Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету біздің еліміз үшін биік мәртебе болды. Ал Астана Саммиті қазақстандықтар үшін халықтық және жалпыұлттық оқиғаға айналды. Міне, осының бір дәлелі Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Қаржы полициясы академиясында өткен кездесуде көрініс берді. Академия офицерлері мен тыңдаушылары алдында СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мәдина Жарбосынова еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі мен оның Астана Саммиті туралы әңгімеледі.
Өткен жылы Парламент отырысын ашарда Елбасы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз жалпы ұлттық стратегиялық жобаға айналуы тиіс деген еді. Расында қазір енді байқап қарар болсақ, төрағалық та, Саммиттің өзі де жалпыұлттық құндылығымызға айналды. Оның ойдағыдай өткізілуіне, Саммитке дайындық барысына барлық мемлекеттік салалар, азаматтық қоғам өкілдері түгел ат салысты, деді Мәдина Жарбосынова.
Жалпы, ЕҚЫҰ құрамына 56 қатысушы мемлекет кіретін жалпыеуропалық ұйым болып табылады. Ол БҰҰ Жарғысына сәйкес Еуропадағы дағдарыстық ахуалдың алдын алу және оны болдырмау, көрініс берген жанжалдарды реттеу мәселелерін қарастырады. Сол сияқты қару-жараққа бақылау жасау, алдын алу дипломатиясы, сенім шаралары мен қауіпсіздікті нығайту, адам құқықтары, сайлауға бақылау жасау, сондай-ақ экономикалық және экологиялық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады. Сондықтан біздің елдегі Саммитке дайындық барысы өте мұқият жүргізілді. Өйткені, ұйымға қатысушы елдердің бірде-бірі өзекті мәселелерді шешу үшін он бір жыл бойына бас қосқан жоқ, яғни ЕҚЫҰ саммиті өткізілген жоқ. Ал бұл уақыт аралығында әлемде қаншама өзгерістер болды. Жаңа заманға сай жаңа міндеттер туындады. Бірақ, он бір жылдан кейінгі үзілістен соң Саммит өткізу қажеттігін жариялау да оңайға түспеді. Бұл үшін Елбасы бірнеше мәрте халықаралық кездесулер өткізді.
Ұйымның төрағалығын қолға алғанға дейін бірнеше жыл бойына Қазақстан ЕҚЫҰ-ның ірі іс-шараларын өткізді. Мәселен, адам саудасына қарсы күрес, мәдениетаралық, дінаралық және этносаралық түсінік, сенім шаралары мен өңірлік ынтымақтастық және ЕҚЫҰ-ның Парламенттік ассамблеясының сессиясы ұйымдастырылды. Ал 2007 жылғы қарашада ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің Мадридтегі кездесуінде Қазақстанның Ұйымға 2010 жылы төрағалық етуі туралы нақты шешім қабылданды.
Елбасы жүргізген сындарлы саясаттың нәтижесінде 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап ЕҚЫҰ-ның Төрағасы болған Қазақстан жыл бойы әлемге төрелік айтты. ЕҚЫҰ-ның кезекті Саммитін Астанада өткізу еліміз қол жеткізген кезекті жеңіс қана емес, ол біз үшін мерейлі мәртебе болып табылады. Елбасы осы тарихи шешімнің қабылдануына байланысты жасаған мәлімдемесінде: «ЕҚЫҰ төрағалығына кірісе отырып, біз ұйымның жаңа қауіп-қатерлерге, бірінші кезекте, терроризм мен есірткі тасымалына қарсы тұрудағы рөлін нығайту жөніндегі өз ниетімізді мәлімдеген болатынбыз. Осыған байланысты біз Ауғанстандағы жағдайды бейбіт реттеу жөніндегі күш-жігердің белсенділігін арттыруды қазақстандық негізгі басымдықтардың бірі ретінде ұсындық. Біз ЕҚЫҰ бойынша әріптестеріміздің назарын Орталық Азиядағы қауіпсіздік проблемаларына аударуға ұмтылған кезде, ешкім де Қырғызстандағы терең саяси дағдарысқа болжау жасай алған жоқ. Осы елде орын алған қайғылы оқиғалар кең көлемді өңірдің тұрақтылығы үшін нағыз ескерту белгісіне айналды. Ол ЕҚЫҰ, басқа да халықаралық ұйымдар мен бүкіл әлем жұртшылығы тарапынан тиімді шаралар қабылдауды қажет етті», – деді.
Елбасының сөзімен айтқанда, Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-ға адамзаттың жаңа тарихындағы аса күрделі кезеңде төрағалық етудің аса жоғары жауапкершілігі жүктелді. Екі күнге созылған ЕҚЫҰ Саммитінің қорытынды құжаты – Астана декларациясы түн ортасы ауған шақта сәтті қабылданды. Мұны пленарлық отырыс барысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың өзі мәлім етті. Сөйтіп соңғы 11 жылдың ішінде алғаш рет ЕҚЫҰ-ның Декларациясы қабылданды. Бұл – бәріміздің ортақ жеңісіміз. Мемлекет басшысы «Аталмыш құжат ұйым өміріндегі жаңа кезеңге бастау алатынына сенім мол», – деп атап көрсетті М.Жарбосынова.
Александр ТАСБОЛАТОВ.