14 Желтоқсан, 2010

Рухани келісім тек бір ғана құрлықпен шектелмеуі тиіс

424 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елордада «Қазақстандағы рухани келісімді нығайтудағы дін­нің рөлі» деген тақырыппен конференция өтті. Жиынға еліміздің діни ұйым­дары­ның өкілдері қатысты. Басқосуға еліміздегі рухани кеңістік көкжиегін кеңейту мәселесі өзек болды. Оған «Қазақстандағы дәстүрлі діндер жә­не әлеуметтік орта», «Зайырлы мемлекеттегі діни қарым-қатынас»,  «Береке-бірлік – елдің бақыты», «Ислам мәдениетімен өмір сүру – рухани келісімнің басты кепілі»,  «Діни сенім – рухани мәдениеттің негізі», «Дәстүрлі діндердің Қазақ­стан­дағы конфес­сия­аралық келісімді нығай­тудағы рөлі», «Конфессияаралық келісім – Қа­зақстандағы тұрақтылықтың негізі», «Ел бірлігі – ын­тымақта», «Конфессия­ара­лық ке­лісімдегі ислам­ның рөлі», «Діни ағар­ту­дың конфес­сияаралық келісімді дамыту­дағы рөлі»,  «Төзімділік – қо­ғамды да­мы­тудың негізі»,  «Қазақстандағы тұрақ­ты­лықты нығайтуда шетел тәжірибесінің әсері» секілді сан-алуан тақырыптағы мәселелер айқын дәлел. Мәслихат кезінде алғашқы болып сөз алған Мәдениет министрлігі Діни істер комитеті Мәдениеттер мен діндердің ха­лықаралық орталығының директоры Айдар Әбуов дінаралық келісімнің әлемнің кез келген елі үшін айрықша рөл атқа­ратынын, себебі, ол жаһандық деңгейдегі рухани, дінаралық шиеленістердің алдын алуға сеп болатынын атап өтті. «Бұл ретте, елімізде негізі қаланған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің орнын ерекше бөліп қарастыру керек. Қазіргі таңда 2012 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІV съезіне қызу дайын­дық жүргізіліп жа­тыр. Олардың ішінде болашақ баян­да­ма­шылар және келетін меймандармен әріп­тестік байланыс орнатып отырмыз», деді А.Әбуов өзінің сөзінде. Бір айта кетерлігі, жиын барысында сөз алғандар жақында ғана өткен ЕҚЫҰ Саммитінің азаматтық қоғам «санасына» үлкен әсер еткендігін, ал сол азаматтық қоғамның ішінде діни бірлестіктердің де бар екендігін айтты. «Өйткені, біздің Ота­нымызда жалпы әлемге, бүкіл құрлыққа үлгі болатындай тәжірибе жинақталып отыр. Елбасы айтқандай, ендігі кезекте Ван­куверден Владивостокқа дейінгі кеңіс­тіктегі сияқты діндер арасында да түсі­ніс­тік орнауы тиіс. Сондай-ақ, Елбасы Саммитте сөйлеген сөзінде біздің елдегі толе­рант­тылық мәселесіне бөлекше сипат бер­ген-тін.  Әрине, бүгінде діни наным-се­ні­міне, ұстанатын дініне, тіліне байланысты адамдардың арасында орын алатын қақ­тығыстарды көбіне «өркениеттер арасын­да­ғы қақтығыстар» деп айтып жатады. Мұн­дай көзқарастың, қоғамға кері ықпа­лын тигізері анық. Ал біздің еліміз – осы тұжырымды жоққа шығара білді. Себебі, кез келген елде тіршілік ететін түрлі конфессиялар мен рухани, діни бірлестіктер және олардың өкілдері қоғамды байыта тү­суде. Бұл олардың әрқайсысының өз ерек­шеліктерінен де көрініс табады. Тағы бір атап өтерлігі, рухани келісім тек бір құр­лықпен шектеліп қалмауы керек, ол бүкіл әлемді қамтуы керек», деді өзінің сөзінде Мәдениет министрлігі Діни істер комитеті Мәдениеттер мен діндердің ха­лықаралық орталығының діни жағдай­ларды зерттеу бөлімінің жетекшісі К.Қалилаханова. Жиын кезінде оған қатысушылар діни мәселеге қатысты өздерінің басқа да ой-пайымдарын жеткізіп жатты. Бұл күнгі конференция  шеңберінде, сондай-ақ, Мә­де­ниет министрлігі Діни істер комитеті Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы жанынан құрылған БАҚ-тарда діни тақырыпты жариялау жөніндегі әдіс­темелік кеңестің отырысы ұйымдасты­рылды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.