Кеше «Нұр Отан» ХДП Партиялық бақылау комитеті жанындағы Мемлекеттік қызметтер мен рұқсат беру құжаттарының сапасы мен қолжетімдігін бақылау және мониторинг жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысы Мәжіліс депутаты Р.М.Шаекиннің төрағалығымен өтті.
Отырыста «электрондық үкіметті» дамытудың кейбір мәселелері қаралды. Оның жұмысына депутаттар, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар және тәуелсіз сарапшылар қатысты. Рауан Шаекин өз сөзінде мұндай шаралардың Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында бизнесті жүргізу ауанын жақсарту мақсатында оны тіркеу және жүргізуге қажетті құжаттарды 30 пайызға, сондай-ақ 2015 жылға қарай тағы да осыншамаға қысқарту туралы міндетінен туындап отырғандығына назар аудартты. Осы орайда халыққа барынша қызмет сапасын арттыру үшін «электрондық үкіметтің» және жаңа ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін барынша пайдалану тапсырылып отыр. Осы ретте депутат әлі де кемшіліктердің барлығын тілге тиек ете келіп, алда азаматтар мен шенеуніктердің арасында тікелей байланысты болдырмайтын электрондық қызметті енгізу қажеттігін алға тартты. Кез келген азамат электрондық қызмет арқылы өзіне қажеттісін ала алатын болуы тиіс. Бұл мәселе «Нұр Отан» ХДП-ның ерекше бақылауында, деп ескерте кетті Рауан Михаилұлы.
Отырыста сөз алған Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев «электрондық үкіметті» дамыту барысы туралы жан-жақты айтып берді. Бүгінгі таңда «электрондық үкімет» нақты қызмет түрлерін көрсете бастады. Соның жарқын дәлеліндей, аталған порталда мыңдаған ақпараттық қызмет жүзеге асып отыр. Сондай-ақ азаматтар мен шенеуніктер арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік туғызатын 60-қа тарта электрондық қызмет түрлері нақты жұмыс істеуде. Атап айтқанда, бүгінгі таңда электрондық қызмет арқылы жылжымайтын мүлік туралы анықтама, лицензия алуға, жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлеуге және өзге де қызмет түрлерін пайдалануға болады, деді Асқар Қуанышұлы. Ол жыл басында электрондық қызмет 18 мың болса, белсенді жұмыстың арқасында оны 1 миллион 300 мыңға жеткізу мүмкін болғандығын ерекше атап кетті. Бұған дейін «электрондық үкімет» порталын пайдаланушылар саны 2-2,5 мыңнан аспайтын болса, жақында оның саны 5 есеге өскен. Тіпті 16 мың адам осы порталдың қызметіне жүгінген күндер де болыпты. Мемлекеттік органдар тарапынан 600 лицензияны электрондық форматта берілгендігі де бұған мысал бола алады. Министр электрондық қызмет түрлерінің ары қарай дамуы халықтың қаншалықты оған дайындығы мен қаншалықты сенетіндігіне де байланысты екендігіне назар аудартты. Сондықтан қазірден Астана мен Алматы қалаларында жаппай түсіндіру жұмыстары қолға алынуда. Ол жарнама түрінде көптеген сайттарда көрініс тауып отыр.
Отырыста, сонымен қатар, «бір терезе» қағидасын енгізу және «электрондық үкіметті» дамыту бойынша мемлекеттік органдардың белсенділігі әлі төмен екендігі ерекше айтылды. Әсіресе, жергілікті жерлерде «электронды әкімдік» мәселесінің жедел шешімін табуы барысы да әңгіме өзегіне айналды. Бұл талқыдан халыққа қызмет көрсету орталықтары мәселесі де тыс қалған жоқ. Тіпті осы бір қызмет көрсету орталықтарын Байланыс және ақпарат министрлігі құзыретіне беру керек пе еді деген де ойлар айтылып қалып жатты. Және де кәсіпкерлерге экспорттық-импорттық операцияларды жүзеге асыруға рұқсат құжаттарын беру барысындағы кедендік және басқа да уәкілетті органдар жұмысында «бір терезе» қағидатының қолданылу қажеттігі ұсынылды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.