Тәуелсіздік күніне орай елордада мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге байланысты біраз іс-шаралар өтті. Соның алғашқысы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті мен еліміздің Заң шығару институты және Қазақ гуманитарлық заң университеті Отанымыздың заңнамасындағы мемлекеттік тілдің мәселелері мен келешегіне арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұйытқы болды. Оған Конституциялық Кеңестің өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, заң шығарушы және орталық атқарушы органдардағы мемлекеттік тілді дамыту және аударма саласының мамандары, ғалымдар, саясаттанушылар қатысып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мәселесін жан-жақты талқылады. Қорытындысында арнайы қарар қабылдап, заң саласындағы тілді сауатты қолдану мәселесі туралы бір тоқтамға келді.
Сол секілді Мәдениет министрлігі мен Орыс тілі қауымы арасындағы өзара түсіністік пен әріптестік туралы меморандумға сәйкес, аталмыш құзырлы органның Тіл комитеті орыс қауымымен бірлесе отырып, Астанадағы Ресей ғылым және мәдениет орталығында «Тіл – халық жанын танудың кілті» деген тақырыпта республикалық байқау өткізді. Бұл байқауға еліміздің барлық облыстары мен қалаларынан қазақ тіліне ден қойған 14-22 жас аралығындағы орыс жастары қатысты. Олар үш номинация бойынша атап айтқанда «Тәуелсіздік тұғыры – мемлекеттік тіл», «Тіл – мәдениет мұраларына ашылған жол», «Шабыт жұлдызы» деген тақырыпта сайысқа түсіп, жүлдегерлер дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды. Жалпы, осы байқауда орыс жастарының қазақ тіліне ден қоюы сүйсінтті.
Сүлеймен МӘМЕТ.