11 Желтоқсан, 2010

Бауыржан Момышұлы: «Әділеттілік қашанда жеңеді, бірақ кешігіп жүреді»

1021 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Күткен күн. Міне, кеше Алматының ең көрнекті жерінде Бауыржан Момышұлының еңселі ескерткіші бой көтерді.  Тәуел­сіздігіміздің алтын бесігі болған Алматы осы күні тіпті, шы­райланып кеткендей. Халқының ықыласына шомылып тұрған тұлғаның тас мүсініне тәу еткен кәрі-жас пен бүлдіршіндерді жетектеп әкеліп тағзым етіп жатқан әже-апаларды көрдік. «Әділеттілік қашанда жеңеді, бірақ кешігіп жүреді», дейтін ба­тырдың сөзі бар. Бауыржан Мо­мышұлына Алматыда ескерткіш қою туралы Үкіметтің тұңғыш қау­лысы сонау 1989 жылы шық­қан. Содан кейін араға бірнеше жыл салып қалалық мәсли­хат­тың қаулысына қол қойылады. Содан бедерленген қағаздар бедірейген күйі  қозғалмайды. Ақы­ры ол Бауыржан батырдың 100 жылдығына дейін жетіп, содан соң ғана жүзеге асырылуға қам жасалыпты. Осы сәтті халықпен бірге са­быр­мен күткен Бақытжан Мо­мыш­ұлы: «Бұл күн – бәрімізге ортақ, бұл қуаныш барша қа­зақ­тікі, – деді. – Ескерткіш деген сөздің түбіріне қарасаңыздар, онда еске алу, ескеру, өткенді ұлықтау деген ой жатқан жоқ па?! Мына жалғанда бір-біріңді сыйлап өтіңдер дегенді меңземей ме?! Міне, көптен күткен ескерткішті аштық. Бұл тас пен қола ғой... Қыстың күні алақаныңды тасқа қойсаң суық. Әкеміздің мінезі де сондай еді. Алақаныңды сол таста ұстап тұрсаң, бірте-бірте ол жылына бастайды. Әке­міз­дің жүрегі де осындай болатын. Мына ескерткіш бүгін халықтың ықыласына бөленіп, шуағына шомылып тұр». Осыдан кейін Бақытжан Мо­мышұлы жекелеген ауылдар мен аудандардың, облыстар мен өл­ке­лердің батыры болмайтындығын айтты, тек ел мен халықтың, ұлттың мақтанышына айналған перзенттер бо­ла­тындығын алға тартты. Осы асыл­дардың басын ардақтап, ең­се­сін түсірмеу – елдігімізге сын, ұрпаққа аманат, бүтіндігімізге кепіл болмақ, деді. – Атамыздың өмірінің көп бө­лігі Алматыда өтті. Алматыда ба­қилық болды. Қабірі де осында. Ұрпағы да осында өсіп жатыр. Алматыда ашылған атамыздың ескерткіші бізді көп жылдар бойы көксеген арманымызға жеткізді. Жоқтың орны толды. Риза­мыз! – деді батырдың келіні Зейнеп Ахметова. Осылайша, 10 желтоқсан Ал­ма­ты тұрғындары үшін үлкен қуа­ныш пен мерекеге айналды. Кеңес Одағының Батыры, даңқ­ты қолбасшы, ұлтымыздың біртуар перзенті, жазушы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы ме­рейтойы аясында 28 гвар­дия­шыл-панфиловшылар саяба­ғын­да еңселі ескерткіш салтанат құрды. – Бұл тас тұлға-бейне тек Бауыржан Момышұлы секілді ұлт мақтанышына ғана қойылып отырған жоқ. Бұл ескерткіш – Ұлы Отан соғысындағы от пен оқ­тың арасында қан кешкен бар­лық қа­зақстандық жауын­гер­лер­ге де жасалған тағзым. Панфи­лов­шы­лар саябағы қалалық­тар­дың ең көп келетін, ардагер­лер­дің мерекелерде жиі жиналатын сүйік­ті орны. Сондықтан ескерт­кіш­тің осын­да орын тепкені заңды, деді іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Алматы қаласы әкі­мінің орынбасары Серік Сейдуманов. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 6 метр. Батыр мүсіні қо­ладан, тұғыры граниттен жасал­ған. Авторлары есімдері елге бел­гілі шеберлер: Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Нұр­лан Далбай мен Расул Саты­бал­диев. Ескерткіштің ашылу салтана­тын­да Б.Момышұлы атындағы республикалық мектеп-интер­нат­тың шәкірттері, республика Ұла­нының сарбаздары сап түзеп, жи­налған қауымға құрмет көрсетіп тұрды. Жұрттың жүрегіне жылы­лық ұялатқан желтоқсанның желсіз күнінде Бауыржан Момыш­ұлы­ның мұрасын зерттеу мен наси­хат­тауға бір кісідей арала­сып жүр­ген азамат, батыр жайлы «Қолбас­шы күнделігі», «Қаһар­ман» кітап­тарының авторы, ауған соғысы орталық ұйымын­дағы «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Ба­қытбек Смағұл: Ыңыранып, ыршып шыққан қамыстан, Тұла бойы жаратылған намыстан. Отан үшін отқа түсіп Бауыржан, Ата жаумен арыстандай алысқан. Бауыр болып, дос құшағын жайғанда, Ел мүддесі айналады айбарға. Ұлы Баукең Мәскеу үшін қан кешті, Панфиловпен тізе қосып майданда. Ол ерлердің даңқы өшкен жоқ әлі, Жұлдыздардай самғай берер жоғары. Бірлік, достық, ынтымағы бар елге. Бақ-береке мәңгілікке қонады. Айбарланып Алатаудың бөктері, Көк байрағым нұр төгеді көктегі. Қалғытпашы қазағымның рухын, Алашымның азулысы, көк бөрі! Біз қазақпыз, досқа құшақ ашатын, Біз емеспіз жауды көрсе қашатын. Бауыржандай батыры бар біртуар, Қазақстан Республикасы жасасын! – деген шабытты жыр жолдарын төкті. Осылайша, ерен соғыста ерлік жасап қана қоймай, қазақ деген ұлттың намысы мен ары болған Бауыржан Момышұлы жай­лы ескерткіш түбінде талай тағылымды сөздер айтылды. Ай­тыла да береді... Түс қайта Алма­тыдағы Абай атындағы Мемлекеттік академия­лық опера және балет театрында Бауыржан Мо­мыш­ұлының 100 жылдығына ар­налған салтанатты кеш болып, үлкен  жиын соңы өнер ұжым­дарының қатысуымен театрлан­ды­рылған қойылымға ұласты. Сөйтіп, бұл да тамаша рухта өрілген басқосу болды. Самарқау тартқан сананы сілкінткен концерт болды. Еліміз елдігін осылайша тағы да бір паш етті. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы. -------------------------------------- Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.