08 Желтоқсан, 2010

Астана рухы асқақ көрінеді

450 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Шетелдік ақпарат құралдарында Астанада өткен аптада болып өткен ЕҚЫҰ Саммитіне қатысты мәселелер әлі де талқыланып жатыр. Оларда әртүрлі пікірлер көлденең тартылғанымен, барлығында дерлік Қазақстан Көшбасшысының жаһандық форум шақыру туралы бастамасы қауіпсіз әлем құру үдерістеріне қосылған орасан зор үлес болып табылатыны атап көрсетіледі. Төменде солардың бірқатары назарларыңызға ұсынылып отыр. * * * Еуропадағы қауіп­­­­­­­­сіздік және ын­ты­мақ­тастық ұйымы өзі­­нің әлеуетін жоғал­тып барады және модернизациялауды қа­жет етеді, деп мәлімдеді ЕҚЫҰ-ның Ас­тана Саммитінде Ресей Президенті Дми­трий Медведев. Бұл шара Ұйым тари­хын­дағы жетіншісі болып табылады жә­не 11 жылдық үзілістен кейін алғаш рет өткізіліп отыр. Ресей Президентінің пікірінше, Ұйым ресурстарын пайдалану үшін қа­зір­гіден де нақтырақ құқықтық база және ЕҚЫҰ ресурстарын пайда­лану­дың ережелері қа­жет. Ол халықаралық құрылым НОТО-ның, Еуроодақтың, Еуропа Кеңесінің, ТМД мен ҰҚШҰ-ның өзара іс-қимыл ала­ңы бола алатынын атап көрсетті. Өйт­кені, атал­ған альянстарға қатысу­шылар­дың бар­лығы ЕҚЫҰ-ға да мүше болып табылады. Саммитті аша келіп, Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерге Ұйымның қа­зіргі үш өлшеміне тағы біреуін – кон­фес­сиялық толеранттылық өлшемін қо­суды ұсынды. Оның пікірінше, бұл мақ­сатқа ЕҚЫҰ төртінші мәрте өтетін Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­басшы­ларының алаңын пайдалана алар еді. * * * – Қазақстан бас­шы­лы­ғының бұл Сам­­­­митті өткізуге қол жеткізуі, ұйым­дас­ты­ру­шылық тұрғыдан қа­ра­ғанда, оның табысы туралы әңгіме қоз­ғауға мүмкіндік береді. Себебі, мұнда Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төр­ағасы ретіндегі үлесі жатқаны сөзсіз. Бұл жерде мен Қазақстан Көшбасшысы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың жеке басының ең­бегін атап өтуге ұялмас едім. Барлық көтерілген мәселелер Сам­мит­те шешіле салмайтыны түсінікті, бі­рақ бір-біріміздің көзімізге тура қарап, туындаған проблемаларды шешудің қа­зір­гіден де тиімдірек тетіктерін жасауға болатыны сөзсіз. Өзімнен мынаны қосар едім: біздерге Украина немесе Беларусь  Шығыс пен Батыс арасында көпір болуға дайын деген сөздерді айтарлықтай жиі естуге тура келетін. Міне, Қазақстан – мұны мен атап көрсетемін – нақты еуразия­лық кө­пір болып табылады. (Саяси шолушы Роман Яковлевпен сұхбаттан үзінді). * * * “Біз әскери-сая­си саладағы сенім мен ашықтыққа негізделген қауіп­сіз­дікке, ұтым­­­­­­­­­ды экономикалық және эко­логиялық саясат пен адам құқы­ғы­ның, негізгі бостан­дықтар мен заң үс­тем­ді­гі­нің толық­қанды сақталуына жан-жақты қолдау көрсететінімізді қуат­таймыз. Біз қауіпсіздіктің деңгейі мен сапасын және біздердің мемлекеттеріміз бен халық­тары­мыз арасындағы өзара түсіністікті көтеру ниетіндеміз”, – делінген ЕҚЫҰ Астана Саммитінің қорытынды декларациясында. Құжатта ЕҚЫҰ-ның еуроатланти­ка­лық және еуразиялық кеңістіктегі шы­на­йы қауіпсіздікке жол салуы ұзақ және бұралаң болатынын Ұйымдағылар  түсі­не­тіні атап көрсетіледі. Бірақ Саммитте қабылданған міндеттемелерді жүзеге асыруды мойындарына алған қатысушы мемлекеттер ЕҚЫҰ-ның өміршең бола алатынын дәлелдеді. ЕҚЫҰ төрағалығы ауысатын Литва президенті Даля Грибаускайтенің сөзіне қарағанда, Ұйымның мақсаты – бөлу сы­зықтары жоқ, барлық міндеттемелер орын­­далған, күш қолдану ақылға сый­май­­тын, ал адам құқы мен негізгі бостан­дықтар толық көлемінде құрметтелетін  шынайы демократиялық қоғам құру. * * * ЕҚЫҰ-ға мүше елдер қорытынды құжат – Астана Декларациясын қа­был­­дады. Құжатты қабылдаудың ресми уа­қы­ты жергілікті уақыт бойынша түс­ке белгіленген болатын, бірақ қорытын­ды­сында оны талқылау түн ортасына дейін созылды. Қазақстан Көшбасшысы 11 жылдан кейін алғаш рет өткен Саммитте декларация қабылдау Ұйым өмірінде жаңа кезең ашатынын атап көрсетті. Нұр­сұлтан Назарбаев декларацияның еуро­ат­лантикалық және еуразиялық қауіп­сіздік қоғамдастығын құруға алғышарт жасайтынына үміт білдірді. Қорытынды сөз сөйлеген Қазақстан Президенті былай деді: “Мен еуразия­лық вектор ЕҚЫҰ-ны дамытуға қуатты серпін беруге, Шығыс пен Батысты, Сол­түстік пен Оңтүстікті әлем құрылы­сының шешуші мәселелерін түсінуде жақындастыра түсуге  қабілеті жететініне сенімдімін. Мен Астана Рухының квинтэссенциясын осыдан көремін”. “Бүгін Астанада біздің Ұйым тари­хындағы күрделі кезеңнің қорытын­ды­сын шығардық. Хельсинки Рухы да жаңа тарихи жағдайларда туған бола­тын”, – деп қорытты сөзін Нұрсұлтан Назарбаев. * * * Сәрсенбі және бейсенбі күндері өт­кен, 11 жылғы үзі­ліс­тен кейін Ұйым мүшелерінің – барлық елдер бас­шы­лары­ның басын қосқан, Қа­зақ­станның ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лығы ая­сында өткен Саммит ел саяси өміріндегі аса айту­лы оқиға болды. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет жә­не үкімет басшылары соңғы рет 1999 жы­лы Ыстамбұлда жиналған еді. ЕҚЫҰ-ның кеңесу органы екенін есепке алсақ, көкейкесті проблемаларды тал­қылаудың жалғыз тәсілі дәл осын­дай жоғары деңгейдегі кездесулер болып табылады. ЕҚЫҰ елдеріндегі қауіпсіздік Астана Саммитінде талқыланған ең негізгі та­қы­рыптардың бірі болды. Өткен Сам­миттен бергі жылдарда әлемдегі қауіп­сіздік пен қауіп-қатерлер сипаты қатты өзгерді. Сондықтан Астанадағы форум ЕҚЫҰ елдеріне бүгінгі күннің көкей­кес­ті проб­лемалары мен қауіп-қатерлерін, сондай-ақ таяу болашақ­тағы бірлескен іс-қимыл­дарын талқы­лауға мүмкіндік берді.