Кеше АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитіне Америка делегациясының басшысы ретінде қатысу үшін Қазақстанға ұшып келді. Осы күні ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақстандық және халықаралық ҮЕҰ өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы және студенттерімен кездесу өткізді.
Кездесуді университет ректоры Бақытжан Әбдірайымов ашып, АҚШ Мемлекеттік хатшысын жұртшылыққа жақынырақ таныстыру үшін алғашқы сөзді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мәдина Жарбосыноваға берді. Ол ЕҚЫҰ Астана Саммитінің аясында жуырда ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен конференция ұйымдастырылғанын және оның ҮЕҰ мен билік арасындағы үнқатысуды дамыту бағытындағы маңызды шара болғандығын атап өтті. Сондай-ақ, ол Шолу конференциясы адам құқықтары мен баспасөз бостандығы мәселелерін талқылаған жиын болғанын көлденең тартты. Осының бәрі Азаматтық қоғам институттарының жұмысын жандандыруды, яғни ЕҚЫҰ үшінші себетінің мәселелерін қарастырғанын айтты.
Одан әрі ол Хиллари Клинтонның көпшілікке белгісіз қырлары туралы да сөз қозғады. Соның ішінде жас кезінде Хилларидің астронавт болғысы келіп, НАСА-ға барғанын, бірақ ондағылар әйелдерді алмаймыз деп қабылдаудан бас тартқанын, осының өзі қайсар қызды өзінің құқығын қорғауға қайрап салғанын жеткізді. Әйелдер құқының ерлермен тең болуы жолында Х.Клинтонның сол кезден күрескенін және сол қозғалыс барлық елдерде жалғасып, өзінің табысты жемісін бергенін жария етті. Осыдан әрі елші АҚШ Мемлекеттік хатшысының басқа да қоғамдық істерін, соның ішінде АҚШ-тың бірінші ханымы кезінде және Нью-Йорк штатынан сенатор болып сайланғанда атқарған өрелі істерін санамалап шықты. Сондай-ақ оның Қазақстанға алғаш рет 1997 жылы келгені айтылды.
Өзінің белсенді қоғамдық және мемлекеттік қызметтері мынадай танымал емес аудиторияда түбегейлі сараланып, дипломатиялық ұтымдылықпен жақсы қырынан жеткізілгені Х.Клинтонға да ұнағаны көрініп тұрды. М.Жарбосынова сөзін аяқтағанда ол елшінің қолын қайта-қайта қысып, рахметін айтты.
– Мен өзімді жақсы таныстырып өткен елші ханымға рахметімді айтамын, ол менің Қазақстанға алғаш рет 1997 жылы келгенімді ауызға алды. Міне, енді екінші рет келіп тұрғаныма қуаныштымын. Сіздердің бәріңізге көрсеткен құрметтеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Соның ішінде мен осы жерде отырған ақыл-ойдың, сөздің бостандығы үшін талмай, ұзақ жылдар бойы күресіп жүрген құқық қорғаушыларға, азаттық сүйгіш азаматтарға да алғысымды айтамын. Олар Қазақстанда ғана емес, барлық Орталық Азия елдерінде, қала берді барлық әлемде өздерінің күресін жалғастырып жүр, – деді АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы.
Келесі кезекте ол Қазақстанның Орталық Азия елдері арасынан бірінші болып ЕҚЫҰ Саммитін өткізіп отырғанының өзі Ұйымның қағидалары тек адамдардың кейбір топтарына ғана емес, барлық адамзатқа керектігін көрсететініне назар аударды. Соның ішінде әлемнің Ауғанстан секілді тынышсыз аймағы барлық әлемге зардабын тигізетіндігі мойындалып отырғанына екпін түсірді. Сондай-ақ, ядролық қару мен оны жасайтын материалдардың тарауы, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымы – осының бәрі әлемдік қауіпсіздікке қатер төндіретіні әлем лидерлерін орынды алаңдатып отырғанын атап көрсетті.
«Ал енді Қазақстандағы ең алғашқы кездесуімді сіздермен өткізіп отырғанымның сыры – менің демократия қағидаларын бәрінен да жоғары қоятындығымнан деп біліңіздер. Мен елде күшті демократия мен өркендеген экономиканы жасау тек биліктің ғана қолынан келмейді, ол дамыған азаматтық қоғам институттарымен тығыз байланыс жасағанда ғана нәтижелі болады деп есептеймін. Сонда ғана қоғам өзінің алдында ХХІ ғасыр ұсынған сыбағаларды еңсере алады», – деді Х.Клинтон.
Одан әрі ол 35 жыл бұрын болған оқиғаны есіне алып, Хельсинкидегі Қорытынды актіге қалай қол қойылғаны туралы айтты. Сол кезде қол қоюшы жақтардың бәрі адам құқын қорғау, соның ішінде сөз бостандығын қамтамасыз ету жөнінде өздеріне міндеттеме алған болатын. Осы құндылықтарды қорғау күні бүгінге дейін күн тәртібінен түспей отыр. Олар, әсіресе, Азаматтық қоғам құруды енді қолға алған елдер үшін аса өзекті проблема екені даусыз, дей келіп, сол құндылықтар жолында күресіп жүргендер – жеке адамдар мен ұйымдар мүшелері қазір осы залда да отырғанын сезіп тұрмын, деді айналасына шола қарап. Соның ішінде бірнешеуін атап өтуіме де болады. Мәселен, Қазақстандағы адам құқы жөніндегі халықаралық бюроны басқаратын және адам саудасына қарсы күресіп жүрген Галина Морозованы жақсы білемін, деді Х.Клинтон. АҚШ Мемлекеттік хатшысы сондай-ақ әйелдер құқын қорғау қозғалысы белсенділерін де атай келіп, өзінің олармен 1997 жылы келгенде де кездескенін еске алып өтті.
Сөзінің соңында: «Мен Қазақстан Үкіметіне де ризашылығымды білдіремін, өйткені, ол Азаматтық қоғамды дамыту ісі бойынша осы аймақта басқа елдерге қарағанда, үлкен прогреске қол жеткізіп үлгерді. Сонымен бірге, өзіне Азаматтық қоғамды одан әрі дамыту жөнінде міндеттеме алып отыр. Осы орайда қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары мен тәуелсіз ұйымдардың да ісіне алғыс білдіремін, олар да осы үдерісті ілгері жылжытуға үлкен еңбек сіңіріп жүр. Жалпы, 35 жылда біз үлкен табысқа қол жеткізгенімізді айтуымыз керек. Берлин қабырғасының құлауы осының айғағы. Қырғыз Республикасында адам құқын қорғау ісі қолға алынып жатқанына да ризашылық сезімімізді білдіреміз, енді тек оның жақсы нәтижелерге жеткенін қалаймыз. АҚШ-та да бұл бағытта үлкен жұмыстар істеуге тура келді. Қазіргі АҚШ Әкімшілігі де бұл іспен қатты айналысуда. Адам құқығын қорғау біздің мызғымас басымдығымыз. Мен Қазақстанның адам құқын қорғау жолында үлкен жетістіктерге жетіп, дамыған ел болуын тілеймін», – деді ол.
Осыдан кейін АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы жиналғандардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Соның ішінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын жоғары бағалады.