Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев палатаның пленарлық отырысында сөз сөйлеп ашып, онда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту мәселесінің қоғамда қызу талқыланып, кең қолдау тауып жатқанына ерекше тоқталды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы ойын былай тұжырымдады: «Оған Елбасының халық игілігі үшін сіңірген қажырлы еңбегі, Отан мүддесіне риясыз қызметі негіз болуда деп ойлаймын. Біз сәулеті дәулетіне сай, іргесі берік, әлемде мерейі үстем болған мемлекетіміздің дамуындағы биік белестер мен жетістіктерді Елбасының есімімен тікелей байланыстырамыз». Төраға осы ретте сара жолдағы көшіміз ілгері жылжуының бірден-бір кепілі – Елбасының сарабдал саясатының жалғасын табуында екені сөзсіз дегенді айта келіп, Сенат депутаттары бұл бастаманы бірауыздан қолдап, оны жүзеге асыруға қажетті заңнамалық негізді қамтамасыз етеріне кәміл сенемін дегенді тілге тиек етті.
Осыдан кейін депутаттар бірден заң жобаларын қарастыруға көшті. Жыл аяғы және заң жобаларының маңызы ескеріліп, күн тәртібіне 14 мәселе шығарылған екен. Алдымен сенаторлардың назарына «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі» туралы заң жобасы ұсынылды. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов баяндаған заңдық құжат университеттің дербестігі мен академиялық еркіндігін қамтамасыз етуге, қамқоршылық кеңестер арқылы басқару жүйесін құруға, студенттер қабылдаудың дербес қағидалары мен шетелдік серіктестерімен әлемдегі озық бағдарламаларды енгізуге қатысты артықшылықтарды қарастырады. Сондай-ақ заңдық құжатта білім беру саласындағы басқарудың қазіргі заманғы нысандарын енгізуге, ғылым мен өндірістің интеграциялануына ықпал жасайтын зерттеу университетінің үлгісін құруға және өзге де стандарттарды қарастыруға оңды ықпал етеді деп күтілуде. Заң жобасы бірауыздан қабылданды.
Білім беру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды қарастыратын заң жобасын екі оқылымда талқыға салған депутаттар оны да қабылдады. Енгізілген түзетулер Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың ерекше құқықтық мәртебесін бекітуге және регламенттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, академиялық басқарудың, қаржыландыру тетіктері мен академиялық еркіндіктің қазіргі заманға сай нысандарын енгізуге жағдай жасалады. Осы ретте И.Әміров, Қ.Баймаханов, Ю.Кубайчук және Ә.Ахметов өз сөздерінде аталған оқу орындары білім жүйесінде эталон болуы керектігіне ерекше тоқталды.
«Дүниежүзілік пошта одағының жарғысына жетінші қосымша хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндаманы Байланыс және ақпарат вице-министрі Сәкен Сәрсенов жасады. Дүниежүзілік пошта одағы 1874 жылы құрылса, қазіргі таңда оның құрамына әлемнің 151 елі кіреді. Қазақстан аталған ұйым жұмысына 1992 жылдан бастап қатысып келеді. Заң жобасының негізгі мақсаты мемлекеттердің және олардың пошта әкімшіліктерінің пошта қызметін тиісінше көрсету жөніндегі жан-жақты ынтымақтастығын қамтамасыз ету болып табылады. Депутаттар аталған заң жобасының маңыздылығын ескеріп, оны бірауыздан қабылдады.
Сол сияқты Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы Екібастұз ГРЭС-2-інің үшінші блогын салу және кейіннен пайдалану туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы да қолдау тапты. Аталған заңдық құжат екі ел арасындағы электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты арттырып, екі ел аумағынан электр энергиясын тасымалдауға мүмкіндік береді. Ал үшінші энергоблок туралы келісім бойынша корпоративтік, мүлік және жер салықтары бойынша жеңілдіктер қарастырылып отыр. Сенатор Т.Симамбаев сұрағына орай жауапта үшінші блоктың қуаты 500 мегаВатт болып, қысым мен температураны айқындайтын құрылғы орнатылары белгілі болды. Жобаның аяқталу мерзімі 2014 жыл деп белгіленіпті. Депутаттар сондай-ақ ғарыш кеңістігін пайдалану, медиация және өзге де мәселелер бойынша тиісті заңдық құжаттарды қолдады.
Отырысты қорытындылаған Сенат Төрағасы үстіміздегі жылдың табысты болғандығын ерекше атап өтті. Қазақстан әлемдегі қаржы-экономикалық дағдарысты еңсеріп, қайтадан өрлеу жолына түсті. Ішкі жалпы өнімнің өсімі биыл 7 пайыздан асты. Жыл басынан бері Парламент Елбасы айқындаған дамудың стратегиялық бағдарына сәйкес, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға, Кеден одағының жұмысын қамтамасыз етуге, сот және құқық қорғау жүйесін, білім, ғылым және денсаулық сақтау салаларын жетілдіруге бағытталған 154 заң қабылдады. Жаңа жылда да халқымыздың әл-ауқатын көтеруді, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуін қамтамасыз етуді көздеген келелі шаралар мен міндеттер тұр. Мемлекет басшысы алдымызға қойған абыройлы мақсаттарға барлық күш-жігерімізді жұмсап, халқымызбен бірге биік белестерге жетеміз деп бәріміз сенеміз, деді Қ.Тоқаев. Төраға осы орайда әріптестеріне еңбектеріңіз жемісті болсын, дей отырып Жаңа жылда тек қана жақсылықпен кездесе берейік деген игі тілегін жеткізді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.