Әр жылдың 10 желтоқсанында халықаралық қауымдастық Адам құқықтары күнін атап өтеді. 1948 жылдың дәл осы күнінде БҰҰ Бас Ассамблеясы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдады.
Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының ережелері негізінде адам құқықтары бойынша 80-нен астам халықаралық келісімдер мен декларациялар жасалынды. Осылайша, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының табысты іске асырылуы арқасында 1976 жылы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт және Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт қолданысқа енді. Жалпыға бірдей декларацияда бекітілген құқықтардың көбі өзінің келешектегі дамуына негіз болды, соның нәтижесінде, шын мәнінде, оларды бекіткен мемлекеттер, соның ішінде Қазақстан үшін де олар міндетті заңды күшке ие болды. Бұларда өмірге, заң алдындағы теңдік, еркін пікір айту, еңбекке, әлеуметтік қамтамасыз етуге және білімге берілетін құқық сияқты басты құқықтар бекітілді. Жалпыға бірдей декларациямен жинақтағанда бұл пактілер Адам құқықтары туралы халықаралық биллді құрайды.
Сондай-ақ Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының ережелері көптеген адам құқықтары жөніндегі аймақтық конвенцияларға, адам құқықтары туралы ұлттық заңдар мен мемлекеттер конституцияларына негіз болды. Жинақтала келе олар міндетті заңды күші бар және адам құқықтарын ынталандыру мен қорғауды қамтамасыз етуде нормалардың барлығын қамтитын жүйені құрайды.
Адам құқықтары күні қарсаңында Астана қаласында адам құқықтарын сақтау мәселелері қарастырылған бірқатар маңызды халықаралық іс-шаралар өткізілді. Осылайша, үстіміздегі жылдың қарашасында адами өлшемге арналған ЕҚЫҰ Шолу конференциясының 3-бөлімі өткізілді. Оның жұмысына Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мекемесі де белсенді атсалысты. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы құқық қорғау бағытына негізделген өз сөзінде мигранттарға қатысты төзімсіздік және балаларды сатуға баса назар аудару мен адамдарды сатуға қарсы күрес, оның ішінде бұл жұмысқа Адам құқықтары жөніндегі уәкіл офисінің қатысуы мәселелерін баяндады, ЕҚЫҰ атына жоғарыда көрсетілген қызмет салаларында жағдайдың жақсаруы жөнінде нақты ұсыныстар берілді.
Қазақстан төрағалығының шыңы үстіміздегі жылдың. 1-2 желтоқсанында өткізілген ЕҚЫҰ Саммиті болды. Мемлекет басшысы атап өткендей, саммит қорытындыларының ел үшін стратегиялық маңызы бар. Республика тәуелсіздігінің сыртқы саяси негіздері нығайтылды. Осы халықаралық ұйымның басшылығындағы іс-қимыл бағдарламасы толық іске асырылды, алға қойылған барлық міндет орындалды. Қазақстан Ұйымның жаңа ғасырда дамуына серпін бере алды. Еуразия қауіпсіздігі проблемаларының бүкіл блогы бойынша пікірталас жаңғыртылды. Мемлекет халықаралық деңгейдегі аса ірі шараларды өткізу жөніндегі міндеттерді шеше алатынын дәлелдеп бере алды, ал қоғам толысқандығын, бірлігі мен топтасқандығын көрсете алды.
ЕҚЫҰ Саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған Астана декларациясында адам құқықтары мен негізгі бостандықтар ажыратылмайтын болып табылатыны және оларды қорғау мен ынталандыру ЕҚЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің ең бірінші міндеті екені атап көрсетілген.
Қазақстанда адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету саласында тиісті заңнамалық база құрылды. Азаматтық, қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық, қылмыстық-атқару жүйесі заңнамалары жетілдірілуде. Соңғы уақытта адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында бірқатар заңдар қабылданды, олар – тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы, гендерлік теңдік, босқындар, сот және қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру туралы заңдар.
Біздің мемлекетімізде әрбір адам өзінің бұзылған құқықтарын қорғаудың және қалпына келтірудің көптеген мүмкіндіктеріне ие. Оған сот органдарын, прокуратура, мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттеріне жоғары инстанцияларға шағымданудың сотқа дейінгі тәртібін, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияға, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге, үкіметтік емес ұйымдарға, келісімдік органдар деп аталатын халықаралық құқық қорғау пактілер мен конвенцияларға сәйкес құрылған БҰҰ-ның әр түрлі комитеттеріне жүгіну мүмкіндігін жатқызуға болады.
Қазіргі жағдайда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мемлекеттік органдардың, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының тығыз қарым-қатынастары жағдайында ғана мүмкін. Құрамында мемлекеттік органдардың жоғары деңгейдегі өкілдері, сондай-ақ белгілі құқық қорғаушылар жұмыс істеген және қазір де жұмыс істейтін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Азаптаулар және қарым-қатынастар мен жазалаудың басқа да қатаң түрлерін қолданудың фактілерін қарау жөніндегі жұмыс тобы осындай ынтымақтастыққа мысал болады.
Билік пен ҮЕҰ қарым-қатынастарының проблемасы үстіміздегі жылдың қазанында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Сыртқы істер министрлігімен, Астана қаласындағы ЕҚЫҰ орталығы және Адам құқықтары жөніндегі Дания институтымен бірлесіп ұйымдастырған «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор арасындағы өзара әрекеттесудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы конференцияда жан-жақты талқыланды. Осы өкілетті форумға қатысушылар аталған мәселеде маңызды оң өзгерістердің байқалып жатқандығы туралы ортақ пікірде болды.
Омбудсменнің мемлекеттік органдар және азаматтық сектормен өзара әрекеттесуін реттеу және нығайту жөніндегі медиаторлық рөлі арқасында 2010 жылы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде Қазақстан бойынша ӘКШ-нің (Әмбебап кезеңдік шолу) тұсаукесерін өткізудің сәті түсті, сондай-ақ БҰҰ-ның Азаптауларға, нәсілдік кемсітушіліктерге қарсы және Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пакті жөніндегі комитеттерінде ұлттық баяндамалар табысты қорғалды, сонымен бірге, біздің Қазақстанның меморгандарының аталған мәселедегі оң жұмысын атап өткен БҰҰ-ның азшылықтар мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшысы Г.МакДугалдың, БҰҰ-ның азаптаулар және тұрғын үй жеткіліктілігі мәселелері бойынша арнайы баяндамашылары М.Новак пен Р.Рольниктің елімізге іссапарының табысты болуына жағдай жасады.
БҰҰ қатысуымен адам құқықтары саласында маңызды бағдарламалық құжаттар әзірленді, олар – 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасы және 2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары саласындағы ұлттық жоспар.
Сөз соңында құқық қорғау қызметіне қатысты барлық азаматтарды Халықаралық адам құқықтары күнімен құттықтай отырып, оларға денсаулық, бақыт, амандық және жұмыста жаңа табыстар тілеймін!
Асқар ШӘКІРОВ, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.