30 Қараша, 2010

“The Astana Tіmes” газеті жарық көрді

620 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Кеше “Шабыт” өнер орталығында “The Astana Tіmes” газетінің тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл салтанатқа аталған басылымның шығуына тікелей ұйытқы болған Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко, “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов және “Казахстанская правда” газетінің бас редакторы Татьяна Костина қатысты. Бұл ретте, аталған газетті жа­рық­қа шығару идеясы – Қазақ­стан­да өтетін ЕҚЫҰ Саммиті қар­саңында пайда болғанын атап өткен жөн. Ал басылымның негізгі оқырмандары – Астанаға кел­ген мәртебелі қонақтар, халық­ара­лық делегация мүшелері, мем­ле­кеттік және үкіметтік емес ұйым­дар, сондай-ақ, БАҚ өкілдері бол­мақ. Сол себепті де, “The Astana Tіmes” газеті саммит уақытында Қа­зақстанның мерзімді басылым­дар рыногынан өзіне лайықты орнын алуға толық мүмкіндігі бар деп санауға болатындай. “Бүгінде елімізде ағылшын тілінде қазақстандықтардың өмі­рі­нен хабар беретін және Қазақстан қоғамының ішкі тыныс-тіршілігін баян ететін ақпараттар онша көп емес. Бірақ, белгілі бір дәрежеде жоқ деп айтуға да келмес. Осы орайда, Сыртқы істер министрлігі де бұл олқылықтың орнын тол­ты­ру, яғни Қазақстан туралы ақпа­ратты кеңінен насихаттау мақ­са­тында үлкенді-кішілі іс-шаралар жасап жатқанын да айта кеткен жөн. Біздің ойымызша, Қазақстан, оның дамуы, елдегі өзекті мәсе­ле­лер жан-жақты қамтылған сан салалы ақпараттардың әрқайсысы Қазақстанда, оның ішінде Аста­на­да тұратын көптеген ағылшын тіл­ді мамандар мен сарапшылар үшін айрықша қызығушылық тудыра­ты­ны сөзсіз. Себебі, олардың бір бөлігі өздерінің өмірін, қызметін, тағдырын осы қаламен байла­ныс­тырған”, деді Роман Василенко өз сөзінде. Оның сөзіне қарағанда, бұл ретте газетке деген сұраныс болатыны анық. Келесі кезекте Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Сыртқы іс­тер министрлігінің көмегімен “The Astana Tіmes” газетін айшықты әрі қызықты етіп шығаруда жұ­мыс­тың басым бөлігін өз жауап­кер­шілігіне алған республикалық “Егемен Қазақстан” және “Казах­станская правда” газеттері АҚ басшылары­на сөз кезегін берді. Алғашқы бо­лып сөз алған “Егемен Қазақстан” рес­публикалық газеті” АҚ пре­зи­денті Сауытбек Абд­рах­ма­нов: “Жур­­на­листер ортасында көп ай­ты­лып жүр­ген қазақстандық ағыл­шын тілді басылымның шыққан күнін көретін күнге де жеттік. Енді, міне, “The Astana Tіmes” га­зе­ті” жа­рық көрді. Біз, бұл орайда, Аста­на Саммиті талайдан бергі ойы­­мызда жүрген бастаманың қолға алынғанына түрткі болғанын айтуымыз қажет. Біздегі ауқымды дипломатиялық корпусты, еліміз­дің күн санап қанат жайып келе жатқан туристік әлеуетін қоспа­ған­ның өзінде, Қазақстанда көп­теген инвесторлар мен бірлескен кәсіпорындар шо­ғырланған. Бү­гінде сол инвес­тор­лар құрған біріккен кәсіпорын­дарда ағылшын тілді шетелдік мамандар белсенді жұмыс ат­қа­руда. Тіпті солардың өзіне газет шығаруға болар еді. Оның сыр­тын­да осындай арнаулы үлкен жиындарда біздің елімізге шетел­дік қонақтар көптеп келеді. Бұған қоса, Қазақстанда Пре­зидент Н.Назарбаев жария еткен үш тұ­ғыр­лы тіл мемлекеттік бағдар­ламасы бар. Мемлекеттік тіл – қа­зақ тілі, ұлтаралық қарым-қатынас тілі – орыс тілі және әлем­дік ғылым мен білімнің, жаңа технологияның тілі ретінде ағыл­шын тілін қатар үйрену жөнінен де қазақтың қыздары мен жігіттеріне бұл газет қажет болады деп ойлаймын. Сондық­тан, бұл басылымның қажетті­лі­гіне еш күмәнданудың қажеті жоқ. “The Astana Tіmes” еліміздің барлық қоғамдық және экономи­калық өмірін толықтай қамтиды. Біздің еліміз туралы түрлі ақпарат­тармен сусындатады. Сол арқылы Қазақстан имиджін қалып­тас­тыруға да өз септігін тигізеді”, деді Сауытбек Абдрахманов. Осылай дей келе, “Егемен Қа­зақстан” басшысы өзі тарапынан осы жаңа игілікті бастаманы жү­зеге асыруда көмек қолын созған Сыртқы істер министрлігінің Халық­аралық ақпарат жөніндегі коми­тет­іне алғысын білдірді. “Жаңа басылымды жарыққа шығару екі басылымға да оңайға түскен жоқ. Ал біздің ұжым үшін бұл істі аяғына дейін жеткізу күрделі бол­ды. Себебі, газетте басылатын ма­қалаларды алдымен қазақшадан орысшаға, орысшадан ағылшын тіліне аударуға тура келді. Бұл біз үшін, әрине, үйреншікті жұмыс емес. “The Astana Tіmes” басылы­мы сіздердің көңілдеріңізден шығады деген сенімдеміз”, деді басылым бас­шысы. Ол сондай-ақ, қазір бұл бастама екі басылымның бір­лескен кү­ші­мен атқарылып отырғанын, алай­да, болашақта газетке қазақ тілі­нен ағылшын тіліне бірден аудару тәжірибесі бар мамандарды, ағыл­шын тілді журналистерді тарту да көзде­летінін жеткізді. Ал “Казахстанская правда” газетінің бас редакторы Татьяна Костина мерзімді басылымның жарық көргенге дейінгі дайын­далу үдерісіне, оның әзірлену жобасына жан-жақты тоқталып өтті. “Біз бұл газетті шығарар ал­дын­да жур­налистерді батыстық үлгіде, батыстық стильде мақала жазуға бейімдеуге және бағыттауға тырыстық. Яғни, журналистің жазған материалдары батыс қо­ғамы­ның адамына, ағылшын тілді азаматтарға түсінікті болуына ай­рық­ша назар аударылды. Бірін­шіден, біз басылымның неғұрлым өзекті болып шыққанын қаладық, екіншіден, оның тұжырымдамалы болуы шарт еді. Ал, ең алдымен, біз жаңа басылым арқылы Қазақ­станды сан қырынан, жан-жақты көрсетуге тырыстық. Егер, сіздер басылымды мұқият, зер салып оқитын болса­ңыз, оның негізгі өзегі  еліміздің қарапайым аза­маттары екенін байқайсыздар. Біз солардың өмірлерін көрсетуге, тыныс-тіршілігінен хабар беруге тырыстық. Ел мәдениеті, спорт мәселелеріне де басылымда ай­рық­ша басымдық берілген. Бұ­лар­дың барлығы да біздің елімізді та­нуға ұмтылыс танытып жүрген жан­дарға, оның ішінде Қазақ­стан­ға келген алыс және жақын шетел журналистеріне айтарлықтай дең­гейде азық болары сөзсіз”, деді Т. Костина. Тұсаукесер рәсімі кезінде оған қатысушылар журналистердің қойған сауалдарына жауап берді. Олардың арасында кейбір жур­на­листердің “The Astana Tіmes” бұл бір күндік басылым болып қал­май ма?” деген сауалдары да төбе көрсетіп қалды. Бұл тура­сын­да Роман Василенко шынымен де бұл басылымның үлкен шара қар­саңында жарық көргенін, алайда, келешекте оның өміршең болуы айрықша назарда тұратындығын атап өтті. “Келесі жыл да айтар­лық­тай халықаралық оқиғаларға толы болмақ. Мәселен, Қысқы Азия ойындары, мамыр айында өтетін жыл сайынғы Еуропа Қайта құру және даму банкінің отырысы, Ислам экономикалық форумы, Ислам Конференциясы Ұйымы­ның алқалы жиыны, Семей ядро­лық полигонының жабылуының 20 жылдығына ар­налған ауқымды шара, Тәуелсіз­діктің 20 жылдығы – бұлардың барлығы 2011 жыл­дың еншісіндегі айтулы оқи­ғалар. Бірақ, бұл “The Astana Tіmes” газеті тек осындай шаралар қар­саң­­ында ғана жарық көреді дегенді білдірмейді. Қазір оның құры­лымы жан-жақты сүзгіден өтуде. Демек, бұл басылым ғұмырлы бо­ла­ды деп сеніммен айтуға бо­лады”, деді Р.Василенко. Ағылшын тілді басы­лымның алғашқы нөмірінде Ас­та­на Саммитіне қатысты сараптама­лық материалдар, Қазақстанның туристік әлеуетін көрсететін та­би­ғи жауһарлар – Шығыс Қазақстан облысындағы ежелгі Берел қор­ғаны, Маңғыстау облысының солтүстік жазығында, Ақтаудан ша­мамен 50 шақырым жердегі мұхит деңгейінен 132 метр төмен, әлемдегі ең терең ойпаттардың бірі – Қарақия ойпаты, Алматы облысындағы Тянь-Шань тауы­ның ең биік нүктесі – Хан Тәңірі туралы танымдық дү­ние­лер жарық көріпті. Ал Алматы қаласында тұратын қару-жарақ соғушы, ұлт аспаптарын асқан шеберлікпен жасаушы зергерлер – ағайынды Тұрсынжан, Махмұт және Айт­берген Күлменовтер ту­ра­лы мақала да шетелдік қонақ­тар­дың ұлттық өнерімізге деген қызығу­шылығын оятары сөзсіз. Басылымда, сондай-ақ, еліміз­дің Жылыой ауданына қарасты Шоқпартоғай ауылында тұратын фермер Сейітжан Балжігітов ту­ра­лы қызықты мақала басылған екен. Мақаладағы қазіргідей жа­Һандану заманына қарамастан, өркениет жалына жете жабысып, өз шаруасын дөңгелетіп әкеткен шаруаның тыныс-тіршілігі кім-кімді болсын қызықтырмай қой­ма­сы анық. Ал Астана қаласының бас архитекторы Сәрсенбек Жү­ні­совтің “Астана: кеше, бүгін, ер­тең” деген мақаласы арқылы жаңа елорданың алғашқы қадасы қа­ғыл­ған күннен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихына көз жүгіртуге болады. “The Astana Tіmes” газеті 6 мың таралыммен шы­ғып отыр.