Барыс жылы Қазақстанға аз бедел әкелмегенін мақтанышпен айтуға болады. Соның ең негізгісі де жауаптысы – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіміз бен 11 жыл бойы үзіліп қалған Ұйым саммитін қайта жандандыру.
Қазақ – ежелден-ақ бейбітшілік сүйгіштігімен танылған халық. Бабалардың сара жолын тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жалғастыруда. Дана, дара саясаткердің бүгінгі жаһандануға бет алған кезеңдегі сындарлы саясаты мен мәмілегерлігі арқасында Қазақстан көптеген қиындықтардан сүрінбей, әлемдік өркениеттің талаптарына сай келетін сатылардан абыроймен өтті. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жиырма жылға жуық уақыт ішінде еліміздің өсу үдерісін бесіктегі баланың кәмелетке толып, атқа қонғанымен салыстыруға болады. Бұл – қалай алғанда да көп уақыт емес. Алғашқы жылдардағы экономикалық қиындықтардан еңсемізді түсірмей, аз жылда адам айтса нанғысыз биіктерге, жетістіктерге қол жеткіздік. Енді дағдарған, алаңдаған күндер артта қалып, дамудың даңғыл жолына түстік.
Өткен бір жылға жуық уақыт ішінде Қазақстан жан-жақты жұмыстар жүргізді. ЕҚЫҰ қойып отырған әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және адами өлшем мәселелерімен қоса, бұл ұйымның жұмыс ауқымын әлдеқайда кеңейтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барлық ядролық қаруы бар елдерге осы алапат қатерді таратпау идеясын ұсынды. Созылмалы аурудай, сіңірі шыққанша жалғасқан алакөздік, қақтығыс әлемді алаңдатуда. Молдавиядағы, Таулы Қарабақтағы, Ауғанстандағы шиеленістер шешімін табар емес. Көрші ел – Қырғызстандағы жағдай да бейбітшілікке көлеңке түсіріп, мұндағы халықтың күнкөріс жағдайының төмендеуіне әкелді. Осы мәселелердің барлығын Қазақстан алғашқылардың бірі болып көтеріп, достық қолын, ниетін, көмегін көрсетуде. Төраға ретіндегі мәртебесін, мәмілегерлігін осылай айқындады, өзге елдердің алдындағы беделіміз артты.
Еліміз ЕҚЫҰ-ға өз төрағалығын Сенім, Дәстүр, Ашықтық, Төзімділік ұрандарын насихаттаудан бастап, 11 жыл бойы өтпеген Ұйым Саммитін ұйымдастырумен тәмамдағалы отыр. Біздің еліміздің бастамасымен өткен бұл Саммиттің әлемдік саясатқа да, Қазақстанға да берері мол болғаны даусыз. Өйткені, бұл әлемдік басқосу Қазақстанның халықаралық беделін, Мемлекет басшысының бейбітшілікті нығайту жолындағы ерен еңбегі мойындалғандығын айғақтады.
Еліміздегі ұлтаралық татулық пен келісімнің бірегей моделі, Отанымыздың тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси жетістіктері барша адамзаттың назарына осылай ұсынылды. Мұның барлығы Қазақстанның халықаралық танымалдылығын арттырып, түрлі бағыттардағы әлеуетін баршаға паш етті. Бұл саммит елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге, тәуелсіздікті нығайтуға үлес қосқанына күмән жоқ.
Гүлжиян СҮЛЕЙМЕНОВА, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы.
Алматы облысы.