15 Желтоқсан, 2010

Топтасқандығымыздың көрінісі болды

362 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Сарыарқа төсінен шаңырақ көтеріп, енді ғана он тоғыздың қыр­қасына көтерілген елге Еу­ро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымы деген белді де беделді халықаралық институтты басқару тізгінін сеніп тап­сы­ры­лу­дың өзі егемен еліміздің әлемдік қоғамдастық тарапынан таны­луы­нан хабар берсе керек. Ал атал­ған Ұйымның елордамызда Сам­митінің өтуі, онда қабыл­дан­ған Астана Декларациясы Қазақс­танды дүние жүзіне одан бетер таныта түсті. ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің ішінде өркениеті ілгері кеткен елдер де аз емес. Осыдан үш жыл бұ­рын Қазақстан 2010 жылы атал­ған халықаралық белді Ұйымға төрғалық етеді деген шешім шық­қанда бәріміз де қуанғанымыз есімізде. Мұндай шешімнің шы­ғарылуының өзін елімізге, ондағы оңды өзгерістерге берілген баға деп есептеу керек. Мұны әлбетте Елбасының ерен еңбегінің арқа­сында мүмкін болған оқиға деп те қарастырған жөн. Жасыратыны жоқ, ЕҚЫҰ-ға соң­ғы кездерде бірқатар сындар айтылды. Көлемі жағынан үлкен Ұй­ым болғанымен, бастапқы идея­ларын жүзеге асыруда бәсең­су үдерістері байқалады делінді. Бұған Ұйым тарапынан әр түрлі қақтығыстарға тиесілі саяси баға берілмегені де себеп болғаны ақи­қат. Тіпті соңғы 1999 жылы Ыстамбұлда өткен VI саммиттен кейін әлемде неше түрлі оқиғалар орын алғанымен, соның бір де бірі тиесілі шешімін тапқан жоқ. Мәселен, АҚШ-та орын алған террорлық актілер, одан кейінгі Ауғанстандағы жағдайлар, әлем­дік қаржы дағдарысы сияқты оқи­ғаларға ой жүгірту уақыт тала­бына айналды. Ең бастысы – ЕҚЫҰ тыныс-тіршілігін жан­дан­дыру керек болды. Астана Саммиті ЕҚЫҰ қыз­ме­тіне жаңаша бағыт-бағдар беріп қана қоймай, Ұйымның ары қарай дамуына өзіндік септігін тигізетіні сөзсіз. Оның жұмы­сы­ның жандануына, жаңа идеялармен толығуына ықпал ете келіп, қауіпсіздік мәселесінің тек бір құрлыққа ғана тиесілі емес екенін, оның барша әлемге қатысты еке­нін түйсіндіріп берді. Қауіп­сіз­дік мәселесі Еуропа құрлығында шешімін тауып, ал өзге аймақ­тардың мәселесін қарастырмауға болады деген пікір ағаттық екендігін көрсетті. Терроризмде шекара жоқ. Олай болса, онымен тек күш бі­ріктіру арқылы күресуге болады. Мұндағы айтатын ең басты нәрсе – ол Саммиттің өткізілуі. Онда жетпістен астам елдер мен халықаралық ұйымдар басшыла­ры сөз сөйледі. Солардың барлы­ғы да келісіп алғандай, Қазақ­стан­ның Саммитті жоғары дең­гей­де ұйымдастырғанын атап көр­сетті. Әрине, қорытынды құ­жат қабылданбаса, бәрі де босқа кеткен еңбек болып шығар еді. Әр шараның өзіндік қорытындысы болуы керек. Ондай қорытындыға – Астана Декларациясына қол жеткізді. 56 мемлекеттің ішінен біреуі қар­сы болса, онда ешқан­дай құ­жат қабылданбас еді. Ең қиы­ны да сол болатын. Сөйтіп, со­зыл­малы жанжалдарға айнал­ған проблемалар декларация қа­был­­да­нуын кешіктіргенімен, ор­тақ мә­міле жасалды. Көптеген жыл­дар бойы шешімін таппай келе жат­қан осындай проблема­лар­ды бір сәтте шеше салу мүмкін де емес. Және Елбасы батыстық бұқара­лық ақпарат құралдарына берген сұхбатында былай деген-ді: «Астана Саммиті дайын шешімдер саммиті болмайды». Шілде айында Алматы облы­сының Талғар ауданындағы «Ақ­бұ­лақ» кешенінде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер ми­нистр­лерінің бейресми кездесуі өтті. Сонда саммитті Астанада өт­кізу туралы консенсусты шешім қабылданды. Ал Астана Сам­митінің қорытынды құжаты Ел­басы жүргізіп отырған саясаттың салтанаты болды десем, артық айт­қандық емес. Өйткені, барлық елдер бір-бірімен тіл табыса ал­ды. Әлі есімде, көктемде Мемлекет басшысына Елбасы деген статус тағайындау туралы ұсыныс жасағанымызда, әркім әр түрлі пікір айтты. Сол қажет пе дегендер болды. Осы Саммитті өткізу, Декларация қабылдау сияқты бар­лық жұмысты көріп отырып, ме­нің тағы да ол ұсы­нысымның дұ­рыстығына көзім жетті. Саммит барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев тарапына айтылған бар­лық оң сөздер біздің ұсыны­сымыздың дұрыстығын дәлелдеп берді. Мамыр айында Мәжі­ліс­тегі жұмыс тобында был­тыр күз айында Әзір­байжанның Нахчыван қа­ласында өткен Түркі­тіл­дес мемлекеттер басшы­лары­ның басқосуы ту­ралы жан-жақты әңгіме­леп берген болатынмын. Сол жолы мен ресми делегация мү­шесі едім. Түрік елінің бас­шы­сы Абдулла Гүлдің «Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев тек өз елінің ғана көшбасшысы емес, бүкіл түркі әлемінің көшбас­шы­сы», деген сө­зін сонда естігенмін. Міне, мұн­дай баға тек түбіміз бір Түрік елі­нің бас­шысы тарапынан ғана емес, бү­кіл дүниежүзілік қоғам­дастық басшылары тарапынан да айтылғандай болды. Сондай-ақ, бұл Саммит өткізуге мүм­кін­ші­лік тудырған он тоғыз жылдағы еңбе­гіміздің нәтижесі деп есептеймін. Әлбетте, Астана Декла­ра­циясының қабылдануының өзі Ұйымға үлкен серпіліс әке­летіні сөзсіз. Қазақта «Тойдың бол­ғанынан боладысы қызық» деген кең ұғым­ды сөз бар. Үлкен жиынды өткізу үлкен жауапкершілік жүк­тейді. Әрине, біріншісі сенім десек, екінші жағынан келген қо­нақтардың барлығы қазақтың дәстүріне, дастар­қа­нына, қонақ­жайлығына тәнті болды. Сол күн­дері халық­ара­лық қоғам­дас­тық өкіл­дері қазақ халқының кең­пейіл­дігін, қара­пайымдығын, дос­тыққа жақын­дығын да көрді. Қо­нақ үй­лер­дегі, әуежайдағы диспетчерлер, көше тазалайтын жұ­мыс­шылар, аспазшылар және өз­ге­лері осы бір идеяның айнала­сы­на топ­тасты десек, артық айт­қандық емес. Саммитке ештеңе де кедергі болған жоқ. Халықтың түсінгені болса керек, сол күні тәртіп бұзатындай жағдайлар орын алмады. Барлық ауруханалар өз режімінде жұмыс істеп, көшелерде тәртіп сақ­талды. Қорыта айтқанда, осындай шешуші кезеңде халқымыз қа­лыптасқан қасиет пен дәстүріне сәйкес көшбасшыларының ай­на­ласына топтаса білді. Әмзебек ЖОЛШЫБЕКОВ, Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.

Бүгін біздің Астана – Жер жүрегі!..

Ақ көйлегін шұбалтып, әрленіп-ақ, Сарыарқам тұр сұлудай сәнденіп-ақ. ...Самұрықтар келеді самғап ұшып, Жер жүзінің ақ тілеу – сәлемін ап. Қарт Алатау қиырдан елжіреді, Көкшетауым қол бұлғап,  белгі берді. Сарыарқамның төсінде дүрсіл қаққан Бүгін біздің Астана – Жер жүрегі!.. Қазағым жүр қонағын тосып алып, Күллі әлемнің бастарын қосып анық. ...Бабамызға тіл бітсе, атқа мінген, «Болсын, – дер ед, – баянды осы бақыт!» Көз жеткізіп елімнің елдігіне, Жақсы-жайсаң жарасып келді, міне. ...Астанам тұр ең асқақ ескерткіштей Қазағымның пейілінің кеңдігіне! Кәрібай МҰСЫРМАН.