11 Желтоқсан, 2010

Астана Саммиті – ұйым болашағының бағдары

766 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылдың 1-2 желтоқ­са­нында Астанада Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Президенті Нұрсұлтан На­зар­баевтың төр­аға­лығымен Еуро­па­да­ғы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мы­ның Жетінші Сам­миті болып өтті. Оның жұмысына ЕҚЫҰ-ға қаты­сушы елдер мен әріптес мемлекет­тердің 68 ресми делегациясы мен 20-дан астам халықаралық және өңірлік ұйымдар­дың делегациялары қатысты. Форумда сөйлеген сөзінде Қазақ­стан Президенті 11 жылдық үзілістен кейін ұйым­дастырылған Астана фо­ру­мының тарихи маңызын атап өтті. Ел­басының пікірінше, Саммиттің ма­ңы­зы сонда, ол  қауіпсіз­дік пен ынтымақтастық дең­гейін жаңа белестерге көтереді. Саммит барысында делегация бас­шы­­лары Ванкуверден Владивостокқа дейінгі ұланғайыр кеңістікті қамтитын қауіпсіз­діктің көкейкесті қыр көр­се­тулері мен қатерлерін мүдделі тұр­ғыда талқы­лап, қатысушы мемлекеттер ара­сын­дағы сенім мен өзара түсі­ніс­тікті нығайту мақ­са­тында ЕҚЫҰ-ны бекемдеу жолдарын сөз етті. Олар Қазақ­стан­ның 2010 жылғы белсенді де жемісті төрағалығына жо­ға­ры баға беріп, Ұйым жұмысындағы қарқын­ды ырғақты сақтау қажеттігін атап көрсетті. Саммиттің басты жетістігі ұзаққа со­зылған консультациялар қорытын­ды­сы бойынша Астана Деклара­циясы­ның қа­был­дануы болды. Құжатта қа­тысушы ел­дер-әскери саяси салада сенім мен ашық­тыққа негізделген, эко­но­мика және эколо­гия сала­ларында са­ли­қалы сая­сатты ба­сым­дық ретінде түсінетін, сон­дай-ақ адам құқын то­лық сақтау мен негізгі бостан­дықтар және заңның үстем­дігін басшы­лық­қа алған ұйым­ның қауіп­сіз­дікке қатыс­ты үдерістерін қуаттады. Сонымен бірге, Декларацияда келісілген қағидаттар, ортақ міндеттемелер мен бір­тұтас мақсаттар жо­лын­да еуроатлан­тика­лық және еуразиялық қоғамдастықты нұс­­қалы біртұтас және бөлін­бейтін қауіп­­­сіздік тұрғысында ілгері жылжытудың магистралды бағыты айқындалды. Саммит қорытындылары мен Ас­тана Дек­лара­циясының мазмұнын сараптау мы­на­дай негізгі қорытындылар жасауға негіз береді: 1) Қазақстан төрағалығы осы беделді халықаралық ұйымдағы өзінің іс-қимыл бағдарламасын толықтай жүзеге асырды. 2) Соңғы 8 жылдан бері алғаш рет ЕҚЫҰ-ның жалпысаяси қорытынды құжаты қабылдануының өзі келісті оқи­­ға болды. Бұдан былай қарай ұйым ая­сында Хельсинки, Париж және бас­қа да негіз қалаушы құжаттар қа­та­рын­да Астана Декларациясына да тұ­рақ­ты түрде сілтеме жасалатын болады. 3) Ұйымның Хельсинки Қорытын­ды актісінен басталатын барлық үш өлшемі бойынша бүкіл міндеттемелер, қалыптар мен қағидаттар қайта қуат­талды. Аталған факт «қырғи-қа­бақ со­ғыс» кезеңіндегі ескі стереотиптерді шын мәнінде еңсеру мүмкіндігі мен ЕҚЫҰ аясында ХХІ ғасырдағы өзара іс-қимылдың жаңа кезеңі бас­тал­ғаны туралы айтуға мүм­кіндік береді. 4) ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік және жан­жалдарды шешу мәселелері бо­йын­ша үнқатысуды қамтамасыз ететін керемет ұйым ретіндегі рөлі қуат­тал­ды. Жан­жал­­дарды шешу қағидаттарының, сон­дай-ақ Ауғанстан аумағынан арна тар­татын трансұлттық қауіп-қатерлер­мен күресті күшейтуде күш біріктіру­дің ма­ңызы зор екені ерекше атап көр­сетіледі. 5) Барлық тараптар мен әріптестер мүд­­делерінің, бірінші кезекте, жан­жал­ды про­блематика мен гуманитар­лық өл­шем бо­йынша  нәзік балансы қамтама­сыз етілді. 6) Оның үстіне Саммиттің қоры­тын­ды құжаты өзіне айтарлықтай саяси салмақ алады. Өйткені, құжатта алғаш рет «Қауіп­сіздіктің еуроатлан­ти­ка­лық жә­не еуразиялық» қоғамдас­тығы түсі­нігі (бұ­ған дейін ЕҚЫҰ құ­жаттарында қауіпсіз­дік қоғамдастығы) немесе еуроатлан­ти­калық және еура­зия­лық аймақ деп ай­тылып келген-тін) бекітіліп отыр. Бұл термин постке­ңес­тік аймақты нысан ретінде емес, қауіп­сіздік қоғам­дас­тығын қа­лыптастыру үдерістеріне толық қатысу­шы ретінде көрсетеді. 7) Сонымен бірге, ЕҚЫҰ аясында «Қауіпсіздіктің еуроатлантикалық жә­не еуразиялық қоғамдастығы» түсіні­гін жа­һан­дық деңгейде берік тамыр­лан­дыру ұзақ мерзімді перспективада Қа­зақ­стан­ның «Мұхиттан Мұхитқа де­йінгі» (Ат­лант мұхитынан Тынық мұ­хи­тына және Солтүстік мұзды мұ­хитынан Үнді мұ­хитына дейінгі – төрт мұхит ше­кара­ларындағы қауіпсіздіктің біртұтас кеңіс­тігі) қауіпсіздік пен ын­тымақ­тас­тықты кең координаттарда кө­ру­ге қатысты жаңа деңгейге өту стра­тегиясын жүзеге асыру­ға мүмкін­дік береді деп есептеуге болады. 8) Нақты іс-қимыл жоспарын қа­был­дау мүмкін болмағанына қарамас­тан, құ­жат жобасы келесі төрағалық үшін негізгі бағыт-бағдарларды ай­қын­дайды. Оның үстіне Қазақстан төр­ағалығы әуел баста-ақ Астана Сам­­­миті «дайын ше­шім­дердің» форумы бол­­майтынын мә­лім­деген бола­тын. Осыған бай­ланысты Қазақстан, ЕҚЫҰ-ның белсенді қаты­сушы елі және 2011 жыл бойы «Үш­тіктің» мү­шесі ретінде, Астана Деклара­циясында қарасты­рыл­­ғанындай, атқа­рыл­ған жұ­мыс­тар негізінде іс-қимыл жос­пары­ның нақты сұл­ба­сын жасауға дәйек­тілікпен күш-жігер жұм­сай­тын бола­ды. Бұл Ұйым аясын­да «Астана мұра­сын» бекітуге мүмкіндік береді. Саммитке ЕҚЫҰ-ның 2010 жыл­дың қыркүйек-қараша айлары аралы­ғын­да Вар­­шавада, Венада және Ас­тана­да өт­кен үш шолу конференциясы желі тарт­ты. Шолу конференциялары барысында қа­ты­сушы елдердің мемлекеттік орган­дары мен аза­мат­тық қо­ғам­дары өкілдері ЕҚЫҰ-ның бар­лық үш өлшемі бойын­ша соңғы 11 жыл­дағы қалыптар мен міндеттерді жүзеге асы­рудың жай-күйін тал­қы­лады. Со­ны­мен қа­тар, үстіміздегі жыл­дың 26 қарашасында Ас­танада ҮЕҰ фо­румы, ал 28-29 қарашада ЕҚЫҰ азамат­тық қоғамының Парал­лельді конферен­циясы өтті. Қазақстан өзі­нің төр­аға­­лы­ғының қорытындылары бо­йынша жо­­­ға­ры баға алды. Ол Ас­тананың Ұйым­­ның бар­­лық кеңістігінде азамат­тық қоғам­ды қол­­­дайтынынан, тұ­тас­­тай алғанда, ЕҚЫҰ-ның адами өл­шемді дамыту бо­йынша мін­детте­ме­­лерінен айнымайтын­ды­­ғы­нан көрінді. Саммит «алаңдарында» ҰҚШҰ-ға қатысушы елдер сыртқы істер ми­нистрлерінің жұмыс кездесуі, ЕҚЫҰ Үштігінің кездесулері және Ұйым Бас хатшылығының Азия және Жерорта те­ңізіндегі әріптестері байланыс топ­тары мен мүше елдердің жүз­десулері өтті. Сондай-ақ Астана форумы барысында Әзірбайжан мен Армения президенттері, сонымен қатар, ЕҚЫҰ Минск тобы тең төр­ағалары елдері делегациясының бас­шылары Таулы Қара­бақты реттеу бо­йынша біріккен мәлімдеме қабылдады. Мемлекет басшыларының делегация бас­шыларымен өткізген екі жақ­ты кездесулері көп жағдайда қоры­тынды декларация бо­йынша консен­сусқа қол жеткізуге ықпал еткен Астана Саммитінің ма­ңыз­ды субстантивті элементі болды. Олардың ара­­сында БҰҰ Бас хатшы­сымен, Ресей Фе­дерациясы, Ук­раина, Бела­русь жә­не Ау­ғанстан президенттерімен, Ита­лия, ГФР премьер-министрлерімен, Еуропа Одағы Прези­дентімен және АҚШ Мемле­кеттік хатшысы­мен кездесулер бар. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
Соңғы жаңалықтар