Орталық сайлау комиссиясында сайлауларды халықаралық байқаудың тәжірибелік қырларына арналған семинар-тренинг болып өтті. Оған Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығының, Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік органдарының, министрліктері мен ведомстволарының өкілдері қатысты.
Семинарға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Орталық сайлау комисиясы төрағасының орынбасары В.Фоос бұл семинардың ерекшелігіне тоқталды. «Бүгінгі семинар-тренингтің ерекшелігі мынада, – деді ол, – біз халықаралық байқауды талқыға салуды емес, тек қазақстандық байқаушыларға өз жұмысында басшылыққа алуы үшін әдістемелік көмек көрсету мақсатында халықаралық байқаудың тәжірибелік қырларына назар аударуды жөн көрдік».
Семинар-тренингте ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы Сайлау департаментінің бас кеңесшісі Александр Шлыктың «ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауларын байқау әдіснамасы» атты еңбегінің тұсаукесері болды. Сайлауларды іс жүзінде байқау тәжірибесімен Орталық сайлау комиссиясының мүшелері М.Сәрсембаев, Т.Охлопкова, өзге де қатысушылар бөлісті.
Қатысушылар сайлауларды халықаралық байқаудың ұйымдастырушылық-тәжірибелік және құқықтық қырларын, сайлау үдерісінің жариялылығын қамтамасыз етуде тәуелсіз халықаралық байқаушылардың рөлін талқылады. Халықаралық ұйымдар миссияларының құрамында, сондай-ақ сайлау үдерісіндегі жаңа ақпараттық технологияларды қолдану жағдайында сайлауларды халықаралық байқаудың ерекшеліктерін де қарастырды. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдардың сайлауларды байқау жөніндегі миссияларының құрамына кіретін байқаушылардың кәсіби деңгейін көтеру, Қазақстан өкілдерінің сайлауларды байқауға қатысуын жандандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.