысуды жоспарлап отыр.
Қазір Қазақстан Астанада Саммит өткізудің соңғы әзірліктерін жасап жатыр. Ал Қазақстанның осы міндетті абыроймен аяқтағаны дәтке қуат, ұлтқа мақтаныш, мемлекетке бедел, алдағы биік мақсаттардың темірқазығы.
Тарих жадынан ештеңе ұмыт калмайды. Сонау тоқсаныншы жылдардың басындағы жүдеу-жадау, тағдыры бұлдырлау көрінген Қазақстанмен бүгінгі жаңарған, жасарған, әлемдік өркениет көшіне кірген әлеуетті Қазақстанды салыстыруға болмайды. Қазақстан әлемдегі мықты мемлекеттердің мойындауына ие болды. Ал, ол оңайшылықпен келген жоқ.
Қазақстанның болашағы – жастар аға буынның іргелі істеріне лайық болуы тиіс екенін терең сезінеді.
Уәлихан БИШІМБАЕВ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, Ұлттық Ғылым академиясының академигі.