Әлем жаралғалы адамзат тарихына зер салып зерттесеңіз – адамдардың, елдердің, мемлекеттердің белгілі бір жерді мекендеуі де, басқа адамдар, елдермен қоғамдасуы да негізінен жаулап алу немесе жерін қорғау әрекеттері – соғыс арқылы жүзеге асып отырған. Бір данышпан айтпақшы: «адамзат тарихы – соғыс тарихы». Соңғы ғасырға дейін құрлықтарда туындаған империялардың басқа елдерді жаулап, басып алуы, оларды өз мүддесінде ғана билеп-төстеуі және өзінің колониясы етуі – сол әрекеттердің жемісі. Айбалта, найза, семсерден басталып, ядролық қаруға, ғарышта да, теңіз түбінде де, таңқаларлық дәлдікке жеткізілген технологиялық қару-жараққа дейін адам жасаған қару адамды жою үшін пайдаланылады. Адамзат қанша өркениет дәуірлерінен өтсе де «соғыс» ұғымынан арыла алмай келеді. Біздің заманымызда бұл қауіп тіпті қитұрқыланып, көзге көрінбейтін, қолмен ұстап сезінбейтін ғайып қауіпке айналды. Күні кеше ғана Жер планетасы «қырғи-қабақ» соғысты бастан кешірдік. Бүгін – «ақпараттық соғыс» ендеп келеді.
ХХ ғасыр, әсіресе, Еуропа мен Азия континенттерін қанға бөктірген қасіретті дәуір болды. Өркениетке теңдесі жоқ шабуыл жасалып, өлшеусіз талқандалып, орасан көп адам қырылғанын тарихтан білеміз. Тіпті өткен алапат қайшылықтар мен қақтығыс, қан майдан соғыстардың себептері мен зардап, салдарлары, белгісіз беттері әлі күнге дейін зерттеліп, жаңа деректер, адам жанын түршіктірер құпия әрекеттердің сыры енді ашылып жатқаны да жұртшылыққа белгілі.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін әлемдегі мемлекеттер арасындағы түсіністік күрделі де түбегейлі өзгеріске ұшырады. Әрине, ол соғыс кімге болса да, әсіресе, Еуропа елдеріне өзіндік сабақ болғаны аян. Сол кезеңде мемлекеттер халықаралық қатынастың жаңа сатысына көтерілді.
Дүниежүзілік соғыс өрті басылғанымен соғыс қаупі жойылған жоқ еді. Ол қауіп ендігі жерде ғылым мен техниканың қуатты дамуының, жаңа технологиялардың ендірілуінің, әсіресе, жаппай қырып-жоюға бағытталған ядролық, химиялық қарудың көбеюіне байланысты бұрын-соңды болмаған мүлде жаңа сипат ала бастады.
Осы қатерлерге және қандай да бір қуатты елдерге басқа мемлекеттерге үстемдігіне немесе адамзатқа қарсы әрекеттеріне жол бермеу, сондай-ақ бейбітшілікті сақтау мақсатында беделді халықаралық ұйым құру қажеттілігі туып, Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) құрылды. Оның әлемдегі қайшылықтарды бәсеңдетіп, елдер мен мемлекеттер арасындағы текетіресті төмендетуде, бейбітшілікті сақтауда соңғы 60 жылдан астам уақытта атқарған қызметі орасан мол. Ұйымның дүниежүзілік қауымдастық алдындағы беделі де зор. БҰҰ – әлемдік қоғамдастықтағы орнына да, атқарып отырған қызметіне де, ең жоғарғы халықаралық ұйым екеніне де ешкімнің дауы жоқ.
Алайда, қоғамның дамуы, халықаралық қатынастардың үнемі өзгеріп, жаңа проблемалар туындап отырары да хақ. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін капиталистік және социалистік болып екі лагерьге бөлінген жүйелер арасында «қырғи-қабақ соғыс» асқындап, елдер арасындағы бейбіт өмірге сызат түсіре бастады. Екі жүйе жақындасудың орнына орталарына «темір тор» орнатып, бір бірінен алшақтай түсті. Өткен ғасырдың 70-шы жылдарында осындай тоңды жібітуге бағытталған сол кездегі Кеңес Одағының тарапынан мейлінше тиімді қадамдар жасалды. Сол мақсатпен Еуропадағы қауіпсіздік мәселелері жөнінен Кеңес өткізу ұсынылды. Оларды социалистік лагерьге кіретін Шығыс Еуропа елдері, сондай-ақ Франция, ГФР, Финляндия басшылары да қолдады. Кеңесті өткізуге бұрынғы Финляндияның Президенті Урхо Калева Кекконен зор ықылас білдіріп, бастамашылық көрсетті. Ақыры, 1975 жылдың жазында Финляндия астанасы Хельсинки қаласында Еуропадағы 35 елдің басшылары арнайы Кеңеске жиналып, осы тарихи Кеңес Қорытынды акті қабылдады.
1975 жылдың жазында Финляндияның астанасы Хельсинкиде өткен әйгілі тарихи кездесуден кейінгі мемлекет басшыларының толыққанды да маңызды, әрі есте қаларлық басқосуы 19 жылдан соң, Кеңес Одағы құлап, оның кеңістігінде жаңа мемлекеттер құрылып, олар аталмыш халықаралық ұйымға мүше болып қабылданғаннан соң, 1994 жылдың желтоқсанында Венгрия астанасы Будапешт қаласында өтті.
Будапешт Саммитінің Қазақстан үшін орны ерекше. Біз тәуелсіз мемлекет Туын көтерген алғашқы жылдары Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аталған Саммит қарсаңында Венгрияға ресми сапары болды. Сапар барысында біздің Президент Саммитте тұңғыш рет сөз сөйлеп, бір сессиясына төрағалық етті.
Ең бастысы – дәл сол Будапешт Саммитінде Қазақстан үшін оның болашағына қызмет ететін аса маңызды келісімге қол қойылды.
1991 жылдың 29 тамызында – әлі Кеңес Одағы ыдырамай тұрғанда – Нұрсұлтан Назарбаев орасан зор әлеуметтік жауапкершілікті өз мойнына алып, Кеңес Одағы мен СОКП басшыларының қарсылығына қарамастан, әйгілі Семей ядролық сынақ полигонын өз Жарлығымен жапқаны белгілі. Бұл оқиға тек қазақ халқын емес, бүкіл дүниежүзін дүр сілкіндірген, ешкім күтіп, болжамаған жаңалық болды. Семей полигонын жапқаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев тек полигон емес, жалпы ядролық қарудың таралуына, көбеюіне жол бермеу, жаппай қырып-жою қаруын шектеу саясатын ұстанатындығын жария етті. Осыдан кейін-ақ ядролық державалар, алдымен АҚШ басшылары Қазақстан Президентімен келіссөздер жүргізуге кіріскен. Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан өз еркімен ядролық арсеналдан бас тартып, оны толықтай жоярдың алдында біздің жас мемлекетіміздің қауіпсіздігіне ядролық қаруы бар мемлекеттердің кепілдік беруі шарт ретінде қойылды.
Бұл – біздің жас мемлекетіміздің, Елбасының халықаралық дәрежедегі маңызы зор, өресі кең, мәртебесі биік алғашқы және тарихи жеңісі болды.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ға мүше болған жылдан бастап, біздің мемлекетіміз халықаралық қатынастың жаңа сатысына көтерілді. Әсіресе, Еуропа елдерімен саяси, сауда-экономикалық, мәдени қарым-қатынас жиілеп, олардың бізді танып, білуі, бізбен әріптестік түсіністік жағдайда болуға ұмтылуы қалыптасты. Мемлекетіміз Еуроодаққа кіретін барлық мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, екі жақта да тұрақты елшіліктер жұмыс істей бастады. Азаматтардың барып-келуіне, аралас-құраласына жол ашылып, бейресми сапарлар да көбейді. ЕҚЫҰ-ның әртүрлі құрылымдары мен институттары біздің елімізге қызығушылық білдіріп, мемлекетіміздің тыныс-тіршілігін зерттеп, тануға ден қойды. Алғашқы жылдары халықаралық ұйымдар өкілдері тарапынан кереғар көзқарастар мен түсінбестік, тым атүсті, ұшқары пікірлер болғаны да құпия емес. Тіпті олардың көпшілігі біздің халқымыздың тарихынан, мәдениетінен, өсу жолынан, дәстүрінен, ұлттық ерекшелігінен мүлде бейхабар еді. Әуелгі кезеңдерде менменшіліктері де басым болғаны белгілі. ЕҚЫҰ институттары арқылы елімізге келген көп адамдар әуелгі жылдары әріптестік тұрғыдан емес, өз ойларынша – өздерін әлдеқайда жоғары, биік тұрғыдан сезініп, бізге өмір сүрудің қағидаларын үйрету ниетінде болғандары да ұмытыла қойған жоқ. Бұрынғы Кеңес жүйесі мен СОКП үстемдігін сынай отырып, өздері де солардың қателіктерін қайталауға бейім болған жағдайлар да белең алып тұрды. Қандай да ежелгі, ірі мемлекет немесе белгілі бір ұйым өкілдері алдымен әріптестік қатынастан гөрі, үстемдік, ықпалдылық мүмкіндігін көрсетуге бейім тұратыны таңғалдырмай қоймайды. Еуропалықтардың өздеріне көп жағдайда ТМД елдеріне, бұрынғы Кеңес жүйесіне деген қатып-семіп қалған көзқарастарынан арыла алмай жүргендіктерін дәлелдеуге тура келгендігін де айта кету жөн. Ол үшін Жаңа Қазақстанда экономика, құқық, білім, ғылым, мәдениет, мемлекеттік құрылыс салаларының барлығында да жүргізіліп жатқан реформалардың маңызы ерекше болғандығын бөліп айтуымыз керек.
Кез келген мемлекет үшін оның дүниежүзілік қоғамдастықта танылып, мойындалып, сол қоғамдастықпен үндес болуы – ең алдымен мемлекеттің қауіпсіздігіне кепілдік, сондай-ақ елдің жағдайының жақсарып, даму, өсуінің мүмкіндігі. Тәуелсіз мемлекеттік тарихымыздың осы 19 жылында біз соның бәрінен өттік. Дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі болу – әр мемлекеттің мүддесі. Әлемде танылып, мойындалуының көзге көрініп тұрған өлшемі немесе «кіретін», «шығатын» «қақпасы» жоқ. Ол – адамзат ұмтылысының ең ізгілікті құндылықтары – адам құқы, теңдігі, еңбекке, өсуге мүмкіндігі, өркенді тұрмысы, білімі, ел игілігіндегі қызметі, жетістігі. Мемлекеттік саясат – кейде мемлекеттің өз ішінде мойындалып, бүкілхалықтық қолдауға ие болуының өзі оңай емес, үлкен сынақ. Реформалардың бәрі бірдей сәтті болды деп айту да асығыстық. Қиындық та аз болған жоқ. Мемлекет тарихы үшін 19-20 жыл деген қас қағым сәт. Адам өмірімен өлшесек, бұл – есейіп, ер жетуге бет алған албырт та қуатты шақ. Әрі алды-артымызды да айыра алатын, мылқау жар мен түпсіз құздың да қауіпті екенін білетін, шынайы достық пен ділмәрсіген өтірік мәймөңкенің де арақашықтығын түсінетін сергек, сезімтал кезіміз.
Екі мыңыншы жылдардың басында Қазақстанның тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге ниет білдіруі әсіресе еуропалық қоғам үшін мүлдем тосын хабар болғаны да рас. Алғашқы кезде кейбір саясаткерлер, дипломаттар бұл әншейін саясат үшін айтылған болар деген бейжай көзқарас білдіргендері де рас.
Бірақ, Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-ға төрағалық жайдан-жай айтыла салған «әңгіме» емес-ті. Бұл – әуел бастан мемлекетіміздің Конституциясында қабылданған «дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды» көздеген түпкі мақсатпен тікелей байланысты Ұлттық мүдденің көрнекті көрсеткіші еді. Ендігі жерде өркениетті ел болу бағытында қыруар міндеттерді жүзеге асыру қажет болды. Ол міндеттер елімізде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылдығымен жүргізіліп жатқан өміріміздің барлық саласын қамтыған реформалардың негізгі мазмұнын сипаттайды. Қазақстан 2030 жылға дейін қабылдаған даму стратегиясын жүзеге асыру жолында өндіріс салаларын өркендету, жаңа жұмыс орындарын ашу, орта және шағын бизнесті ел экономикасын көтеруге жұмылдыру арқылы халықтың әл-ауқатын, тұрмыс дәрежесін көтеріп, денсаулық сақтау, білімін көтеру мүмкіндіктерін кеңейту бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Кейіннен осы шаралардың негізгі дені арнайы жасақталған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламаға ұласты. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – Еуропадағы ең қуатты елдер қатарына қосылып, өнім өндіруде Қазақстан халқының тұрмыс сапасын жақсарту, адамдардың білім деңгейін жоғарылатып, өнімнің отандық бәсекелестігін арттыру, тұрмыстың сан алуан саласында ең жоғары өлшемдерге, көрсеткіштерге қол жеткізу. Еуропалықтар бұл бағдарламаға айрықша қызығушылық танытты.
Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етудің Қазақстан үшін маңыздылығы – алдымен елімізді бұрын бізге бейтаныс болып келген қауымдастық ортасында танымал ету болса, екіншіден, сол озық ортаның озық тәжірибесімен алмасу, еліміздің өсуіне тиімді жетістіктерін үйрену, қабылдау мүмкіндігін пайдалану.
Қазақстанның Төрағалыққа келуі де бұрынғы шешімдерден айшықты әрі өткір пікірталас туғызды. Өйткені, бұл ұзақ жылдар Еуропада қалыптасып қалған көзқарас пен пікірдің өзгертілуін талап етті. Тіпті сол пікірталастың өзі де жас мемлекеттің ежелгі өңірге батыл араласуына ықпалын тигізбей қойған жоқ. ЕҚЫҰ-ның отыз жылға жуық ғұмырында төрағалыққа Қазақстан ұсынылған жылдардағыдай пікірталас болған емес. Тіпті бұрын Төрағалық ешқандай маңызы жоқ, өздігінен жылжып жүріп жататын. Осы жағдайдың өзі де тек Төрағалықтың емес, тұтас халықаралық Ұйымның да маңыздылығын көтерді.
Бұл жолда Президент Н.Назарбаевтың Еуроодақ елдері басшыларымен ресми, бейресми таныстық, достастық қарым-қатынастарының шешуші рөл атқарғандығын айту орынды. Жоғары деңгейдегі қол жеткізілген келісімдерге сәйкес өткізілген саяси, сауда-экономикалық, білім, мәдениет, кәсіпкерлік, іскерлік қатынастар, сөз жоқ, ел мен елді жақындастыруға көп әсерін тигізіп келеді.
Мемлекетіміздің Сыртқы істер министрлігі, Еуропадағы елшіліктер Жаңа Қазақстанның игілікті өзгерістерін таныстырып, бөтен елдердің ықыласын аударуға көп еңбек жасады.
Еуропа мемлекеттерінің басым көпшілігі парламенттік басқару жүйесінде жұмыс істейтін болғандықтан да, жалпы парламент демократия институты деп танылатындықтан 1991 жылы ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы (ПА) құрылып, ол тұрақты жұмыс жасап келеді. Сенат Төрағасы, ЕҚЫҰ ПА Төрағасының орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстан Парламентінің жеті депутаты осы Ассамблеяның мүшелері. Парламенттік Ассамблеяның жылына үш сессиясы өткізіледі. ЕҚЫҰ-ның ПА-сы қазір беделді, тұрақты құрылым болды. Оның сессияларында әрқашан өте маңызды проблемалар бойынша пікірталастар өткізіліп, арнайы резолюциялар қабылданады. Парламенттік Ассамблея депутаттары өз елдерінде қандайда халықаралық жағдайларға байланысты пікір қалыптастырып, қажетті шешім қабылдауға ықпал етіп отырады. Олар сондай-ақ ПА сессияларының күн тәртібіне маңызды мәселелерді енгізіп, өз пікірлерін ортаға салады. Сол ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясындағы біздің депутаттардың бастамашылдығымен көптеген әріптестерімізбен түсіністік жағдайын қалыптастырудың да жөні келді. Тек соңғы бір жылда делегация басшысы Қ.Тоқаев еліміздің «Еуропаға жол» бағдарламасы туралы, Ауғанстан мен Грузиядағы жағдай туралы арнайы баяндамалар жасап, пікірталас қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Біздің елімізге қызығушылық білдіріп, бүгінгі Қазақстан жағдайын танып, білген, шынайы ақпаратқа ден қойған шетелдік әріптестеріміздің көпшілігі әртүрлі парламенттік форумдарда, конференцияларда Қазақстанда өткізіліп жатқан реформалар жетістіктерін жағымды жағынан жақтап сөйледі, нақты қолдау көрсетті. Оған 2003, 2010 жылдары Алматыда өткізілген Трансазиялық парламенттік форум жұмыстары да, 2008 жылы Астанада өткен Парламенттік Ассамблеяның жазғы 17-ші сессиясы да өзінің оң себін тигізді.
90-шы жылдардың екінші жартысында ЕҚЫҰ жұмысында «сыңаржақтық», әрекетсіздік, дағдарыс кезеңін бастан кешірді. ЕҚЫҰ кеңістігінде болып жатқан әртүрлі қайшылықтар мен қақтығыстарда ЕҚЫҰ-ның әсері де, ықпалы да байқалмай қалды. Әсіресе бұрынғы Югославия, жалпы Балкан өңіріндегі қантөгістерде, өкінішке қарай, бұл халықаралық ұйым өзінің шарасыздығын, осалдығын, боркеміктігін көрсетті. Ақыры, 1999 жылы НАТО әскери күштерінің Югославияны бомбалауымен аяқталды. Сол жылдарда ЕҚЫҰ – өзінің басты бір бағыты – қауіпсіздік мәселесімен нақты шұғылданудан әжептәуір алшақтап, негізінен үшінші – гуманитарлық бағытпен түбегейлі айналысып кеткендігінен сол тұста Еуропаның кіндігінде шиеленісіп жатқан қайшылықтар мен қантөгістерге, күш қолдану әрекеттеріне араласа алмай шарасыздық көрсетті. Әділін айтсақ, тек сайлау өткен өңірлерде ғана ЕҚЫҰ өкілдері көрініп жүрді. Оның өзінде ТМД елдерінде және Шығыс Еуропа елдерінде бірінен соң бірі өтіп жатқан Парламент пен Президент сайлауларын бақылаумен шұғылданды. Осындай біржақтылық халықаралық ұйым ішінде наразылық тудырмай қалған жоқ. Ұйымды реформалау қажеттігі туралы жіті мәселе көтерілді. Тіпті осындай әрекетсіз Ұйым кімге қажет деген де пікір туды. ТМД мемлекет басшылары өз кеңестерінде арнайы хат та қабылдап, реформа жүргізу талап етілді. Соның нәтижесінде 2005 жылдың басында сол кездегі Іс басындағы төраға Словенияның сыртқы істер министрі Димитрий Рупельдің шешімімен 7 адамнан арнайы «саясаткерлер тобы» құрылып, олар ЕҚЫҰ жұмысына, оның құрылымдарының қызметіне жан-жақты сараптама, талдау жасап, халықаралық ұйымды реформа-лау жөнінде ұсыныстар әзірледі. Ол топтың құрамында Норвегия, Нидерланды, Германия, АҚШ, Хорватия, Ресей, Қазақстан өкілдері болды. Қазақстан тарапынан сенім осы жолдардың авторы – маған көрсетілді. Біз бес айда сегіз кеңес өткіздік. Әр кеңес үстінде барлығымыз да белгілі бір проблема бойынша баяндамалар жасадық. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстанды тереңірек таныстыру мақсатында оның өткен тарихы мен бүгінгі Жаңа Қазақстанда өткізіліп жатқан саяси, экономикалық реформалар туралы тақырыптық хабарламалар жасап, «дөңгелек үстелдер», конференциялар өткіздік. Елдегі оң өзгерістер, қоғамдағы, діни конфессиялар, этностық топтар арасындағы келісімді қамтамасыз ету тәсілдері, сондай-ақ Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздік мәселелері, лаңкестікке, есірткіге қарсы шаралар туралы баяндамалар жасадым. Сол жолда осы «мәртебелі топ» ұйымды реформалау қажеттігін дәлелдеумен қатар алдағы уақытта ұйым беделін көтеретін ұсыныстарымызды да жинақтап, тұжырымдап, ортаға салдық. Ол ұсыныстар Вена қаласында Тұрақты кеңесте баяндалып, қабылданды. Ұсыныстар өзегінде «қос стандарттар» саясатынан толық ажырау қажеттігіне мән берілді. Барлық елдердің құқығының теңдігін қамтамасыз етуге екпін берілді. Ұйымның Жарғысын қабылдау мерзімі келгендігі де ескерілді. Ұйымның құрылымдары мен институттарының жұмысын жандандыру, олардың жұмысына мүше елдер өкілдерін кеңінен қатынастыру көзделді. «Саясаткерлер тобы» алдағы жылдарда ЕҚЫҰ-ға төрағалықты Қазақстанға жүктеу ұсынысын қолдады.
2005-2007 жылдары Еуропа елдерінің мемлекеттерінде, Қазақстан тарапының бастамашылдығымен мемлекеттік институттарда саяси партиялардың, ғылыми орталықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың қатынасуымен көптеген конференциялар, «дөңгелек үстелдер», тағы басқа кездесулер өткізілді.
Осы жылдарда біздің елімізге дүниенің төрт бұрышынан мемлекет басшыларынан бастап, парламент, үкімет басшылары, өкілдері, саясаткерлер, ғалымдар, сарапшылар, БАҚ өкілдері көптеп келді, елімізді көзімен көрді.
2007 жылдың қарашасында Испанияның астанасы Мадрид қаласында өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кезекті кеңесінде шешім қабылданарда олар бір ауыздан Қазақстандағы экономикалық, саяси реформалар нәтижелерін, халық тұрмысы сапасының жақсаруын, жас мемлекетіміздің әлемдегі танымалдылығын, Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары халықаралық бастамашылдығы мен беделін тілге тиек еткен.
Бұрын өркениетті елдер танымаған біздің елді Еуропа, әлем танып, мойындады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың келбетіне, әрқашан орынды сөзіне, мемлекеттік қайраткерлігіне, ұтқыр бейбіт саясаткерлігіне, адамгершілік тұлғасына қарап, қазақ деген ұлтқа сенім артты.
Елбасы Қазақстанның Төрағалыққа кіріскен жыл басында Венада Тұрақты Кеңесте жария еткен бейнеүндеуінде біздің елдің ұстанымдарының қатарында Сенімге айрықша пәрмен берілді. Еуразия кеңістігінде қауіпсіздік пен дамуды қамтамасыз ету үшін Сенімнің қажеттігіне ешкім де шүбә келтірмейді. Сол Сенім арқылы да Қазақтың желбіреген көк Туымен бірге ұлттық Рухы көтерілді. Бұл, біріншіден, Тәуелсіздіктің жемісі. Екіншіден, өзіміздің басқалармен терезесі тең ел болып өсе алатындығымыздың дәлелі.
Біздің еліміз өзінің ғасырлар бойғы дамуында талай қауіп-қатерді, қырғынды, қыспақ пен әділетсіздікті басынан молынан өткізді. Қорлау мен басқыншылыққа қарсы тұрып, қан жұтты. 19 жыл бұрын атқан Азаттықтың ақ таңының арқасында осы қысқа мерзімнің өзінде бұрын-соңды жүздеген жылдар аңсап, арып-ашып, айқасып, күресіп жүріп көре алмаған Бақыт басымызға қонып, Жақсылық нұрын шашып тұр.
Жаңа заманның жаңа талаптарына лайық өмір сүре алу – парызымыз. Елбасының қайраткерлігі елді осыған бастайды. Елбасының жобасы – халықаралық қатынаста ақылмен, біліммен, білгірлікпен, ұлттық мүдделікпен өзара Сенім, Төзімділік, Ашықтық, Дәстүрлілік қалыптастыру. Жыл бойғы Төрағалық тұсында осы көрсеткіштер тұрақтанды. Елдер арасындағы, Батыс пен Шығыс арасындағы диалог жиіленіп, жаңа серпін берілді. Еуропа мен Азия өзара жақындаса түсті. Бірлескен халықаралық ұйым аясында ешкім ешкімге күш көрсетіп, қоқан-лоқы жасамастан, ешқандай қаруды пайдалануға жол берместен, керісінше қару, әсіресе жаппай қырып-жою қаруларын шектеу арқылы өркениет өріне бірге даму қажеттілігін Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл болмысымен, дамылсыз қызметімен дәлелдеп келеді. Сондықтан да қазақтың Рухы өрледі. 56 мемлекетке сәтті Төрағалық етіп, оларды бір мүддеге жұмылдыра білу де сол Рух төрелігінің мықтылығынан. Ол Еуропа мен Азия аралығында жатқан Қазақтың алып жерін екі құрлықтың көпірі дәрежесіне көтерді. Ежелгі алпауыт елдер небәрі 16 миллион халқы бар Қазақ мемлекетімен санасатын болды. Олардың ешқайсысы бізден қорқып отырған жоқ. Біздің Елбасының ұтымды қайраткерлік пен озықтық қасиетін танып, мойындағандықтан оның Тұлғасына назар аударып, сөзіне құлақ асып отыр. Бұл, сөз жоқ, Рух жеңісі.
Еуропа өз шешімінде қателескен жоқ. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы бірден серпіліспен басталды. Ұйым мүшелеріне бұрын болмаған тың жоба ұсынылды. 2010 жыл ЕҚЫҰ-ға жаңа дем берді. Жыл бойына Іс басындағы төраға, Қазақстан Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ-ның кеңістігіндегі елдерге сапарын толассыз жүргізіп, қордаланып қалған қайшылықты проблемаларды шешу жолдарын талқылаумен келеді. Төрағалық аясында бір жыл ішінде бұдан бұрын өткізілмеген халықаралық ұйымның беделін көтеретін нақты шаралар өткізілді. Солардың ең бастысы, сөз жоқ, 11 жылдан бері кездесудің реті болмаған мемлекет басшыларының Саммиті.
ЕҚЫҰ Саммитінің қажеттілігі мен маңыздылығында дау жоқ. Бірақ осыншама ұзақ мерзім ел басшылары бір мәмілеге келе алмағандығын немен түсіндіруге болады?
Осы 11 жылда Еуропада, Азияда, тіпті бүкіл әлемде қаншама ешкім болжай қоймаған алапат өзгерістер болып жатыр? Елдер, халықтар, мемлекеттер өміріне төніп жатқан қауіп-қатер аз ба? Тек лаңкестік шабуылдардан қаншама бейкүнә адамдар, солардың ішінде аналар, балалар қырылып жатыр. Есірткі зардабынан ше? Табиғи апаттар ше? Қысқасы – мемлекет басшылары ақылдасатын, пікір алысатын проблемалар аз ба? Міне, Астана Саммитінің маңыздылығы. Оларды ортақ мүддеге назарын аударып, мәмілеге келтірген – Қазақстан. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
ЕҚЫҰ бұл кезекті Саммитінің Қазақстан үшін тағы бір маңыздылығы – кездесудің Төраға қызметін атқарып отырған елде, яғни біздің Астанада өткізілуі. Бұрын мұндай Саммиттер Төрағалықтан бос елдерде өткізілген. Бұл жолғы Саммит бастамашысы да, оны өткізетін орталық та – Қазақстан. 55 мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілері біздің Президенттің тұлғасына тағы да теңдесі жоқ, тарихи сенім көрсетіп отыр. Бұл сонымен бірге мемлекетімізге, бүкіл халыққа көрсетілген зор мәртебе, айрықша сенім. Елдің рухын көтеретін сенім. ЕҚЫҰ сияқты беделді халықаралық ұйымның біржылдық жұмысына төрағалық ету – қазақ елінің рух төрелігіне, яғни интеллектуалдық төрелікке қабілетін көрсетеді. Президенттің бұл бастамасын ұйымға кіретін барлық елдер қоғамдастықтары, ЕҚЫҰ құрылымдары құлшына қолдады. Үстіміздегі жылдың жазғы сессиясында Норвегияның астанасы Осло қаласында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы өзінің декларациясына Қазақстан парламенттік делегациясының ұсынысымен Саммиттің шақырылуына арнайы қолдау көрсеткен бапты қабылдады. Палермо (Италия) қаласында өткен күзгі сессиясында Италия Парламентінің төрағасы Ж.Ф.Фини, сондай-ақ Парламенттік Ассамблея мүшелері Р.Мильори (Италия), Ж.Соареш (Португалия), тағы басқа Еуропа кеңістігінде аттары белгілі депутаттар өз сөздерінде Қазақстан Төрағалығына жоғары баға бере келіп, «Өткен он жылда ешкім ұйымдастыра алмаған, ортақ мүддеге жұмыла алмаған ЕҚЫҰ мемлекет басшыларының Саммитін шақыру Қазақстанның қолынан келді. Қазақстанға біз айрықша сенім артамыз», деді. Мұндай пікірді көптеген Еуропа, ТМД елдерінің депутаттары, дипломаттар, халықаралық сарапшылар үзбей айтып келеді.
Саммитке мүдделі мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілері Астанада бас қосып, заманның, уақыттың жаңа шақыруларына сараптама жасап, даму шараларын белгілеулері – тек қазақстандықтар ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігі күтіп отырған ерен оқиға. Астана қауырт, үзіліссіз жұмыс үстінде. Саммит аясында күні кеше ғана аяқталған Шолу конференциясы, үкіметтік емес ұйымдар форумы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Бюро мәжілістерінің сәтті өтуі де маңызды шаралар. Олардың барлығы да басты Саммиттің мазмұнды әрі сәтті өтеріне мүдделі.
Дәл солай боларына сенеміз біз.
Қуаныш СҰЛТАНОВ, ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының мүшесі.