15 Желтоқсан, 2010

«РЗА»-ға – ел риза

882 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бүгінде еліміздің басым ба­ғыт­та­ры қатарында Елбасы Жолдауын жү­зе­ге асыру, әлеуметтік маңызы бар мем­ле­кеттік бағдарламаларды баянды ету, әсі­ресе үдемелі ин­дус­триялық-ин­новация­лық бағ­дар­ла­масын жүзеге асы­ру бағы­тында айшықты істер атқа­рылуда. Сыр аймағында да ағымдағы жылдың екінші жарты жылдығында, яғни желтоқсан айында жүзеге асы­рылатын инвестиция­лық жобалар­дың тұсауын кесуге сақа­дай-сай әзір десек, асыра айтқанды­ғымыз емес. Соның бірі де бірегейі – «РЗА» АҚ-ның 660 бас малға арналған тауарлы сүт фер­масының жобасы. Жоға­рыда айт­қан­дай, осы АҚ-ға қарасты ас­ыл тұқымды мүйізді ірі қараның тауарлы сүт фер­масы желтоқсан айында то­лығы­мен пайдалануға берілмек. Осы бір игілікті істі өз көзімізбен көріп, көңілге түй­іп, ел-жұртқа етене таныстыруды мақ­сат еткен біз ел ризалығына кенелген «РЗА» АҚ-на арнайы атбасын бұрған едік. «РЗА» Акционерлік қоғамы сонау 2000 жылы білікті де білімді басшы Самұрат Жұманұлы Имандосовтың тікелей ықпалы­мен қарашаңырақтарын кө­терген болатын. Содан бері осы қоғам үдемелі дамып, жыл өткен сай­ын мате­риалдық-техникалық базасы ны­ғай­ып, азық-түлік өнімдерін өндіру мен халық­қа қызмет көр­сету аясын ба­рынша ке­ңей­тіп келеді. «РЗА» АҚ-ы Сыр айма­ғындағы тұрақты жұмыс жасап келе жат­қан, қуатты техникалық және өнді­рістік базасы бар, жеке темір жол тұй­ықтары мен жоғары дәрежелі инженер­лік-техникалық қызмет­керле­рі бар бір­ден-бір мекеме. «РЗА» АҚ-ның негізгі са­ласы – құрылыс-монтаж жұ­мыс­тарын атқару болғанымен, қа­зіргі нарықтық қатынастар талабына сай ауылшаруа­шы­лығы саласы­мен,­­ яғ­ни дәнді дақылдар егу және төрт түлік мал өсіріп, өнім­дерін өндіріп, өң­деп, тұ­тыну­шы­ларға тарту етуде ай­тар­лықты істер атқарып келеді. Сыр айма­ғының солтүстігінде қоныс тепкен Қазалы ауданына сырттан инвесторлар келмесе де «РЗА» АҚ-ы агро­өнер­кәсіп кеше­нінің да­муына өзінің қо­мақты үлесін қосып, тек қана қаза­лылықтар емес, бүкіл сырбойлық­тардың ри­за­шылық­тары мен құрмет-қоше­мет­те­ріне кенелумен жүр. Егер саралап айтар болсақ, «РЗА» АҚ-ы кезінде тірлік-тіршіліктерін тоқтатқан ауылдардың әлеу­мет­тік-экономикалық жағдайларын кө­те­ру мақ­сатында «Рза-Агро» ЖШС-ін құ­рады. Бүгінде осы ЖШС-і «Қаз­Агро­Қаржы» акционерлік қоғамымен ынты­мақ­тас­тық арқасында аяғынан тік тұ­рып, дәнді дақылдар мен мал азықтық да­қылдар өсіріп, төрт түлік мал бағып, ел несібесін еселей түсуде. «ҚазАгро­Қаржы» АҚ-ның демеушілігімен алын­ған ау­ылшаруа­шы­лығы техника­ла­ры­ның ықпалымен егіс егу алқа­бының көлемі жыл өткен сайын еселей артып келеді. Ағымдағы жылы бұл серіктестік 4000 гектар жерге күріш, 750 гектар жерге арпа, 500 гектар жерге жүгері сүр­лемін, 1481 гектар жерге жо­ңыш­қа дақыл­да­рын егіп, мол өнім жинады. Айт­қан­дай, бір емес, бірнеше ауыл тұр­ғын­да­рын толық­тай жұмыспен қам­та­масыз етіп, кедейшілік деңгейіндегі жұ­мыс­сыз­дықты қыс­қартуға үлес қос­қан. «Рза-Агро» ЖШС-і күріш өнді­ру­дің кластерлік жүйесін енгізу мақса­тында Оңтүстік Кореяның «Korea Industrial CO LTD» ком­паниясынан сағатына 5,0 мың тонна күріш ақтай­тын жаңа тех­ноло­гиялық желі алы­нып, 2006 жылы күріш өңдеу зауыты іске қосылды. Зауыт то­лық техно­ло­гиялық циклды, яғни дәнді қа­былдап, өңдеп, мемлекеттік стан­дар­тына сай бірінші және жоғары сортты күрішті тұтынушыларға ұсынуға дейін атқа­рады. Ашығын айтсақ, «Сыр кү­ріші» өнімдері тек қана біздің елімізден ғана емес, Ресей, Белоруссия, Тәжік­стан және Украина мем­лекет­терінен де жоғары баға алуда. Сөз орайы келгенде «РЗА» АҚ-ның 1996 жылдан бері қазіргі заман та­лаптарына сай нан зауыты іске қо­сылып, тұтынушыларға 12 түрлі нан өнімдерін ұсынып от­ырғанын да айта кетуіміз керек. Нан өнімдерінің са­па­сы, салмағы мемлекеттік стандарттар­ға сай дайын­далу­да екен. «РЗА» АҚ-ы 2006 жылы аттестациядан өтіп, мүйізді ірі қара малының қара ала тұқымын өсі­ретін асыл тұ­қым­ды шаруашылық деп танылған. Со­дан бері Сол­түстік Қазақстан облы­сынан 100 бас қара ала асыл тұқымды ірі қаралар әке­лініп, бүгінде 400 бас­қа жеткізіліп отыр. Малды бағып, одан өнім өн­ді­рудің кластерлік жүйесі енгізіліп, қуаты 2000 литр­лік германдық ша­ғын сүт зауыты іске қосылған. Мұн­да түрлі сүт өнімдері: пастерленген сүт, айран, қай­мақ, сары май, ірімшік, сүзбе, құрт шы­ғарылады. Мұнан шыға­рылған сүт өн­ім­деріне консер­вант­тар мен дәмдеу­іштердің қо­сыл­ма­уы сәбилік шақ­тан есімізде қалған дәмнің сақта­луына кепіл болады десек, асыра айтқан­ды­ғы­мыз болмас. 2006 жылы «РЗА» АҚ-ы «DUCK Export-Import-Vermittlun­gen» компа­ния­­сымен келісім-шарт жасасып, шұжық цехын іске қос­қан. Мұнда шығары­ла­тын ет өн­імдері: алуан атаулы қақ­талған, жартылай қақталған шұжық түр­лері, сарделька, сосиска, тұшпара, тартылған ет, котлеттер. Жоғарыда айтқандай, «РЗА» АҚ-ы Елбасының Қазақстан хал­қына Жол­дау­ына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Респуб­ли­касы Үкі­меті, Қазақстан Рес­публи­касы Ұлт­тық Банкі және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу жә­не қадағалау жөніндегі агенттік­тер­дің бірлескен әрекеттерінің жос­па­рын жүзеге асыру щеңбе­рінде әрекет етуші тауарлы сүт фермасы желісін құру және да­мыту бойынша, яғни ағым­дағы жы­лы индус­триялық-иннова­ция­лық жобаларды жү­зе­ге асыру ба­ғы­­тында жоспарлы жұмыс­тар жүргізуде. Бұл ретте «РЗА» АҚ-ы «ҚазАгро­Қар­жы» АҚ-ы арқылы 2 228 319 736 (екі миллиард екі жүз жиырма сегіз миллион үш жүз он тоғыз мың жеті жүз отыз алты) теңге қайтарымды несие қара­жа­тын алып, осы инвестициялық жо­ба­ны іске асыруға батыл бетбұрыс жасады. Яғни, экспортқа бағыт­талған сүт және ет өнімдерін өн­діру мақса­тында типтік жобадағы тауарлы сүт фермасының кешенді құрылысы са­лынды. Шағын қала іспеттес салынған бұл кешен 1200 бас асыл тұқымды сауын сиырына арналған. Құрылыс­тың бірінші кезеңінде 1200 бас сауын сиыр залы, 654 бас бұзау қорасы, сон­дай-ақ сауын сиыр­ларының төл­деуге арналған залы сақа­дай-сай әзір­лік­те тұр. Ағымдағы жылы кешен құ­рылысының бірінші кезе­ңінде 660 бас асыл тұқымды мүй­ізді ірі қара мал және қажетті құрал-жаб­дықтар тү­ге­­лі­мен шет елден әкелінген. Осы тауар­лы сүт кешенінде күніне 30 тонналық сүт өнімдері өндірілмек. Сондай-ақ, 60 адам жаңа жұмыс орында­ры­мен қам­та­масыз етілмек. Жоға­рыда айтқан­дай, Сыр ай­мағы ғана емес, еліміздегі индус­три­ял­ық-ин­но­вациялық жоба­лар­­дың бірі ғана емес, бірегейі «РЗА» АҚ-ның «660 басқа арналған тауарлы сүт фер­масы» жоба­сының тұсауы осы жел­тоқсан айында кесілмек көрінеді. – Біз, дейді әңгіме үстінде «РЗА» АҚ-ның президенті Самұ­рат Имандосов, – күні ертең тұ­сауын кескелі отыр­ған ин­дус­три­алды жобаға сақа­дай-сай әзірміз. Асыл тұқымды ірі қара мал­ға ғана емес, зауытта жұмыс жасай­тын адамдар­дың барлы­ғы­на ба­рынша жағ­дай жасал­ған. Олар үшін жатақ­хана, асхана, монша, дема­лыс орны, көлік қа­тынасы, қай­сы бірін санамалап айтай­ын, тұрмыстық қа­жет­тіліктің бәрі бар. Тек қана саналы еңбек етіп, сапалы өнім өндіруді талап етеміз. – Іске сәт! Еркін ӘБІЛ. Қызылорда облысы, Қазалы ауданы.