Осындай тақырыппен қалалық әкімдіктің мәжіліс залында дөңгелек үстел өткізілді. Оған әкімдіктің жауапты қызметкерлері, жергілікті мәслихаттың депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, саясаттанушы ғалымдар, сондай-ақ жергілікті дін басылары қатысты.
Дөңгелек үстел басындағы жиынды қала әкімінің орынбасары Тұрсынғазы Мүсәпірбеков кіріспе сөзбен аша келіп, Астанада өткелі жатқан ЕҚЫҰ Саммитінің мән-маңызына кеңінен тоқталды. Шындығында, Астана Саммитін ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің бәрінің қолдап дауыс беруі көп нәрсені аңғартса керек. Ол – еліміздің, Елбасымыздың әлемдік қоғамдастық алдындағы зор беделінің арқасы. Ал 11 жылдан кейін өткізіліп отырған мұндай алқалы жиын тек Қазақстан, яки ЕҚЫҰ-ға мүше елдер үшін ғана емес, әлемдік деңгейдегі ауқымды шара. Оған серіктес елдер басшыларының, халықаралық ұйым жетекшілерінің, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің де көптеп келіп отырғаны соның жарқын бір айғағы.
Осындай пайымдаулар дөңгелек үстел басындағы жиында жан-жақты тарқатылып айтылды. Жиналғандар еліміздің халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы үлесін нақтылы мысалдармен айтып берген жергілікті үкіметтік емес ұйымының вице-президенті Николай Исаевтың да сөзін зейін қойып тыңдады. Сондай-ақ, орталық мешіттің бас имамы Тыныштық қажы Яхияұлының діни орындардың демократиялық қоғамды дамытудағы үлесі туралы әңгімесі де әсерлі шықты.
Дөңгелек үстел басындағы жиынға қатысушылар бұдан кейін өзара пікір алмасты. Жиын соңында онда айтылған ұсыныстар бірауыздан қабылданды.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Cемей.