Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Н.Ә.Назарбаевқа
Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің пікірлестеріңіздің, «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің атынан Сізді Астанада ЕҚЫҰ Саммитінің табысты өтуімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл Саммит Қазақстанның аталған беделді халықаралық ұйымға төрағалығының шарықтау шегін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар, біздің еліміздің әлем алдындағы абыройының күннен-күнге арта түскенін, Қазақстан Көшбасшысының тұлғалық жоғары беделін көрсетті. Қазақстан кеңестік кезеңнен кейінгі елдердің ішінде алғашқы болып ірі халықаралық ұйымға басшылық етті және оның қызметіне біздің еліміздің жауапты міндетті табысты әрі тиімді жүзеге асыруына жол ашқан жаңа мазмұн мен жаңа леп әкелді. Сондықтан әлемдегі азулы мемлекет басшыларының Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен соңғы 11 жылда алғаш рет өткізіліп отырған Саммиттің ұйымдастырылуына берген жоғары бағасы – Қазақстанның көшбасшылығын, тәуелсіздік алған жылдар ішінде әлеуметтік-экономикалық және демократиялық зор табыстарға жеткенін, сондай-ақ, жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан Сіздің айрықша үлесіңізді мойындау деп білеміз. Осы күндері барлық қазақстандықтар әлемдегі жетекші елдер басшыларының Қазақстан Көшбасшысының еуразиялық үнқатысуды дамытуға жаңа тыныс беріп, құрлықтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгері бастырудағы саяси ерік-жігері мен күш-қуатына тәнті болғандарына куә болды. Қазақстанның жас әрі гүлденген елордасы – Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммиті, сөз жоқ, біздің еліміз тарихындағы ең айтулы күндердің бірі. Сондықтан да, миллиондаған қазақстандықтар өз Отаны мен өз Көшбасшысы үшін шексіз ризашылық сезімге бөленгені сөзсіз. Тағы да ЕҚЫҰ Саммитінің табысты өтуіне арналған біздің ең ыстық лебізіміз бен құттықтауымызды қабыл алыңыз және Қазақстан дамуындағы Сіз жүргізіп отырған стратегиялық бағыттарға біздің барынша қолдау көрсететінімізге сендіруге рұқсат етіңіз.«Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесі.
Абыройымызды асқақтатқан жиын
Елордасында ең жоғары дәрежеде өтіп, Қазақ елінің даңқын аспандата түскен ЕҚЫҰ Саммиті – әрбір азамат үшін үлкен қуаныш, зор мәртебе, Қазақстанның абыройын асқақтата түскен тарихи ұлы оқиға. Ал ұлт мәртебесінің биік белеске көтеріліп, әлем алдындағы жоғары бедел мен сый-құрметке бөленуі тәуелсіз Қазақ елінің тұңғыш Президенті, барша әлем мойындаған саңлақ саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірлік қағидасына айналған өлшеусіз еңбегінің жемісі. Әлем асыға күтіп, мол үміт артқан бұл жиынды Маңғыстаудағы этномәдени бірлестік өкілдері де теледидар арқылы зер сала көріп, ондағы айтылған әңгіме, көтерілген өмірлік мәні зор проблемаларды бірлесе шешудің Қазақ елінің төрінде талқыға түскендігін көріп, көңілдеріне мақтаныш сезімдері ұялады. Ғалам көз тіккен салиқалы басқосудың еліміздің төрағалығымен өтуін жақсылыққа жорыды. Азияда бұрын-соңды болмаған ертегідей ерекше Саммиттің еліміз бен жеріміздің мерейін үстем ете түскендігіне мерейленді. Ондай мақтаныш сезімі жайлы Саммит аясында өткізілген «дөңгелек үстел» отырысында, облыстық әкімдікте облыс басшылығымен бірге теледидардан тамашалаған Саммиттің өту барысында, ауылдарда болған ақпараттық топтар құрамында болған ұлттар мен ұлыстар өкілдері Елбасы еңбегі мен салиқалы саясатын қолдайтындықтары жиі айтылды. Бұл ретте облыста осыдан он жыл бұрын құрылған «Алатоо» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Қ.Ғазыбековтің Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы кезінде сондай-ақ, көрші-туысқан халық ретінде де Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қырғыз еліне жасап отырған көмегін және де Саммит кезіндегі өз еліне деген ұлағатты сөздер мен ыстық лебіздеріне ризашылығын білдірді. Қырғыз елін жақсы күндер күтеді деген сенімін де жасырмайды ол. Жалпы, біздегі 19 этномәдени бірлестік өкілдерінің қайсысы да Астана Саммиті дүние жүзінде бейбітшілік пен бірліктің, қауіпсіздіктің, халықтар достығының нығая түсуіне өлшеусіз үлес қосқан басқосу болып, әлем таныған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биік беделді, танымал тұлға екендігін тағы да бір паш етті деп санайды. Елбасымыз аман, ел іргесі биік болсын! Мұқанжан КАМАЛОВ, Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі.Ел тілегінің жетегінде болдық
Тәуелсіздігімізді алған күнінен бастап елімізді көркейту жолында, әсіресе, жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеу бағытында Елбасы күні ертең мемлекетіміздің алтын діңгегі болатын жас ұрпаққа барлық мүмкіндікті жасап келеді. Содан бергі 20 жылға жуық уақыт ішінде миллиондаған ұл мен қыз мектеп бітіріп, қазір олар елдің өркендеуіне өз үлестерін қосу үстінде. Соңғы жылдары президенттің тікелей қолдауымен Отанымызда талантты балаларға арналған интеллектуалдық мектептер ашылып, жұмыс істеп келеді. Қазір бұл мектептер – Назарбаев зияткерлік мектептері деп аталады. Осы білім ұяларының оқушылары мен ұстаздары Елбасы саясатын қолдап қана қоймай, өз үлестерін қосуда. Соның бір айғағы кеше жұмысын аяқтаған ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті дер едік. Бұл саяси форум еліміздің мәртебесін асырумен бірге, тұрақты тірлігіміздің тынысын да көрсетіп берді. Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аралықтағы ұлан-ғайыр аумаққа, күні кеше өзгеге тәуелді жұрттың, өз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі аз уақыттың ішінде төрде отырып, төрағалық жасауға қолының жетуі – бұл Тұңғыш Президентіміз, жалпыұлттық Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының жемісі дер едім. 10 айдың ішінде төраға ретінде атқарған жұмыстарға мен тоқталмасам да қалың жұрттың көзі жетті. 56 мемлекеттің басын біріктірген мәртебелі Ұйым мүшелерін адамзаттың айбынды ісін атқару жолында ұйыту – екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Біздің Елбасы бастаған азаматтарымыз осы жауапты істі үлкен жетістікпен ұйымдастыра алды. Бұл КСРО заманында беймәлім жұрттың аз уақыт ішінде экономикалық жағынан қарыштап дамығанын, демократиялық өрлеу жолында мықты қадам жасағанын, сөйте отырып, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атом қаруынан өз еркімен бас тарта отырып, бейбітшілікті орнықтыру ісінде өзінің сара бағытының бар екенін дәйектеді. Әсіресе, бұған дейін дүние жүзі жұртшылығының назарын ерекше аударған Азиядағы қауіпсіздік мәселесін бірінші болып көтеріп, өркениеттер арасындағы үнқатысуды жолға қойған, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайын жоғары дәрежеде ұйымдастырып, ядролық қарудан бас тарту жөнінде тың қадамдар жасаған біздің Отанымыздың алға қойған басты мақсаты адамзаттың алаңсыз өмір сүруіне үлес қосу бағытында жұмыстану болып табылады. Осындай бейбітшілікті ту етіп көтерген мемлекеттің әрбір жақсы ісі жұртшылықтың дәйім қолдауына ие болып келеді. Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздар қауымы Астана Саммитінде көтерілген мәселелердің қорытынды құжатта көрініс табуы Елбасымыздың дана ойының, сара саясатының жүзеге асуы деп біледі. Бекзат РЫСБЕКҰЛЫ, Назарбаев зияткерлік мектебі тарих пәнінің мұғалімі. Астана.Астана рухы жеңіске жетті
ЕҚЫҰ-ның Саммитінің Астанада өтуі – бұл мемлекетімізге, бүкіл халыққа көрсетілген айрықша сенім, зор мәртебе, 20 жылға да толмаған жас мемлекетіміздің саяси, экономикалық жетістіктерінің нәтижесі.Саммитті өткізуге бастамашылық жасаған Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевқа, оның халықаралық беделіне 55 мемлекет басшылары теңдесі жоқ тарихи сенім артты. Мен Саммит барысын ақпарат құралдары арқылы үзбей бақылап отырдым, себебі, Астанадағы Шолу конференциясына қатысқан біздер мұндай кең басқосуда 11 жыл өткеннен кейін кездескен мемлекет басшыларының бір пікір, бір түйінге келуі оңай болмасын сезгенбіз. Саммит қауырт, үзіліссіз жұмыс істеді. 55 елдің басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілері заман, уақыт тудырған күрделі мәселелерді қызу талқылап, сараптама жасап, оларды шешу, дамыту шараларын белгіледі. Бүкіл Еуразия кеңістігі, оның миллиондаған халқы Астана Саммитіне үлкен үміт артты, себебі, қауіпсіздік – барлық елдерге ортақ мұрат, басты құндылық. Үміт ақталды, Саммиттің басты құжаты – Декларация қабылданды. 35 жыл араға салып «Хельсинки рухы» деген түсініктен кейін Атлант мұхиты мен Тынық мұхиты аралығында орналасқан 55 ел үшін «Астана рухы» деген ұғым өмірге енді. Саммитке қатысушы делегация басшылары түгел дерлік Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына, Саммиттің ұйымдастырылуы дәрежесіне жоғары баға берді, төрағалық аясында халықаралық ұйымның беделін арттыратын, жұмысына жаңа серпін беретін нақты шаралар өткізілгенін атады. Бұл біздің еліміздің, Елбасымыздың халықаралық қоғамдастық алдындағы абыройы мен беделін арттыра түсетіні сөзсіз. Біздер, сырбойылықтар, қазақстандықтарды дүние жүзі таныған Астана рухына лайық болуға шақырамыз. Д.АҚМАҒАМБЕТОВА, «Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы» қауымдастығының төрайымы.