31 Желтоқсан, 2010

Арыс жыл болды барыс жыл

592 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Тәуелсіздігіміздің толайым табыстарға, телегей алғыстарға то­лы, қадамы құтты, та­ғаны мықты тағы бір жарқын жылын дән ра­зы пейілмен, кө­теріңкі көңілмен та­рих төріне қон­дыр­ғалы отыр­мыз. Әрбір күні еселі ең­бек­пен ең­се­леніп, әр ап­тасы айтулы оқиға­лар­мен ай­шық­тал­ған бұл жыл­­дың ұзына бо­йы­на көз сал­сақ, өр­ке­ні­мізді өсіріп, өрі­сі­міз­ді ке­ңей­тер игі шаруалар мен ізгі шаралар шаш-етектен екен. Бір-бірімен жарысқандай зымырап өткен жыл он екі ай айшылықты ал­ты аттаған алыптай нұрлы ертеңіне қа­рыштаған Қазақ елінің жасампаздық жолын өрелі істерімен әрлеп, өркенді іздерімен зерлеп, биік белестерге көтергені айдан анық. Оның жемісті де жеңісті жолын көз алдынан өткізе отырып күні кеше: Қош келіпсің! Жаңа Жылым, армысың! Игілікке жұмсалсын тек Бар күшің. Егемен ел – Қазақстан қарыштап, Болашаққа барыс болып қарғысын. Барыс жылы, Арыс жыл боп өмірге ен, Күй толқысын, Жыр шалқысын көңілден. Көк байрағы Көк тіреген елімнен Төрің әзір, Кел, кәне, кел, орын кең,– деп пәк жү­рек­тен, ақ тілекпен құшақ жая қарсы алғанымыз ойға оралады. Шынында да, барыс жылы біз үшін арыс жыл болды. Азаттықты армандап өткен ата-ба­балардың асыл мұратына мыңжылдықтар то­ғысында ғана қол жеткізген қазақ халқы дамудың даңғыл жолына түсті. Өңірі қайта тү­леп, өмірі гүл жайнаған тәуелсіз еліміз айдай әлемді аузына қаратып, төрткүл дүниені таң­­дандырды. Бүгінде азат еліміздің атағы алты құрылықты таңдай қақтырып, там­сан­дырған абат елге айналып, жаһандық қа­уіп­сіз­діктің алтын белдеуі атанып отыр. Дербестік қолға тиген соң тау қырандай дүр сілкініп, қияндарға көз тіккен туған елі­міздің абыройы жыл асқан сайын асқақтап, қазақ аты дүйім дүниеге кеңінен тарап, тез та­нылып келеді. Жемісі мен жеңісі жөнінен ға­сырға татырлық әр жылымыз бізді жаңа биік­терге көтереді. Бұл ретте, яғни эко­но­ми­ка мен мәдениетімізді өркендетіп, еліміздің атақ-даңқын аспандату жөнінен биылғы жыл­дың орны мүлдем бөлек. Қазақстанның өсіп-өркендеу қарқыны қашанғысынан да қарышты, сенімді де серпінді бола түсті. Кеден одағына мүше болып, Еуропалық эко­но­микалық кеңістікке қадам бастық. Жылдың алғашқы тоғыз айында ғана жан басына шаққандағы ішкі өнімдер 8 пайыздай өсіп, өнеркәсіп өндірісі 10 пайыздан астам артты. 150-ден астам жаңа жоба жүзеге асы­ры­лып, соншалық жаңа кәсіпорындар ашыл­ды. Былайынша, әрбір екі-үш күнде елімізді өркендеген индустриялы мемлекеттер са­на­тына қосуға септесетін бір іргелі кәсіпорын іске қосылып отырды. Мұны мың сан жаңа жұ­мыс орындарының ашылуы ғана емес, қа­зақ даласынан «Қазақстанда жасалды» деген зерлі таңбамен сапасы жақсы жаңа бұ­йым­дар жер-жерге, ел-елге тарайды деп ұққан жөн. Жалпы, жаңа ғасырдың өткен он жы­лында жан басына шаққандағы жалпы өнім жеті еседен астам өсіп, 8000 доллардан асты. Осы мерзімде зейнетақы көлемі алты еседен астам өсіп, жалақының өсуі де соған қа­рай­лас болды. Тұрғын үй қоры 30 миллион шар­шы метрдей ұлғайып, 330 мың отбасы жаңа пә­терлерге көшті. Тұрмыстың түзелуі тұрғындардың әл-ау­қатын ғана арттырып қоймай, өсіп-өнуіне де игі әсер ететіні бесенеден белгілі. Осы он­жыл­дықта бала туу бір жарым есе артып, ха­лық саны 1,5 миллион адаммен толықты. Ха­лық­қа білім беру мен денсаулық сақтауға жұм­салатын қаржы сегіз еседен астам өсіп, жеті жүзден аса мектептер мен денсаулық сақтау нысандары салынды. Биыл Астанада әлемдегі ең үздік ғылыми-ағарту орта­лық­та­ры­ның үлгісіндегі жаңа жоғары оқу орны – Назарбаев Университеті ашылды. Енді зәру ма­мандықтарды игеру үшін жастарымыз шетелдерді шарламай, қажет білімі мен білігін өзімізде алып, халық шаруашылығының сан-саласын өркендетуге осында оқып-ақ бірден атсалысып кетеді. Мұндай толағай табыстарға қай жылда да, жай жылда да қол жетуі әбден мүмкін. Ал барыс жылының беделін биіктетіп, туын асқақтатып, түндігін көтеріп тұрған ең басты оқиға – Астана Саммиті. Әлемдегі ең беделді ұйымның бас жиыны Қазақстанның елорда­сын­да өтуі қазақ халқының аты мен затын жер-жаһанға танытты. Былайша алғанда, бұ­дан жиырма жыл бұрын қазақтың жаңа елордасы – Астана «Хельсинки рухының» бір деген белді мұрагері болады деген ой еш­кім­нің де қаперіне кіріп шықпас еді ғой. Тұғыры берік, байрағы биік тәуелсіздіктің ар­қасында талай жұрт қол жеткізе алмай келген бұл мақсатқа да жеттік. Асылы, ұлы мақ­сатты алдына ұлық халық қана қоя алса керек! Мақсатының ұлылығы, мұратының ізгілігі, талаптылығы мен табандылығы қазақты да ұлы халыққа айналдырды. – Қазақ «Елу жылда ел жаңа» дейді. Біз жиыр­ма жылға жетер-жетпес уақытта жүз жылға бергісіз жолды артқа қалдырдық. Астанада 56 елдің басшылары мен халық­ара­лық беделді ұйым өкілдерінің басын қосқан Сам­мит соның айшықты айғағы, – деді Тә­уел­сіздік күніне арналған салтанатта Ел­ба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаев. – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ке­лелі кеңесі еліміз ғана емес, әлем жұрт­шы­лығы үшін де елеулі оқиға болды. Сөйтіп, қазақ қазақ болғалы жетпеген биігіне, көрмеген мәртебесіне енді ғана қол жет­кізді. Тек осы көңілі ортаймай, қуанышы ұзағынан сүйіндірсін де. Айдарынан жел ескен атақты ұйымға төрағалық еткен осынау бір жылдың аясында Қазақстан өзі белгілеген іс-қимыл бағдарламасын толығымен ор­ын­дады. Ұйымның Еуразиялық векторы белгіленіп, қос құрлықтағы қауіпсіздік беки түсетін болды. Бір сөзбен айтқанда, Астана Сам­миті Қазақ елінің жұлдызы жарқырап, айы оңынан туған ең мерейлі сәті болды деген абзал. Әсіресе, оның кемел ойлас­ты­ры­лып, қылаусыз ұйымдастырылуы алыс-жа­қын елдердің бәрін таң-тамаша қалдырып, ау­зының суын құртты. Келелі кеңеске келген мәртебелі меймандар да, оның жұмысын көр­сетуге жан-жақтан жиналған журналистер де таңданысын жасыра алған жоқ. Кө­бі­не-көп олар сайын қырда еңсе көтеріп, санаулы жылдардың ішінде-ақ әлемдегі ең әсем шаһарлармен иық теңестірген елор­да­мыз­ға таңғалып, халқымыздың кеңқолтық қонақ­жайлығына риза болды. Елбасы­мыз­дың басқару шеберлігі мен қиуадан қиыс­тырар тапқырлығына бас иді. Өз аузынан жырып, асының нәрлісін, тағамының дәм­дісін келім-кетімді меймандарына сақтап, қонақ күтуде алдына жан салмайтын қазекем бұл жолы да өз биігінен көрінді. Сайып келгенде, Қазақстанның халық­ара­лық қауіпсіздік ұйымына он екі ай бойы ой­дағыдай төрағалық етуі, құрылым қыз­ме­ті­нің шыңы саналатын Саммиттің сәтті өтуі, Ұлт Көшбасшысы атанған Елбасымыздың ерен еңбегінің, кемел көрегендігінің, тіпті ке­меңгерлігінің жемісі екені сөзсіз. Бір есептен, Барыс жылын өз жұртын барыс шығар биіктерге батыл бастап келе жатқан көз ашып көрген тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев жылы десе де болатын сияқты. Себебі, биыл оның Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы (Ұлт Көшбасшысы) деген ата­ғы, біріншіден, заңмен бекітілді; екіншіден, ол кемел ойы кемеріне толып жетіп піскен шағы жетпіс жасқа толды; үшіншіден, әлем­дік деңгейдегі ең беделді қайрат­кер­лер­дің алдыңғы легіндегі саусақпен санарлық тұлғалардың бірі екенін кеше дүниенің төрт бұрышынан Астанамызға атбасын бұрып, ұлы жиынға қатысқан жетпістен астам елдің өкіл­дері түгел мойындады; төртіншіден, осы­дан бір апта ғана бұрын адамзат өрке­ние­ті­нің алтын бесігі – Алтай өңірінен тағы бір бастама көтеріліп, Елбасының президенттік өкі­леттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде келелі жиын өткізіліп, Қа­зақстан Республикасының азаматтарына Үндеу қабылданды. Елбасымыздың мәртебе-мерейін өсіріп, абы­рой-беделін асқақтата түскен Өскемен­де­гі бұл жиынға еліміздің он алты өңірінен 850 адам қатысты. Олардың арасында көрнекті қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен жазу­шы­лар, Парламент депутаттары болды. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік универ­си­те­ті­нің ректоры, профессор Ерлан Сыдықов бас­таған ынталы топтың бастамасымен жиынға келіп, өз ойын ортаға салғандардың пікірі бір-ақ арнаға тоғысты. Ол – Елбасына ерекше сенім көрсетіп, оның өкілеттігін ұзар­та­тын референдум өткізу керек деген бір­ауыз­ды байлам. – Елбасының Президент сайлауына түсу ниеті бар екенін естігенде өз ойымды айтып, сай­лаудың орнына бүкілхалықтық референдум өткізген абзал деп, оның тиімді жақ­та­рын туралы баяндаған едім,– деді өз сөзінде за­манымыздың заңғар жыршысы, әлемге танымал ақын – Олжас Сүлейменов. Оның бір пара себептері бар. Елбасының биік беделі, дүниежүзіндегі қазіргі мәртебесі қандай сай­лау болса да сөзсіз жеңіп, жеңімпаз ата­на­ты­нын айтпай-ақ айғақтап тұр. Демек, рефе­рен­думның тиімді жақтары жетіп жатыр. Мәселен, шағын ғана мемлекет Сингапурды алайық. Ол елдің президенті отыз жыл бойы халықты іскерлікпен басқарып, экономи­ка­сын әлемде бірінші орынға шығарды. Тіпті мықты деген Еуропа елдері қаржы дағ­да­ры­сы тұсында экономикасы шайқалып, күйзе­ліс­ке ұшыраған жоқ па. Мен Елбасымызға сенемін. Халықты әлі де ұзақ жылдар іскер­лік­пен басқара береді деген сенімдемін. Яғни, референдум өткізу жөніндегі ұсыныс­ты толық қуаттаймын. Осы орайда ел Үкіметін табан аудармай он бес жыл ойдағыдай басқарған абзал аға­мыз, абыз өмірден аңыз өмірге аттан­ға­нына жыл да толмаған Бәйкен Әшімовтің көзі тірісінде Сауытбек Абдрахмановқа берген сұхбаты еске түседі. Елбасымыздың ел кө­шін бір белестен бір белеске биіктетіп, абы­роймен алып бара жатқанын, оның бергені көп, берері одан да көп екенін атай келіп: «Елдің тізгіні Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баев­тың қолында барынша ұзақ болуы үшін қолда бар мүмкіндіктердің бәрін де жаса­уы­мыз керек», деген еді ақылман қария. Міне, сол мүмкіндік енді табылып, бүкіл­ха­лықтық референдум өткізу жөнінде ұсы­ныс түсті. Сайлау деп жұртты дүрліктіріп, жұ­мысынан алаңдатып, алашапқын қып, буда-буда қағаздар шығарғанша, осы дұрыс. Жо­ғарыда атап өтілген Үндеуде айқын ай­тыл­ғандай, бұл шешім біздің болашаққа деген сенімімізді нығайтып, халқымызды тұ­тас­тыра түседі. Ынтымақ-бірлігі жарасқан халқымыз қуатты Қазақстан жасау жолында Ел­басымен қашанда бірге. Жылымыздың мәртебесін өсіріп, жұр­ты­мыз­дың мерейін тасытып, мүшелтойлары ата­лып өткен тағы да екі тұлға туралы айтпай кетуге болмас. Олар – кезінде ұлыстың ұраны болған әулие Бекет ата мен жұл­дыз­сыз-ақ батыр атағын халқы берген жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлы. Көгілдір көктемнің орта шенінен бастап алтын күздің аяғына дейін Алаштың аруақты пірі Бекет атаның рухына ас беріліп, оның туғанына 260 жыл толуы кеңінен атап өтілді. Оң­түстік өңірінен арна тартқан той шеруі Алатау баурайына ауысып, одан әулиенің кіндік қаны тамған Атырау облысындағы, мүрдесі жатқан Маңғыстау түбегіндегі сал­та­натқа ұласып, соңғы нүктесі Шымкент қаласында өткен халықаралық ғылыми-тео­рия­лық конференцияда қойылды. Пір ба­ба­ның мерейтойын арнайы құттықтап, Ел­ба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Бекет ата ғиб­рат­ты ғұмыр кешкен, ел арасында әулие атан­ған тарихи тұлға екені аян. Ол хал­қы­мызға жалпы адамзаттық рухани құн­ды­лық­тар­ды таратып, ізгілік дәнін септі. Ұлы баб­ның мұрасы да, мұраты да елдің рухани өсіп, то­лысуына қызмет ете беретіні кәміл», деп атап өтті. Ал, Ұлы Отан соғысының қаһарман сар­да­ры, аты аңызға айналған баһадүр Бауыр­жан­ның тағдырына Елбасының тікелей қаты­сы бар. Кезінде белден басылған әді­лет­ті­лік­ті ол қайта қалпына келтіріп, аңыз ағамыз­дың қан майданды кешіп жүріп-ақ алатын Ке­ңес Одағының Батыры атағы мен генерал шенін қайтыс болғаннан кейін бергізді. Ор­тақ Отанымыздың жүрегі Мәскеуді неміс бас­қыншыларынан омырауын оққа тосып қор­ғап қалған Бауыржан Момышұлы бас­та­ған батырлардың ерлігі ел есінен ешқашан шықпақ емес. Баукеңнің туғанына 100 жыл толуын халқымыздың жыл бойы атап өтіп жат­қаны да сондықтан. Той батырдың туған жері Жуалыда басталып, бүкіл Қазақ еліне жайылды. Алматыдағы 28 панфиловшылар паркінде батырға арнап ескерткіш қойылды. Баяғыда, бұдан отыз жылдай бұрын атал­мыш бақта панфиловшыларға арнайы аллея ашылып, құлпытас ескерткіштер қо­йыл­ғанда: «Шіркін, осылардың маңдай тұсында жаужүрек қолбасшысы Баукеңнің құрыш мү­сіні тұрса ғой» деп армандаған едік. Сол арман енді ғана жүзеге асты. Елін сүйген ұлы болса, сыйлайтын жұрты, қадір тұтар халқы қа­шанда табылады ғой. Барыс жылы бұған кө­зімізді тағы да жеткізді. Қорыта келгенде, ұлылы-кішілі, айшықты да айтулы оқиғаларға толы болған Барыс жы­лына толған көңілімізді келесі жыл ортайта қоймас. Қазақ тарихында алдағы жы­л­ марапатынан машақаты, аялауынан ала­паты көп қиын жыл саналған. Алайда жүзі басқа болса да, жүрегі бір, тілі басқа бол­са да тілегі бір жүзден астам ұлт пен ұлыс­тың ұл-қыздарын шұғылалы бір ша­ңы­рақ­тың астына ұйыстырып, тату-тәтті өмір сүруі үшін бәрін жасап отырған Қазақ елінің қандай қиындықты болсын жеңіп, жаңа асуларды алып, қырандай қиянға көз тігетініне сенім кәміл. Сарбас АҚТАЕВ, жазушы.