МАЙДАНГЕРЛЕР ДЕРЕГІ ТАБЫЛДЫ
Ұлы Жеңіске 65 жыл өтті. Осы кезеңде хабарсыз кеткен майдангерлер әлі де бар. Кейбірінің дерегі енді ғана белгілі болып жатыр. Өткен аптада облыстық қорғаныс департаменті соғыста хабарсыз кеткен 21 майдангердің дерегін жергілікті басылымдарда жария етті. Бәрі Атыраудан (бұрынғы Гурьев) майданға аттанған екен. Арасында маңғыстаулықтар да бар. Алайда оларға елге аман келуді тағдыр жазбапты. Украинаның Харьков облысындағы Перковка деревнясы маңында жерленген майдангерлер дерегі Волчанск әскери комиссариатының, атқыштар дивизиясына қарасты 9-гвардия бригадасының естелік кітаптарынан алыныпты.
Енді облыстық қорғаныс департаменті дерегі табылған 21 майдангердің туысқандарын іздестіріп жатыр.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.
* * *
ҚОС МЕКТЕПТІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ
Биылғы оқу жылында Шығыс Қазақстанда оннан астам мектеп ашылып, шәкірттер қуанышқа бөленді. Өткен жұма, сенбі күндері Үржар ауданы мен көрші Аягөзде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев екі мектептің ашылу салтанатына қатысты.
Барқытбелдің күнгейіндегі Келдімұрат ауылындағы жаңа мектепті Манарбек Құмаров басқаратын «Құмаров К» компаниясы сапалы етіп салыпты. Үш қабатты жаңа мектеп қажеттің бәрімен қамтамасыз етілген. Облыс әкімі Үржар ауданының әкімі Бауыржан Жанақовқа және құрылысшыларға алғысын білдірді.
Ертеңінде Аягөз ауданының Ақши ауылында да жаңа мектеп ашылды. Онда да өңір басшысы аудан әкімі Әнуарбек Мұқтарханов пен құрылысшыларға мектепті сапалы салып бергендері үшін ризашылығын жеткізді.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы.
* * *
АЗИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасының сапында сынға түскен оңтүстікқазақстандық спортшылар 5 алтын, 7 күміс және 10 қола медаль жеңіп алды. Бұл – облыс, қалаларға шағатын болсақ, ең жоғары көрсеткіш.
Жақында облыс әкімдігі Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрында спортшылар мен бапкерлерді лайықты марапаттады.
–Спорт – ел намысы, мемлекет мерейі,– деді облыс әкімі Асқар Мырзахметов. –Біздің қазақстандық спортшылардың 45 мемлекеттің ішінен 5-і орыннан көрінуі үлкен жетістік. Бұрын Спорт және туризм басқармасына жыл сайын 700-800 миллион теңге бөліп келсек, қазір 3,8 млрд. теңгеге көтердік. Келер жылы халықаралық талаптарға сай жеңіл атлетика және жүзу бассейнін іске қосамыз.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
* * *
МЕТАЛЛУРГ – МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ
Балқаштың байырғы кәсіпорны – мыс балқыту комбинатында алғашқы мыс алынғанына 72 жыл толды. Оны тұңғыш рет өндіргендердің бірі Үсенбай Байкенжанов болатын.Осы өндірісте ұзақ жыл еңбек еткен бұл металлургтің әулеті отбасылық кәсіпті жалғастырып келеді. Үсенбай ақсақалдың ұлы Сүндет әке жолын қуса, немересі Данияр да дәстүрге беріктік танытты.
Кәсіпорын өміріндегі аталған айтулы оқиғаға байланысты өткен салтанатты жиында Байкенжановтар сияқты металлургтер әулетіне үлкен құрмет көрсетілді. Балқашта еңбек жолын бастаған Василий Цветовтың балалары Денис пен Андрейдей ата кәсіпті алға апарушылар мақтан тұтылды. Балқаш мысының әлемге әйгілі болуы осындай еңбек ерлерінің арқасында екені жас ұрпаққа үлгі етілді.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды облысы.
* * *
АБАЙ ҚОРЫҚ-МҰРАЖАЙЫНА – 70 ЖЫЛ
Биылғы жылы республикалық Абай қорық-мұражайының құрылып, жұмыс істей бастағанына 70 жыл толып отыр. Жуырда хакім ақын мұражайының осы айтулы мерейтойы кеңінен аталып өтті. Соған байланысты алқалы жиын мұражайдың өзінде, содан кейін Абай атындағы сазды-драма театрында ұйымдастырылды.
Соның қай-қайсында болмасын, мұражай тарихы, ондағы көненің көзіндей асыл жәдігерлер, алып ақын туралы тың деректер хақында кеңінен сөз қозғалып, байырғы мұражайдың алдында тұрған келелі міндеттер де әңгіме өзегіне айналды. Әдебиет жанашырлары мұражайдың кейінгі кезде жоспарлы түрде үлкен ізденіспен жұмыс істей бастағанын атап өтті.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.
* * *
ЕКІҚАБАТ АНАЛАРҒА АЯЛЫ КӨЗҚАРАС
Сырым ауданындағы отбасылық және демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері өңірдегі барлық екіқабат аналармен кездесіп, денсаулықтарын тексерді. Соның нәтижесінде тұрмыстық-материалдық зерттеу актілері жасалды. Болашақ аналар облыс орталығындағы емдеу орындарына, УЗИ аппаратына түсуге және перинаталдық орталыққа жіберілді. Бірқатары жергілікті жердегі акушер-гинекологтың қабылдауында болды.
Осынау аялы қамқорлыққа толы іс-шаралар барысында, әсіресе, көп балалы, тұрмысы төмен отбасындағы аналарға айрықша назар аударылды. Оларға тиісті материалдық көмек көрсету жөнінде шешім қабылданды.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы.
* * *
КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУҒА АРНАЛДЫ
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының мақсаты кәсіпкерліктің жаңа тобын құру мен жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталса, отандық тауар өндірушілерді қолдауды мақсат еткен «Даму» акционерлік қоғамы шағын бизнесті несиелендіруді жемісті жалғастырып келеді.
Өңірдегі аталған қор ұйымдастырған конференцияға «Атамекен» ұлттық-экономикалық палатасы, облыстық, қалалық кәсіпкерлік бөлімдерінің мамандары мен орта және шағын бизнес өкілдері қатысты. Онда кәсіпкерлерді қолдау мәселесі ортаға салынды. Әсіресе, «Бизнес-кеңесші» бағдарламасымен 91 оқытушы дайындалып, олар 11603 адамға өз кәсібін ашу мен дамыту, қаржыландыру, кәсіпкерлік саласындағы басқа да өзекті мәселелер бойынша кеңес беріп, тәжірибелік сабақтар өткізген.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.