Қазақстан Республикасын электрмен қамтамасыз ету жүйесі Операторының үздік энергетиктері ордендермен және медальдармен марапатталды
Электр энергетикасы саласының мамандары үшін 22 желтоқсан – бірін бірі кәсіби мерекемен құттықтауға мүмкіндік беретін ерекше күн. Жиналғандарға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жұмыста жетістіктерге жету мен жеке өмірде бақытқа бөленуді тіледі.
«Мен еліміздің барлық энергетиктерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын және сіздердің еңбектеріңізсіз ешқандай индустриялық даму мүмкін болмайтынын атап өткім келеді», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары құттықтау сөзінде. Салтанатты жиын барысында «KEGOC» ұлттық компаниясының ерен еңбегімен ерекшеленген қызметкерлеріне ордендер мен медальдар тапсырылып, олар Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен қол қойылған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болды. «KEGOC» АҚ-тың өндіріс жөніндегі вице-президенті Бақытжан Кажиев пен Халықаралық энергетикалық және қаржылық ұйымдармен байланыс жөніндегі кеңесші–жобаларды басқару департаментінің директоры Сергей Катышев «Құрмет» орденімен марапатталды.
«Ерен еңбегі үшін» медальдарын бірінші вице-президент Серік Оспанов пен күрделі құрылыс үйлесітірушісі – бас менеджер Сергей Смык лайықты иемденді.
Сергей Смык энергетик мамандығы оның отбасында ата-бабадан келе жатқан мамандық екенін атап өтіп, «... адамдарды жарықпен, жылумен қамтамасыз ету – менің жұмысым ғана емес, борышым деп білемін», – деді.
«Басты жобалар бойынша Елбасының тапсырмасына сай орасан зор жұмыс атқарылды»,– деп атап өткен «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан Республикасы Президентінің алғысын иеленіп, төсіне салалық кәсіпорын басшысы құрмет белгісін тақты.
ЕҚЫҰ Саммиті кезінде Астана қаласын электр қуатымен мінсіз қамтамасыз етуде еңбегі мен күшін аямаған компания қызметкерлері де аталып өтті.
Әнуар ОМАР, Советбек МАҒЗҰМОВ.
Астана.