Қоғамдық қатерлі дерт – жемқорлықты жою мемлекеттік саясаттың басты мақсатына айналып, бұл бағытта бірқатар ықпалды іс-шаралар жүргізілуде. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Алматы қалалық филиалы қоғамдық кеңесінің жақында өткен мәжілісі де осы сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне арналды. Бір құптарлығы, қоғамдық кеңес өз жұмысында қалада сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарды анықтауда және оның алдын алуда іскерлік танытуда. Еліміздегі ең ірі шаһар – Алматыда қылмыстың бұл түрімен күрестің сапасын жақсарту мақсатында қаладағы аудандар ахуалы бақылауға алынып, аудан әкімдерінің есебін қоғамдық кеңесте тыңдау туралы шешім қабылданды.
Соның нәтижесінде қоғамдық кеңестің отырысында Түрксіб ауданының әкімі Владимир Устюговтің сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау, оның алдын алу және жою жолдары туралы баяндамасы тыңдалды. Әкімнің айтуынша, жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалуы ауданның мемлекеттік органдарында тоқсан сайын сарапталады». «Қазіргі кезде ауданның мемлекеттік органдарында «Сенім телефоны» жұмыс істейді. Өткен уақыт ішінде 200-ден астам адам қоңырау шалған. Аудан тұрғындарын алаңдататын мәселелер арасында әлеуметтік жағдайлар, яғни бүлдіршіндерді балабақшаға орналастырудың қиындығы, орта мектептердегі оқу-тәрбие жұмыстарының деңгейін жақсарту, кәсіпкерлік қызметке қажетті құжаттарды алуға қатысты өтініштер бар» дейді Владимир Устюгов.
Қоғамдық кеңес жұмысының өзегіне айналып отырған аудандағы сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне келсек, аудан аумағына бұл сипаттағы қылмыстық әрекеттер жат емес. Мәселен, Түрксіб аудандық прокуратурасы жемқорлыққа қарсы заңнаманы қолдануға байланысты биыл 28 тексеру жүргізген, онда 108 заң бұзушылық анықталған.
Түрксіб ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қарқынды әрі тиімді атқарылуда деп айту әлі ертерек. Бұл тұжырымды жемқорлық қылмыстар жөніндегі статистикалық мәліметтер толық дәлелдейді.
«Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалының төрағасы Амангелді Кәримолиннің пікірінше, «жемқорлыққа байланысты көріністерге бей-жай қарамай, оған тосқауыл қоюдың қажеттілігі зор және мұның өзі бір ауданға ғана емес, тұтастай қалаға да қатысты. Біздің басты міндетіміз – көлеңкелі оқиғаларға жол бермей, оның алдын алу». Келешекте қаладағы өзге аудандар әкімдерінің де есебі тыңдалмақ.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.