22 Желтоқсан, 2010

«Алтын сапа» сыйлығы алға озғандарға беріледі

1646 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Кеше Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның индустрияландыру бесжылдығының картасы шеңберінде еліміздің өңірлерінде 2010 жылдың 2-жартыжылдығында бой көтерген 80 ірі инвестициялық нысандардың тұсауын кесіп, Президенттің өнеркәсіп саласындағы «Алтын сапа» және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін әспеттейтін «Парыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттау салтанатына қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев «Алтын сапа» және «Парыз» конкурстарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. «Алтын сапа» сыйлығы өнімдер немесе қызмет көрсету сапасы са­ласындағы жақсы нәтижеге қол жеткізгені, олардың қауіпсіз­дігі­гін қамтамасыз етуде, сондай-ақ мекемелерге заманауи менеджмент жүйесін енгізгені үшін кон­курстық негізде беріледі. Жыл сайын өткізілетін «Парыз» кон­курсы­ның мақсаты өз жұмыс­шы­лары мен қоғам үшін әлеуметтік мәселелерді шешетін жекеменшік кәсіпкерлік субъектілерін ын­таландыру болып табылады. Бұл шаралар бір мақсатқа – Қа­зақстанның жаңа экономикасын құру мақсатына арналған. Қазіргі күні отандық бизнесті жетілдіру, оның бәсекелестік қабілетін арт­ты­ра отырып, заман талабына сай ету – ел алдындағы аса ма­ңызды міндет болып отыр. Со­нымен қатар өсіп келе жатқан кәсіпкерлік ортаның мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін онымен бірге бөлі­суі, халықтың қамы жолында қыз­мет етуі бизнестің адамгершілік бет бейнесін айқындайтын мәселе. Мұның терең мәні елдегі тұрмыс пен  әлеуметтік-экономи­калық, саяси ахуалдың тұрақты­лы­ғынан көрінеді. «Парыз» сый­лығы кәсіпкерлік құрылымдарды осыған ынталандыруға арналған. Биылғы жылы «Алтын сапа» сапа саласындағы Президент сыйлығы үшін жарияланған кон­курсқа 207 компания қатысқан. Сондай-ақ биыл «Индустриялық серпіліс» және «Инновациялық серпіліс» атты жаңа сыйлықтар белгіленді. Олардың арасынан ең үздік отандық компаниялар осы­мен бесінші рет Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің «Ал­тын сапа» сыйлығына ие болды. Биылғы жылы бұл Президенттік сыйлықтың өзіндік символдық мәні болды деп есептейміз. Ол елі­міздің Ресей және Беларусьпен бірігіп кеден одағын құрған жылы ұсынылып отыр. Демек отандық кәсіпорындардың бәсе­ке­лестік қабілеті енді неғұрлым кең ауқымды деңгейге сай болуы қажет. Сондай-ақ биылғы жылы «Па­рыз» сыйлығын алу үшін кон­курсқа қатысушылар санының бұрнағыға қарағанда арта түс­кен­дігін байқатып отыр. Мұның өзі отандық кәсіпкерлер мен іскер­лердің еліміздің дамуымен қатар қазақстандықтардың әл-ауқаты­ның нығайтуына өз үлестерін қо­суға деген ұмтылыстарының айғағы іспетті. 2010 жылғы «Алтын сапа» сыйлығы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бой­ынша биыл «Қазақстан темір жолы» ұлттық компа­ниясы» — «Локомотив құрас­тыру зауыты» АҚ-ға (Астана қаласы) және «Oxy-Textile» АҚ-ға (Оңтүстік Қа­зақстан облысы) берілді. «Ха­лық үшін тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» аталымы бой­ынша «RG Brands Kazakhstan» ЖШС (Алматы об­лысы) және «Родина Агро­фирмасы» ЖШС (Ақмола облы­сы) лауреаттар атанды. Ал «Хан Шатыр» ЖШС (Астана қаласы) және «Кардиохирургия орталығы» ЖШС (Жамбыл облысы) «Қыз­мет көрсететін үздік кәсіпорын» аталымы бойынша сыйлықтар­мен марапатталды. Бұл кәсіпорындардың қай-қайсысы болмасын қызмет пен өнім сапасының жақсаруына ай­тарлықтай үлес қосты. Мәселен Тараз қаласындағы «Кардохирургия орталығы» ЖШС өзінің соң­ғы кезде құрылғанына қара­мастан аз жылдың ішінде үлкен табыстарға жетіп отыр. Бұл ор­талық қазіргі күні сала бойынша медициналық қызмет көрсету жа­ғынан алғанда Алматы мен Астанадан кейінгі сәйкес ұйымдар ара­сынан үшінші орынға көтері­ліп отыр. Тиісті сыйлықты ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік Хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың қолынан алған аталған ұйым басшысы Б.Жо­шы­баев өз сөзінде Елбасына ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитін табысты жағдайда өткізгеніне құттықтау­ын жеткізе келе еліміздің индус­трияландыру ісінде де үлкен табыстарға жететіндігіне кәміл сенім білдірді. 2010 жылғы «Парыз» Гран при «СПНС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-қа берілді. «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымы бойынша «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.», «Үздік ұжымдық шарт» аталымы бой­ынша – «Эйр Астана» АҚ, «Үздік әлеуметтік-жауапкершілік кәсіп­орны» аталымы бойынша – «Қаз­мырыш» ЖШС-не бірінші орын берілді. Ал «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ «Индус­триялық серпіліс» аталымы бой­ынша және «Алтынтау Көк­шетау» ЖШС «Инновациялық серпіліс» аталымы бойынша Мем­лекет басшысының арнаулы сыйлы­ғының лауреаттары атанды. Осы топтың атынан сөз сөй­леген «Қазмырыш» ЖШС бас­қармасының төрағасы Н.Попович өздерінің еңбектерін елеген Елба­сына үлкен алғысын білдіре келе, бұл сыйлықтың ұйым басшы­лығын одан әрі жігерлендіретіндігін, әлеуметтік мәселелерді шешу ісі ұжымда одан әрі жал­ғасатындығын және қазіргіден кем болмайтындығын айтты. «Қаз­мырыш» ЖШС-сында 2010 жылы 4 млрд. теңгенің қаржысы әлеуметтік мәселелерге жұмсал­ған екен. Әрине, бұл аз қаржы емес. Демек осындай қолдау шара­лары одан әрі жалғаса­тындығы – үлкен қуаныш. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан Президентінің баста­ма­сы бойынша бекітілген сапа және әлеуметтік жауапкершілік са­лаларындағы жалпыұлттық кон­­курстарға қатысу қазақ­стандық бизнес үшін маңызды ынталан­дыру болып табылатынын атап өтті. — Бүгін біз өтіп бара жатқан жыл­дың маңызды қоры­тын­дысын салтанатты түрде шы­ғарып отырмыз. Еліміздің ІЖӨ-сі 7 пайыздан астамға, өнеркәсіп өн­дірісі 10 пайызға, өңдеуші өнер­кәсіп 19 пайызға өсті. Біз 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының алғашқы он­жыл­ды­ғы­ның міндеттерін, үде­мелі ин­дустриялық-иннова­ция­лық дамудың мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­сын іске асырудамыз. Биылғы жылы Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Кеден одағы өз жұмысын бастады. 2012 жылғы Біртұтас экономикалық кеңістікті құруға негіз болған 17 келісімге қол қой­ылды. Бұл қазақстандық өндіру­шілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бүгін­де «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атану және «Қазақ­станның үздік тауа­ры» –  жоғары ба­ғасына ие болу – үлкен абы­рой. Бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі артып келеді. Биыл үшінші жыл өткізіліп отырған «Парыз» байқауы бизнес өкіл­дерін осы бағытта ын­таландыра түседі деп білемін, –  деді Нұр­сұл­тан Назарбаев. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Президенттің тапсырмасы­мен 2010-2014 жылдарға арнал­ған мемлекеттік индустриялық-ин­новациялық даму бағдарла­ма­сы жүзеге асырыла бастады. Бағдар­ламаның негізгі мақсаты – эко­номиканы әртараптандыру, қазақ­стандық қамтуды ұлғайту, шағын және орта бизнес үшін мүм­кіндіктерді мультипликациялау, ши­­кізаттық емес экспорттық әлеу­етті арттыру, жоғары техно­логиялық өндірісті болашақтың экономикасына көшу. Индус­трия­лан­дырудың алғашқы жылында-ақ шамамен 800 млрд. теңгеге 152 өнеркәсіптік нысан іске қосы­лып, 24 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Индустриялан­ды­ру картасы жаңарғаннан кейін 161 мың тұрақты жұмыс орны және құрылыс кезеңінде 207 мың жұмыс орны ашылып, 8,1 трлн. теңге сомасына 294 жоба ішінен тізбе құрылды. –  Жаңа міндеттер экономи­каның инновациялық дамуының жаңа қағидаттарын алға қоюда. Қазақстандық бизнес халық­ара­лық сауданың белсенді қатысу­шы­сы болуы тиіс. Бәрінен бұрын, біз Кеден одағының әлеуетін, сондай-ақ Қытайды қоса есептегенде, өзге де дамыған рынок­тардың әлеуетін толық пайда­лануымыз керек. Сонда ғана біз «Қазақстанда жасалған» бренді жоғары сапа белгісі ретінде қа­был­данатын уақытты жақындата түсеміз, –  деп атап өтті Мемлекет басшысы. Биылғы жылдың бір ерекшелігі – «Индустриялық серпіліс» және «Инновациялық серпіліс» жаңа сыйлықтарының тағайын­да­луы. Бұл сыйлықтарды еліміз­дің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының рухымен толық сәйкес келеді деп айтуға болады. Мемлекет басшысының осынау арнаулы сыйлықтарына жоғарыда айтып кеткеніміздей биылғы жылы «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ мен «Алтынтау Көкшетау» ЖШС ие болды.  Бұл сыйлықтарды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың өзі тапсырды. «Индус­триялық серпіліс» сыйлығын Ел­басының қолынан алған «Өске­мен титан-магний комбинаты» АҚ президенті Бағдат Шаяхметов өзінің алғыс сөзінде комбинат жұ­мысының алға басуына Елба­сының еңбегінің зор екендігін атап көрсетті. «Еліміз нарық экономикасына бағыт ұстаған алғашқы қиын кездердің өзінде Сіз жан-жақтан қаумалаған қат-қабат шаруаларды шеше жүріп біздің комбинаттың мәселелеріне назар аударуға уақыт таба біл­діңіз. Комбинат алдындағы үлкен проблемалардың шешім табуына көмек көрсеттіңіз. Біздің бүгінгі жетістігіміз – сонда негізі қа­лан­ған істердің, дұрыс бастаулардың жемісті нәтижесі» деді ол. «Өскемен титан-магний ком­бинаты» АҚ титан өндірудің интеграцияланған биік деңгейіне көтерілген әлемдегі бірден-бір кәсіпорын. Қазір оның  өнімдерін әлемге әйгілі ұшақ және мәшине жасау компаниялары тұтынады. Солардың қатарында аса ірі жолаушылар ұшағын әзірлейтін «Эирбас» компаниясы да бар. Сөйтіп комбинат қазіргі күні ха­лықаралық күрделі өнімдер рыно­гын­дағы әріптестіктің кең ауқым­ды деңгейіне қол жеткізіп отыр. Сыйлықтарды тапсыру рәсімі­нен кейінгі өзінің қорытынды сөзінде Елбасы елдің тарихы үшін 2010 жылдың өте елеулі жыл­дардың бірі болып табыла­тындығын атап көрсетті. Бұл жылы біз ЕҚЫҰ Саммитін өткі­зіп, еліміздің халықаралық қау­ым­дастық арасындағы беделін нығайттық. Сонымен қатар үде­мелі индустрияландырудың ал­ғаш­қы жылын үлкен табыспен бастадық. Бір жылдың өзінде 152 индустриялық инвестициялық жоба іске қосылып отыр. Бұл үлкен табыс. Осы ретте Елбасы алғаш рет астананы Ақмолаға ауыстырып, осында көшіп келген кездегі жағдайды еске ала кетті. Сонда жаңа астанада ашылған «Эдем палас» атты ресторан қа­лаға көрік беріп тұрғандай көрі­нетін. Шеврон компаниясының қала орталығынан салған жаңа жанар-жағар май құю станса­сы­ның өзі көз қуанышына айнал­ғандай еді. Ал енді Астананың қазіргі бейнесін осымен салыс­тыруға бола ма. Бүкіл ел эконо­микасындағы табыстардың өзі еліміздің жаңаруы мен дамуына осындай үлес қосып, еліміздің әлеуметтік бейнесін жылдан жылға өзгерте түсуде. Биылғы жылы ішкі жалпы өнім 7 пайыздан астам, өнеркәсіп өндірісі 10 пайыздан астам, ал өңдеу өнеркәсібі 12 пайыздан астамға өсіп отыр. Елбасы осы ретте осы соңғы санның өте маңызды екендігін атап көрсетті. Еліміздің алдағы уақыттарда жер қойнауының байлықтарына сүйе­ніп өмір сүре бермейтіндігін ескертті. Үдемелі индустриялан­ды­ру ісі де осы мақсатқа сәйкес қолға алынып отыр. Елбасы бұл мәселені «Бүкілхалықтық іс» деп атап көрсетті. Бұл іске баршамыз болып жұмылғанда ғана жақсы табысқа жете алатын боламыз. Аталған істе орта және шағын кәсіпкерлікті дамытудың шешуші маңызы бар.  Осыған орай Елба­сы ел экономикасын дамытудағы, индустриялық мақсатты жүзеге асырудағы кәсіпкерлер алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерді атап көрсетті. Қазіргі күні Қазақстан әлемнің 126 еліне 200-ден астам дайын өнім экспорт­тауда. Осыдан 5 жыл бұрын бұл болмаған еді. Демек экспорт мә­селесін барынша дамытуымыз қажет. Сонымен қатар инвестиция­лардың келуіне жол ашу қажет.   Әрбір өңірдің инвестициялық тар­тымдылығына жетісу – өңір басшыларының, әкімдердің қыз­меттерінің негізгі өлшемі болып табылады. Бұл істе еңбек өнімділігін арттыру ісіне бірінші кезекте көңіл бөлген дұрыс. Өйткені ин­дустриялан­дыру­дың терең ма­ғы­насы еңбек өнімділігін арт­ты­румен тығыз байланысты болып келеді. Осы­ған орай Елбасы «Өнімді­лік-­2020» бағдарламасы­ның іске қосы­латындығын, оны жүзеге асыру негізгі міндеттердің бірі болып табылатындығын жеткізді. Жаңа заман бейнесінде қуат пен ресурстар үнемдеу мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл бағытта елімізде жүзеге аса бастаған жұмыстар баршылық. Мәселен Алматы қаласының әкімдігі қалада ауыз су үнемдеу мәселесін шешті. Ал Шымкент қаласында коммуналдық жүйелер­ге өлшегіш аппараттар қою арқы­лы бұл іс біршама алға басты. Елбасы сөзінің соңында биз­нестің алдындағы әкімшілік кедергілерді азайту мәселесіне үлкен көңіл бөлді. Осы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп те келеді. Нәтиже де жоқ емес. Биылғы жылы Бүкіләлемдік банк Қазақ­станда осы бағытта жүріп жатқан жұмыстарға жақсы баға берді. Ендігі кезекте құқық қорғау орган­дарының бизнестің заң шең­бе­рінде еркін әрекет жасауына мүм­кіндік тудырулары қажет. Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздегі бақылау-тексеру жұмыстарының тізбесі мыңдаған өлшемдерден тұратын болса, жүйелі жұмыс жүргізудің нәти­же­сінде  қазір олар мейлінше азайтылды. Бірақ соған қара­мас­тан қызмет бабын сылтау етіп, кәсіпкерлік жұмысқа кедергі келтіру фактілері елімізде көптеп кез­деседі. Құқық қорғау орган­дары осы мәселеге барынша мән беруі қажет. Елбасы биылғы «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін құттықтай келе, олардың жұмысына үлкен табыс тіледі. Кәсіпкерлерді және бүкіл халықты алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жаңа жылда жаңа табыстарға жетуге шақырды. «Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ, Орынбай БАЛМҰРАТ. * * * Лебіздер Қанат МҰСАБАЕВ, кәсіпкер: – Бүгінгі өтіп жатқан шараның маңызы ерекше. Осы ретте еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың барынша мән беретіндігін, қашанда болсын қолдауға әзір екендігін ерекше айта кетпекпін. Біз бүгін осы көрмеге өзіміздің робот-техникамызды алып келдік. Робот жасау ісі әлем елдерінде, соның ішінде Жапонияда жақсы даму үстінде. Ал мына күрделі дәнекерлеу жұмыстарын жүргізетін және бір затты бір орыннан екінші орынға ауыстырып қоя алатын біздің роботымыз осы саладағы  еліміздегі ізашар жобалардың бірі болса керек. Осыдан біраз уақыт бұрын біздің жігіттер өздерінің осындай робот жасау жөніндегі идеяларын «Ұлттық инновациялық қор» АҚ басшылығына білдірген болатын. Олар біздің ұсынысымызға қолдау білдірді. Бұл жоба   «Ұлттық инновациялық қор» АҚ қатысатын «Delta Technology Fund» венчурлық қоры аясындағы жобалық жұмыстар негізінде жүзеге асты. Келесі жылдың наурыз айынан бастап осы роботты шығаруды өндірістік негізге қоятын боламыз. Аида КОЛМЕНЕВА, «Модалар үйі» ЖШС дизайнері: – Елімізді индустрияландыру ісіне мода жасаушылар да лайықты үлес қоса алады. Индустрияландыру – жалпыға ортақ іс. Сондықтан біз өз тарапымыздан Елбасының осы іске үлес қосу жөніндегі шақыруына өзіміздің жаңа идеяларымызбен келіп отырмыз. Осы көрмеге индустрияландыру мен «Алтын сапа» байқауының киім үлгілеріндегі бейнесін жасап әкелдік. Оны өзіміздің халықтық дәстүрлері­мізбен, қазақтың дәстүрлі сән киімдерінің үлгісімен сәйкестендірдік. Бүгінгі өтіп жатқан шара өзінің зор маңызымен қатар еліміздің жарқын болашағының белгісі іспетті. Мына көрмеге көбінесе келесі жылдан бастап өнім бере бастайтын жаңа өндіріс түрлері мен жаңа бұйымдар қойылған екен. Осыған қарап-ақ Қазақстан болашағын болжауға болады. Татьяна ЗЕЛЕНИНА, Мәскеу қаласындағы ТМД ынтымақтастығын дамытуға арналған «Интеграция» халықаралық қорының қоғам және БАҚ-пен байланыс жөніндегі директоры: – Мен Астананы бірінші рет көріп отырмын. Шынымды айтсам қаланың көрікті бейнесін көріп, қатты таңқалдым. Бұл шын мәнінде бола­шақтың қаласы екен. Мен кешеден бері Қазақстандағы индустрия­ландыру жұмыстарының барысымен беріле танысып жатырмын. Оның ауқымдылығы өте керемет. Мен оның үстіне Қазақстандағы білім беру, денсаулық сақтау ісін дамытуға арналған бағдарла­малар барысымен танысып үлгердім. Осылардың аясында санаулы жылдардың ішінде ғана қаншама мектептер мен ауруханалар салыныпты. Қазақстан дамудың кең құлашты арнасына шыққан екен. Шынымды айтсам сіздерден үйре­не­тін дүниелер өте көп. Және осылардың барлы­ғы аз жылдың ішінде жүзеге асқан. Мен Қазақ­станның болашағы керемет болады деп есептеймін. Лиза ОЛЖАБАЕВА, Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы: Ел экономикасының аз жылдың ішінде  қаншалықты дамып үлгергендігінің бір көрінісін осы көрмеден көріп отырмын. Бұлардың барлығы дерлік индустрияландыру жобалары. Біз Қазақстанның болашағын осындай көрме жұмыстарына қатысқан кезде өзіндік бір бағамдау мүмкіндігіне ие болғандай боламыз. Міне, осының бәрі Елбасының сара басшылығымен, Үкіметтің қолдауымен жүзеге асуда. Біздің Маңғыстау облысында жалпы сметалық құны 536 млрд. теңгені құрайтын 17 инвести­циялық жоба индустрияландыру картасына енгізіліп отыр. Олар толықтай іске қосылған кезде 27 мың жұмыс орны ашылатын болады. Шағын және орта  бизнесті дамыту ісіне ерекше көңіл аудармақпыз. Өйткені, шағын және орта бизнес – ел экономикасының жаны. Халықтың жұмыспен қамтылуында, тұрмыс пен қызметтің жандануында олардың үлесі зор болмақ.