16 Желтоқсан, 2010

Алар асуымыз бұдан да биік болсын

746 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аң­саған асқақ арманы еді. Сондықтан да біз үшін Тәуел­сіздік күні – көптен күткен ең қастерлі күн. Еліміз тәуел­сіздігін жа­риялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Ел­басы­мыз айтқандай, «Қазақ­стан­ның тәуелсіздігі қазақ халқына тағдырдың тартқан сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастан кешу арқылы қол жеткізген өз мем­ле­кеттілігін құруға деген заңды құқығы, бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс». Алаш арыстарының арман-тілегі ке­зінде жүзеге аспағанымен, ұлттық са­наны оятуда үлкен рөл атқарды. Олар қазақ елінің өркениетті елдер қа­тарына қосылуын қалады. Қазақ­станға бұл тәуелсіздік оңай жолмен келмегені бәрімізге белгілі, тарихқа көз жүгіртер болсақ, қазақ халқы тәуелсіздік жо­лын­да сан қилы қиыншылықтарды басынан өткерді. Өткен ғасырдың басында саны 1,5 миллиондай қандастарымыз Қытай, Ауғанстан, Түркияға шекара асты. Көптеген ұлт зиялылары репрессияға ұшырады. Қазақ халқының саны үш есеге дейін кеміп кетті. Бүгінде ата-бабаларымыздың ар­ман­дары шындыққа айналып, еліміздің тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы На­зарбаевтың бастауымен сол аңсаған Тәуел­­сіздікке қол жеткіздік. Міне, енді, сол сан­даған жылдар бойы аң­саған Тәуелсіз­ді­гіміздің 19 жыл­ды­ғын тойла­ғалы отыр­мыз. Еліміздің тұң­ғыш Президенті сол елі үшін жан аямаған батыр баба­лары­мыз бізге қал­дырған таусылмас дәулеті мен сар­қыл­мас мұрасының жал­ғас­ты­ру­шысы ретінде қазақ халқы­ның жү­регінде мәңгі қалатындығы ақиқат. Осы өткен соңғы 19 жыл ішінде Елба­сының тәуелсіз Қазақ елін өзінің жүр­гізіп отырған кө­ре­ген саясатының арқа­сында талай белестер мен жетістіктерге жеткізе білгені тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл дүние жүзіне белгілі. 130-дан астам этнос өкілдері тұратын Қазақстан қазіргі кезде татулығы мен бірлігі жарасқан алдыңғы қатарлы елдердің сапына қосылды. Сонымен қатар, осы жылдар ішінде елімізде қыруар істер атқарылды. Атап айтсақ, еліміздің шекарасы халықара­лық шарттарға сай бекітілді. Сары­ар­қа­ның төсіндегі барша елді өзінің әсем көркімен таңқалдырған жаңа Астана­мыз бой көтерді. Әлемдік қауымдас­тық алдында Қазақстан Республикасы асқақ рухты ел екенін мойындаттық. Ел экономикасы да жылдан жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі де өсе түсті. Өзіне тән барлық инсти­туттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын тәуелсіз мемлекет іргетасы беки түсті. Ел Президентінің жыл сайынғы халыққа жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, басқа да жоба-жоспарлар қарапайым халықтың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді ны­ғайтуға бағытталып отырғаны түсі­нікті. Елбасы өзінің соңғы Жол­дауын­да ішкі саясат пен ұлттық қауіпсіз­дік­тің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсат­тары қоғамда келісім мен тұрақты­лық­ты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту екенін атап өтті. Саяси жүйені жетілдіруде құқықтық реформаның маңызды рөл атқаратынын, құқық қорғау жүйе­сін реформалау бойынша құқық қорғау органдары функцияларындағы орын алған жағымсыз фактілерден, сондай-ақ құқық қорғау жүйесі қызметіндегі мөлдірлік пен бақылаудың жоқтығы­нан туындаған проблемалардан арылу қажеттігін атап көрсетті. Елбасы Жолдауында құқық қорғау жүйесін реформалаудың бағыттарын көрсетіп берді, олар – құқық қорғау жү­йе­сін оңтайландыру, әрбір мемлекеттік органның нақты құзыретін белгілеу, заңдарды ізгілендіре отырып са­па­сын арттыру, құқық қорғау жүйесі­нің қызметінде ішківедомстволық мүддеден азаматтардың құқық пен мем­­­лекеттің мүддесін қорғауға ауыс­тыру. Парламенттік және қоғамдық қатал бақылауды қамтамасыз ету, құқық қорғау органының қызметінде есептілік пен бағалау жүйесін жетілдіру. Баршамызға белгілі, «Қанатты ба­рыс» бейнесі ел тәуелсіздігінің және «Қазақстан – 2030» Стратегиялық даму бағдарламасының символдарының бірі. Біз осы Барыс жылы мәртебесі биік Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына Орталық Азия және ТМД мемлекеттері, мұсыл­ман елдері арасында алғаш болып төр­ағалық етудеміз. Мұндай биікке қазақ баласы бұрын-соңды ешуақытта қол жеткізген емес. Қай қазақтың ар­маны емес еді бұл, Еуропаның дамыған алдыңғы қа­тар­лы елдерімен тереземіз тең болып және сол кәрі құрлықтағы ең беделді ұйымға төрағалық ету. Бұл да болса Елбасымыздың жүргізіп отыр­ған көре­ген саясатының нәтижесі. Еліміз дағдарыстан кейін тың серпіліс жасап, қарқынды дамудың жаңа белесіне көтерілді. Алайда, біздің алар асуымыз, бағындырар биігіміз әлі алда. Сондықтан да келешегі жарқын, арманы асқақ Қазақ елінің бұдан әрі өркендеп дамуына аянбай өз үлесімізді қоса берейік. Ерзат ӘЛЗАҚОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі.