«САММИТТІҢ ТАБЫСТЫ ӨТУІ ЕЛБАСЫ БЕДЕЛІНІҢ АРҚАСЫ»
Қазақстан азаматтары мен қоғамдық ұйымдарынан Мемлекет басшысының атына ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінің табысты өтуіне байланысты құттықтаулар көптеп түсуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
«Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымдары» қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесінің атынан келген хатта: «Сіздің жеке бастамаңыз бен табандылығыңыздың, халықаралық аренада танылған беделіңіздің, дана мемлекеттік саясатыңыз бен елдің ішіндегі жетістіктеріңіздің арқасында Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Саммитін өте жоғары деңгейде өткізді, барлық келіспеушілікті еңсере отырып, Ұйымның дамуына деген ықпалдастық жауапкершілігін қуаттап қана қоймай, оның қауіпсіздікті нығайтудағы рөлін арттыруға жол ашқан Астана Декларациясының қабылдануына ықпал етті. Бүгінде Қазақстан, оның елордасы Астана әлемде жаңа танымалдыққа, өте жоғары беделге қол жеткізді. Жаңа тарихи жағдайда жанданған «Хельсинки рухы» «Астана рухымен» байи түсті», деп жазылған.
Шәңгерей Жәнібеков, Сағадат Нұрмағамбетов, Мақтай Сағдиев, Вера Сидорова және тағы басқа республиканың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Мемлекет басшысына зор денсаулық және Қазақстанның гүлденуі мен әлемде бейбітшілікті сақтау жолындағы қызметіне табыстар тілеген.
«Атамекен Одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасының басшылары мен оның салалық ұйымдары Елбасының көрнекті басшылығы нәтижесінде абыроймен атқарылған орасан зор оқиғаның дәуірлік сипатқа ие екенін атап өткен. «Бұл оқиға Ұйымның өзі үшін ғана емес, сонымен бірге Еуразия құрлығы мен тұтастай әлемдік қоғамдастық үшін де маңызды болды. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінің аса нәтижелі әрі табысты өтуі Елбасының танымалдығы мен жеке беделіне байланысты болды», – делінген хатта.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының атына жекелеген азаматтардан да құттықтау хаттары келіп түсуде. Тараз қаласындағы гимназияның 9-сынып оқушысы Тоғжан Ержанованың хатында ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету арқылы Қазақстанның халықаралық танымалдығы арта түскені атап өтілген. «1-2 желтоқсанда Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Саммитінің өтуі – әлемдік қоғамдастықтың Қазақстанға және оның Көшбасшысына деген сенімінің дәлелі» деп атап көрсетілген хатта.