Еуразия жүрегіндегі, қазақ жеріндегі үнқатысу
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВТЫҢ сөзі
Құрметті мемлекет және үкімет басшылары, делегация жетекшілері! Ханымдар мен мырзалар! Қазақстан халқы атынан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық саммитіне жиналған мәртебелі меймандарды ыстық ықыласпен қарсы алғаныма қуаныштымын. Тәуелсіздігін таяуда алған мемлекеттердің ішінде Қазақстан тұңғыш рет осы маңызды халықаралық форумды ұйымдастырып отыр. Мен біздің елімізге сенім білдіргендері үшін барша әріптестеріме зор алғыс айтамын. Жоғары мәртебелі ханымдар мен мырзалар! Біз Астанаға саламатты ой-ниеттің салтанаты жолында біздің халықтарымыздың қауіпсіз болашағына қарай бірлескен ілгерілеуімізді жалғастыру үшін жиналып отырмыз. Бұл жол бұдан отыз бес жыл бұрын басталған болатын. Алғашында Хельсинки үдерісі “Атлантикадан Оралға дейінгі” жалпыеуропалық үй тұғырнамасына арқа сүйей отырып дамыған еді. ЕҚЫҰ құрылғаннан бастап еуропалық қауіпсіздік қағидаттары “Ванкуверден Владивостокқа дейінгі” кеңістікте орнықты. Қазір үшінші кезең басталып отыр. Біз “Мұхиттан Мұхитқа дейінгі” әлдеқайда ауқымды координаттарда қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көше бастаймыз. Әңгіме төрт мұхиттың – Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейінгі және Солтүстік Мұзды мұхиттан Үнді мұхитына дейінгі шекарада біртұтас қауіпсіздік кеңістігін қалыптастыру туралы болып отыр. Астана Саммиті Ыстамбұлдан кейін 11 жылға үзіліп қалған жоғары деңгейде кездесулер өткізу дәстүрін қалпына келтіреді. Ал мұның өзі Ұйымды дәуірлету белгісі. Біз бүгін Астанада Еуро-Атлантикалық және Еуразиялық біртұтас және ажырағысыз қауіпсіздік қауымдастығын қалыптастыруды бастап береміз. Бұл жолғы саммит алғаш рет көп ретте Хельсинки Қорытынды актісінің қағидалары мен қағидаттары арқасында тәуелсіз болған жаңа елде өтіп отыр. Мен мемлекеттер мен халықтардың даму жолын еркін таңдау құқығын, егемендігі мен территориялық тұтастығын айтып отырмын. Біз әлемнің демократия ешқашан болмаған бөлігінде оны қалыптастырып отырмыз. Қазақстандағы тұрақтылық – бұл, ең алдымен, сенімді экономикалық өсу. Біз кедейшілік өзіміздің жас демократиямызды кемсітпеуі үшін алдымен экономиканы дамыттық. Барлық 140 этностың және 46 конфессияның төзімділігі, татулығы мен келісімі Қазақстан қоғамының берік іргетасы болды. Біз бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрдық. Біз батыс құндылықтары мен шығыс дәстүрлерінің жымдасуын жүзеге асыра алдық. Біздің халқымыз “қырғи-қабақ соғыстың” қатал салқынын өз басынан кешті. Бұл, ең алдымен, Семей ядролық полигоны. Оны жабу туралы менің Жарлығым және ядролық қарудан бас тарту жалпыеуропалық үдеріске Қазақстан қосқан бірінші кезектегі үлес болды. Бүгін біз сондай-ақ ЕҚЫҰ бойынша әріптестерімізді Жалпыға ортақ ядролық қарусыз әлем декларациясын қабылдау туралы біздің бастамамызға қолдау білдіруге шақырамыз. Жоғары мәртебелі ханымдар мен мырзалар! Біздің саммиттің бірегейлігі оның Еуразия кіңдігінде, Еуропаның географиялық шекарасынан мыңдаған шақырым шалғайда өтіп отырғанында. Біздіңше, бұл, ең алдымен, еуропалық қауіпсіздіктің өзгерген парадигмасын бейнелейді. ХХІ ғасырдың басында Еуропа континентіндегі тұрақтылықтың ең қауіпті қатерлері мен сынақтарының көздері одан тыс жерде қалып отыр. Ауғанстандағы проблемалық түйінге ЕҚЫҰ-ға қатысушы 43 мемлекет тартылған. Біз Ауғанстанда кешенді реттеу стратегиясын әзірлеуді, экономиканы және бейбіт өмірді қалпына келтіруді жақтаймыз. Қырғызстандағы өткір саяси дағдарыс Орталық Азиядағы жаңа жанжалдардың жеделдеткіші бола алар еді. Біз АҚШ-тың, Ресейдің және басқа әріптестеріміздің көшбасшыларымен бірге жанжалды ушықтыруға жол бермеу және бұл елдегі тұрақтылық үшін ЕҚЫҰ-ның барлық құралдарын тиімді пайдаландық. Қазір есірткі транзитінің, жасырын көші-қонның, адам саудасының, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын тарату қатерінің негізгі көздері Еуропадан тыс орналасқан. Еуропаның энергетикалық және экономикалық қауіпсіздігінің көптеген қырлары бүгінде дүниенің басқа бөліктеріндегі ахуалға байланысты болып отыр. Мұны жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс та көрсетіп берді. Еуразиялық қауіпсіздік – бұл метафора емес, бұл қатал геосаяси факт. Сондықтан Астанадағы Саммит – жаһандық қауіпсіздіктегі ЕҚЫҰ перспективаларын талдау үшін жақсы мүмкіндік. Біздіңше, ЕҚЫҰ-ның алдағы онжылдыққа басты міндеті – қайшылықтарды рет-ретімен шешу, сенім мен интеграцияны, соның ішінде қазіргі бар мемлекетаралық бірлестіктер аясындағы интеграцияны нығайту. “Шығыс-Батыс” жүйесі бойынша – бұл, бір жағынан, Еуропа Одағы мен НАТО-ның, екінші жағынан – ЕурАзЭҚ пен ҰҚШҰ арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою. Осылайша өткен ғасырда қалыптасқан транс-атлантикалық интеграция орынды түрде транс-еуразиялық интеграциямен толығуы мүмкін. Осыған байланысты Қазақстан Ресей мен НАТО-ның өзара қатынасындағы ілгерілеушілікті құттықтайды. Сондай-ақ Президент Дмитрий Медведевтің еуропалық қауіпсіздік жөніндегі жаңа келіссөз туралы ұсынысы назар аударуға тұрарлық. “Солтүстік-Оңтүстік” жүйесі бойынша ЕҚЫҰ-ның бірқатар азиялық интеграциялық құрылымдармен өзара тығыз қарым-қатынасын орнату өзекті болып көрінеді. Бірінші кезекте, Қазақстанның бастамасы бойынша құрылған АӨСШК-мен қарым-қатынас орнату керек. Қазақстан еуразиялық қауіпсіздіктің байланыстырушы буыны болуға әзір. Біз 2011 жылы ИКҰ-ға төрағалығымызды бүкіл Еуразия кеңістігінде сенімді нығайту үшін пайдаланбақпыз. Біз сондай-ақ Еуразиялық қауіпсіздік туралы баршаны қамтитын келісім жөніндегі мәселені әзірлей бастауды ұсынамыз. Құрметті әріптестер! Бірнеше аптадан кейін біздің еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық миссиясын аяқтайды. Біз Ұйымды дағдарыстан шығару міндетін қойған едік. Мен біздің күш-жігерімізді әріптестеріміз лайықты бағалайды деп сенемін. Ұйымды жаңғырту үдерісі – ұзақ мерзімді перспективаға есептелген біздің ортақ міндетіміз. Болашақта ЕҚЫҰ-ға жетекшілік ететін барлық елдерді белсенділікті бәсеңсітпеуге шақырамын. ЕҚЫҰ-да гуманитарлық өлшемдер – демократиялық институттарды, тәуелсіз БАҚ-тарды дамыту, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау жөнінде көп тәжірибе жинақталған. Бұл біздің дамуымыздың аса маңызды шарты. Сонымен қатар осы заманғы сынақтар мен қатерлерге лайықты жауап беру үшін ЕҚЫҰ-ны дамыту үдерісінде мазмұнды да құрылымдық өзгерістер қажет болып көрінеді. Біз ЕҚЫҰ-ның себеттері мен институттары санын ұлғайтуды ұсынамыз. Бірінші. Экономикалық прагматизм – ХХІ ғасырдағы қауіпсіздік жүйесінің өзегі. Осыған байланысты экономиканы тұрақтандыру жөніндегі Еуропа Одағының күш-жігері қолдауға лайық. Үлкен “сегіздік” пен “жиырмалық” жаһандық қаржы дағдарысын еңсеру проблемаларын талқылауда. Бірақ әзірге әлемдік экономика мен валюта жүйесінің жаңа сұлбасын іздестіру баяу жүруде. Сондықтан ЕҚЫҰ-ның экономикалық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі күш-жігері басымдылық болып, қаржы-экономикалық қауіпсіздік жеке себет ретінде бөліне алар еді. Жаһандық экономика жаңа сападағы әлемдік резервтік валютаны қажетсінеді. Бұл мәселе айрықша назар аударуға лайық. Біз сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның Маастрихт стратегиясын “Маастрихт-плюс” құжатымен толықтыруды ұсынамыз. Онда келісілген валюта-қаржы саясатының, экономикалық ынтымақтастық пен интеграцияның қағидаттарын бейнелеуге болар еді. ЕҚЫҰ құрылымын энергетикалық қауіпсіздік және экономикалық өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестермен толықтырған орынды. Қоршаған ортаны қорғау саласында ЕҚЫҰ-ның Экологиялық форумын құру ұсынылады. Ол, мәселен, Арал теңізінің тартылуы немесе бұрынғы Семей полигонының аумағын түлету секілді бірқатар проблемаларды шешуге жәрдемдесе алар еді. Су проблемаларын құқықтық реттеу мақсатында су тапшылығын тартып отырған елдер үшін “Су және құқық” бағдарламасын әзірлеу өзекті болар еді. Екінші. Қарусыздану және таратпау саласында жаңа келісім-шарт нормаларын әзірлеу жөніндегі жұмысты жалғастыру маңызды. Оның нәтижелі болуы үшін ЕҚЫҰ-ның арнаулы форумын құру орынды болып көрінеді. Қазақстан трансшекаралық қылмысқа, есірткі трафигіне және жасырын көші-қонға қарсы күресті үйлестіру үшін ЕҚЫҰ елдері министрлері деңгейінде Кеңес қалыптастыруды ұсынады. Үшінші. Бүгінде ЕҚЫҰ кеңістігінде сенімсіздік “сызаттары” ең алдымен жекелеген елдердің ішінде көрініс беруде. Содан кейін ғана ол өңірлік және жаһандық ахуалға келеңсіз ықпал етеді. Мұндай деңгейдегі көріністерге діни қасиетті заттар мен орындарды және басқаларын көпшілік алдында масқаралау әрекеттерін жатқызуға болады. АҚШ-тың діни төзімділікті нығайту мәселесі бойынша ұстанымы баяндалған Президент Барак Обаманың Каирдағы сөзі ЕҚЫҰ-ның нақты қадамдарында жалғасын тапқаны орынды. Біз конфессияаралық төзімділікті жеке өлшемге бөліп шығаруды ұсынамыз. Бүгінде адал да ашық конфессияаралық үнқатысу қажет. Оны ұйымдастыру үшін ЕҚЫҰ Қазақстанның бастамасы бойынша өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің алаңын пайдалана алар еді. Христиандық пен ислам, иудаизм мен буддизм жауласу емес, әлемді жарату үшін жерге түскендігіне біз сенеміз. Сондай-ақ “Жаңа онжылдықтағы төзімділікке” құжатын бірлесе әзірлеуді ұсынғым келеді. Төртінші. Әлемді тітіренткен жаһандық қаржы дағдарысы, аймақтық жанжалдар мен басқа да сынақтар көп ретте күтпеген жағдайға айналып отыр. Мұның өзі болашақты көру “оптикасы” кінәратты болғанын білдіреді. ЕҚЫҰ-да жеке өлшем санатында қауіпсіздіктің түрлі проблемаларын болжау жөніндегі жұмысты жолға қою пайдалы болар еді деп санаймын. Алғашқы қадам ретінде ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік институтын белгілеуді ұсынамын, ол Астанада орналаса алар еді. Бесінші. Сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға ЕҚЫҰ-ның құрылымдарын Ұйым жауапкершілігінің бүкіл аймағы бойынша бірқалыпты орналастыру жәрдемдесе алар еді. Бұл үдерісті түрлі елдердегі, соның ішінде ЕҚЫҰ-ның азиялық бөлігінде валюта-қаржы, дінаралық және болжау-талдау өлшемдері бойынша жаңа институттарды құрудан бастауға болар еді. Біз бұл ұсынысты “Корфу үдерісі” аясында талқылауды ұсынамыз. ЕҚЫҰ-ны іргелі өзгертудің барлық бағыттары ЕҚЫҰ-ның Астана декларациясында көрініс табады деген үміттемін. Құрметті Саммитке қатысушылар! Бүгін Еуразияның жүрегінде, байырғы қазақ жерінде мыңжылдықтар бойы адамзат тарихын жасаған ұлы халықтардың үнқатысуы басталды. Саммитке ұсынылып отырған Астана декларациясы мен Іс-жоспарының жобалары Ұйымның барлық мүшелері тарапынан қолдау табады деп сенемін. Бұл біздің халықтарымыздың қауіпсіздігі мен гүлдену ісіне қосылған үлкен үлес болар еді. Алып Еуразия құрлығын сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік сынды жалпы құндылықтарға негізделген ортақ кеңістікке айналдыру өз қолымызда. Біздің саммиттің тарихи маңызы мен атқарар жүгі де осында деп білемін.
Назарларыңызға рахмет.